Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят етілген хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у.): «Аллаһ Тағала былай дейді: «Уа, Адам баласы! Сен дүниеңді мен үшін жұмса, мен де сен үшін дүние берейін», – дейді».
Кейде жиған-терген дүниеміздің бәрін өзіміздікідей көріп, қайыр-садақа беруге, өзгеге игілік жасауға келгенде қалтамыздан бір тиын шығарғымыз келмей қалады. Бұл да бір дерт екен. Оның емі де – «менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі» деген сана қалыптастыруда жатыр.
Абай Құнанбайұлы: «Адам ғапыл дүниені дер менікі, менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі», – деу арқылы осыны меңзейді. Адам өзінің қолындағы дүниенің иесі басқа біреу екенін, Оның да байлығында шегі жоқ, асқан жомарт Аллаһ Тағала екенін біліп, осы санаға жеткенде ғана, сараңдық дертінен айыға алады. Жоғарыдағы хадис те біздерге дүние мүліктің нағыз иесі – Жаратушы Аллаһ Тағала екенін ұғындырып отыр.
Адам басты берушіні көрмегендіктен де «малды өз маңдай теріммен тапқаным үшін, оның толыққанды иесі өзіммін» деп есептейді. Әрі дүние-мүлікті де тек материалдық өлшеммен ғана бағалайды. Ал, оны еңбекке жарамды етіп жаратқанның, оған күш-қуат бергеннің, істің жүйесін табу үшін ақылдан мақұрым етпегеннің кім екенінде шаруасы жоқ. Әйтпесе, негізгі байлық осы еді. Адам осыны байлық деп көре білгенде материалдық байлыққа соншалықты сараңдық танытпас еді. Абай да қазаққа шынайы байлықтың материалдық байлықпен есептелмейтінін түсіндіріп бақты емес пе? Ол оныншы қара сөзінде: «Және мал тілейсіңдер, неге керек қылайын деп тілейсіңдер? Әуелі, Құдайдан тілеймісің? Тілейсің. Құдай берді, бергенін алмайсың. Құдай Тағала саған еңбек қылып мал табарлық қуат берді. Ол қуатты адал кәсіп қыларлық орынға жұмсаймысың? Жұмсамайсың. Ол қуатты орнын тауып сарып қыларды білерлік ғылым берді, оны оқымайсың. Ол ғылымды оқыса, ұғарлық ақыл берді, қайда жібергеніңді кім біледі?.. Ерінбей еңбек қылса, түңілмей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды? Оның саған керегі жоқ. Сенікі – біреуден қорқытып алсаң, біреуден жалынып алсаң, біреуден алдап алсаң болғаны, іздегенің – сол», – дейді. Қазақтың «бірінші байлық – денсаулық» деуінің мәнісі осы.
Демек, адам Абайдың осы екі санасына жеткенде ғана Аллаһ Тағаланың «жұмсаңдар, мен орнын толтырамын» деген сөзіне кәміл сенетін еді. Абдуллаһ бин Жағфардың (р.а.) басынан өткен мына бір оқиға қандай ғибратты десеңші…
Абдуллаһ бин Жағфар өте жомарт жанның бірі еді. Бір күні жолай кетіп бара жатып, бір құрма бақшасына бас сұғады. Бақшада қара нәсілді бір бала (құл) жұмыс істеп жүргенін көреді. Бір кезде әлгі баланың жанына сырттан бір ит келді. Бала қасындағы үш тоқаштың біреуін әлгі итке лақтырды. Ит тоқашты жеп алып, балаға тағы да құйрығын бұлғаңдатты. Бала қолындағы қалған екі тоқашты да иттің алдына тастады. Мұның бәрін байқап тұрған Абдуллаһ бин Жағфар:
– Ей, құл! Бір күнде қанша тоқаш беріледі саған? – деп сұрайды.
– Үш тоқаш, – деп жауап береді әлгі бала.
– Олай болса, тоқташтарыңның бәрін неге итке бердің? – деп сұрайды Абдуллаһ.
– Байқасам, ит бұл маңайдың иті емес. Қарны аштығынан менен бірдеңе дәметіп қасыма келді. Мен де азығымды оған бердім, – деді бала. Сонда Абдуллаһ:
– Сонда бүгін не талғажау етпекшісің? – деп сұрайды. Құл болса:
– Бүгін Аллаһ разылығы үшін ораза ұстаймын,–деп жауап береді. Баладан мұндай жауап естіген Абдуллаһ:
– Мынаған қара, құл мына жағдайына қарамастан жомарттық танытады. Жұрт мені жомарт дейді. Мына құл менен де жомарт қой, – дейді де, бақшаны да, құлды да иесінен сатып алып, құлды азат етіп, бақшаны соған тарту етеді.
Міне, құл үш-ақ тоқашпен бір бау-бақша мен өзінің азаттығын сатып алды. Бұл жерде тоқаш құнды емес, ниет құнды. Құл Аллаһ үшін бергендіктен, Аллаһ та оған еселеп берді. Демек, Аллаһ Тағала үшін болған ниеттерге Аллаһ Тағаланың уәдесі де хақ!
Сұлтан КЕРІМ