Омар (р.а.) түнде Мәдина көшелерін бақылап жүреді. Бір үйде өлең айтып жатқан ер кісінің дауысын естиді. Дуалдан асып, ішке түскенде, жанында бір әйел мен арақ ішіп отырған еркекті көреді. Оған:
– Әй, Алланың дұшпаны! Сен Аллаға қарсы күнә жасасам, Алла жасыра береді деп ойладың ба? – дейді. Әлгі еркек болса:
– Уа, мүміндердің әміршісі, сіз асықпаңыз. Егер мен бір нәрседе Аллаға қарсы күнә жасасам, сіз үш нәрседе Аллаға қарсы күнә жасадыңыз. Алла Тағала: «Тыңшылық жасап, аңдымаңдар» (Хужурат сүресі, 12-аят) деген. Сіз аңдып келіп отырсыз. Алла Тағала: «…Үйлерге арт жағынан кіру ізгілік емес..» (Бақара сүресі, 189-аят) деген. Сіз маған дуалдан асып келіп отырсыз. Алла Тағала: «Әй, иман келтіргендер, өз үйлеріңнен басқа үйге рұқсат алып, үй иелеріне сәлем бермейінше, кірмеңдер…» (Нұр сүресі, 27-аят) деген. Сіз менің үйіме рұқсатсыз, сәлем де бермей кірдіңіз», – дейді. Омар (р.а.):
– Мен сені кешірсем, сенен бір қайыр шыға ма? – деді. Ол:
– Иә. Аллаға ант етейін, егер мені кешірсеңіз, мұндай істі ешқашан қайталамаймын, уа, мүміндердің әміршісі, – дейді.
Омар (р.а.) оны кешіріп, ол жерден шығып кетіп қалады.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ