Сараңнан жақсылық жайлы, қорқақтан жорық хақында, ал жігіттен айттыратын қызың туралы ақыл сұрама.
Бұл сахаба Убайдуллаұлы Талханың (р.а.) сөзі. Кеңесіп пішкен тон келте болмас дегендей маңызды мәселеде үнемі ақылдасып шешім қабылдаған жөн. Сахаба айтары бар, белгілі деңгейде тәжірибелі адаммен ақылдасып, кеңесу қажеттігін үйретеді. Үш түрлі адамды мысал ретінде келтірген. Олар: сараң, қорқақ және бойдақ жігіт. Кісі тұрмақ өз бала-шағасынан да аяйтын сараңнан қайырымдылық жасауға қатысты ой бөлісіп, ақылдасудан береке таппайсың. Сол сияқты, су жүрек қорқақтан шайқасу жөнінде кеңесу ақылдының ісі емес. Ал, бойдақ жігіттен қыз жайлы сұрау тіпті дұрыс емес екенін айтып отыр.
«Бір кісінікі – мақұл, екі кісінікі – ақыл» демекші, кеңесу ақылдылықтың белгісі. Ақылшы дос, ниеттес ағайын, болмаса өмірлік тәжірибесі бар, өз ортасында ақылдылығы һәм парасаттылығымен танылған тұлғада ақыл сұраған жөн. Лұқман Хәкім баласына: «Өмір көргенмен кеңес. Ол саған өмірлік тәжірибесінен аса құнды дүниесін ұсынады. Ал, сен ол баға жетпес ақылды тегін аласың»,-деген екен.
Расында, өмірлік тәжірибе негізінде айтылған ақылдың бағасы жоғары. Ақыл-кеңес белгілі деңгейде бүгінгі таңда, арнайы ақыға сатып алынатыны да белгілі. Ірі компаниялар, ауқымды бизнес бағытында қарқынды дамуға үлесі жоқ тың идеялар мен жобалар қыруар қаражатқа бағаланады.
Хәкім данышпандардан қалған мынадай сөз бар: Кеңесумен адам өз ойына ақылды кісілердің ой-пікірін қосады әрі дана кісілердің ақылдарын бір арнаға жиған болады. Өйткені, кісінің өз ойы шалыс басуға алып келуі мүмкін, ал жеке ақылы қате бағдар беруі ықтимал».
Руслан ҚАМБАР