– Серікбай аға, Діни басқарманың бастамасымен өткен форумының маңызды тұсы – «Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы», «Имамның тұлғалық келбеті», «Дін қызметкерінің этикасы», «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» атты тәлімдік құжаттардың қабылдануы екені сөзсіз. Осы ретте аталмыш құжаттардың басты мақсатын айқындап берсеңіз?
– Діні мен дәстүрін сан ғасырдан бері сақтап, ана сүтін ақтап, мұсылманшылығы мығым болған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы сіз бен біздің руханиятымыздың бағдаршамы іспетті, негізгі құжатымыздың бірегейі – Қазақстан мұсылмандарының Тұғырнамасы. Ол 13 бөлім мен бірнеше бөлімшелер негізінде дайындалды. Негізгі діни ұстанымдар қатарына ең әуелі сенім мәселесін айқындадық. Мұсылманның Аллаға, Оның пайғамбарлары мен періштелеріне, кітаптарына деген сенімі қандай болу керек? Төл мәзһабымыз, дәстүрлі жолымыз Әбу Ханифа мәзһабына қатысты көзқарасы мен ұстанымы Тұғырнамамыздың бірінші бөлімінде нық айтылған.
– Негізгі құжаттың ел азаматтарына тигізер пайдасы қандай?
– Қазақ елі – зайырлы мемлекет. Біздің өзге елдерден ерекшелігіміз де, артықшылығымыз да осында деп ойлаймын. Зайырлы ел – дінсіз ел дегенді білдірмейді. Керісінше, азаматтардың діни сеніміне еркіндік беріледі. Бұл – ұлы нығмет. Осынау игілікке шүкір етіп, өзге де дін өкілдерінің сеніміне құрметпен қарау – мұсылмандығымыздың белгісі емес пе? «Ислам және зайырлы қоғам» деп аталатын екінші бөлім халқымызды тағаттылық жолын таңдауға, бірлігімізге бекем болуға үндейді. Сонымен қатар, Тұғырнамада отансүйгіштік, әскери борышты өтеу, ұлт құндылықтарын ұлықтау, салт-дәстүрлерді қадірлеу, білім мен ғылымды игеру, отбасы бірлігіне ұйытқы болу, күнәға жетелейтін істерден іргені аулақ салып, ел ішіне іріткі салатын теріс пиғылды ағымдардан сақтану сынды сауапты амалдарды атқару ұсынылды.
– Дәстүрлі бағытымызды айқындап берген құжаттың дайындалуына кімдер атсалысты? Қоғамның пікірі ескерілді ме?
– Жоғарыда айтқанымдай, бұл – Тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы үшін діні мен ділін, тіршілігін үйлестіріп, өмір сүруге, ешкімді алаламай, жалқы емес, жалпы жұртшылығымызға арналған тәлімі мен тағылымы мол толыққанды әмбебап құжат деуге болады. Тұғырнама ҚМДБ Ғұламалар Кеңесінің бірнеше рет талқылауынан өтіп, мақұлданды. Тәлімдік құжатымыз – теріс ағымдарға тойтарыс бере алатын, имани иммунитетімізді күшейтетін дәстүрлі бағдарымыз.
Бірлік – беделіміз бен қуатымызды арттыратын күш болса, алауыздық – берекемізді қашырып, әлсіздікке жол ашатын бүліктің бастауы. Тұғырнама біртұтас мұсылман үмбетінің бірлігін көздейді.
Шынайы мұсылманның өмірі имандылыққа, адамгершіліктің биік шыңына негізделуі тиіс. ҚМДБ Ғұламалар Кеңесі шынайы мұсылманның тұлғалық бейнесін айқындайтын тәлімдік құжатта мұсылманның дұрыс сенімде болуы, білім алуы, Отанын қорғауы, дінаралық келісімді сақтауы, қоғамға пайдасын тигізуі, ысырапқа жол бермей, еңбекқор болуы, тәні мен жан тазалығы, көркем мінезді болуы, отбасы құндылығы, т.б. жағдаяттардың қамтылуын қадағалады. Осы тәлімдік құжаттар мұсылман қауымының, жұртымыздың жүрер жолы, діни ұстанымы, бірлікке бастайтын жалпыға ортақ өмірлік қағидасы деуге болады.
– Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының бастамасымен қазіргі таңда имамдардың қоғамдағы рөлі айқындалып, жауапкершілік жүгі артқанын білеміз. Осы ретте бүгінгінің имамы қандай болу керек? Аумалы –төкпелі заманда дін қызмкеткеріне артылған жауапкершіліктің өлшемі қандай?
– Пайғамбарымыз Мұхаммедтен (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бастау алған, әділетті мұсылман әміршілері – Омар, Осман, Әбу Бәкірлер (р.а.) жалғастырған имамдық қызмет екі дүниенің абыройына бөлейтін сауапты да, жауапты қызмет. Діни қызмет кешегі көшпелі қазақ топырағында көрініс тапты.Құдайсыз қоғам құруды көксеген кешегі Кеңестік идеология кезеңінде халқымыздың рухани тұтастығын бір арнаға тоғыстырып, игілікке үндеген де осы дін қызметкерлері еді. Ел арасында «Ишан», «Молда», «Хазірет» деген атпен танылған діни тұлғаларымыз діни ағарту саласында да жетекші рөл атқарды, табанды еңбек етті.
Мешіт – рухани орда болса, сол құлшылық үйінің көркем мінезімен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетер, қоғамның рухани жетекшісі – имамдар екені сөзсіз. Имамдық қызметтің ұғымы кең, мазмұны терең. Ол отбасыдан бастап, бүкіл бұқараның ізгілік пен имандылық ұйытқысы.
Дегдарлық пен бекзаттылық үлгісі болған дәстүрлі исламды уағыздаған Марал Ишан, Науан Хазрет, Сәдуақас Ғылмани сынды діни қайраткерлеріміз дініміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты. Рухани тұлғаларымыздың бүгінгі жалғасы – осы отырған имамдарымыз бен ғалымдарымыз деп есептеймін.
Жаңа заманның имам-молдаларығаламтор, заманауи ақпарат алмасу және байланыс құралдарын жетік меңгеруі, шешендік өнер мен сөйлеу әдебін игеруі тиіс. Өзін жан-жақты дамытып, уағызды тарихымызбен сабақтастырып, салтымызбен ұштастырып, би-шешендеріміздің, ақын-жырауларымыздың салиқалы сөздерімен үйлестіріп айтуы қажет. Форумда қабылданған «Дін қызметкерінің этикасы» имам-молдаларға осынау талап-тілектердің үдесінен шығуды егжей-тегжейлі ескертеді. Нақты айтқанда, бұл құжат – әр мекеменің ар-намыс кодексі іспетті.
– Сөз соңында, оқырмандарымызға айтар қандай лебізіңіз бар?
– Алла Тағала халқымыздың, мұсылман үмбетінің бүгінгі берекесі мен бірлігіне сызат түсірмей, іргелі ел, жоралы жұртқа айналған мемлекетіміздің мәртебесін мәңгілік еткей. Елімізді дамудың даңғыл жолына бастаған Елбасымызға Алла жар болып, тәуелсіз Қазақстанымыздың тұғыры биік болсын! Мәңгілік елге ұмтылған ұлтымыздың қадамы құтты, дұғасы қабыл, иманы кәміл болғай!
– Рахмет!
Дайындаған Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ,
E-islam.kz