30 тамыз – мемлекетіміз бен еліміздің әрбір азаматы үшін елеулі күн. Бұл – баршаға ортақ айтулы мереке – Конституция күні. Әр азамат үшін өз елінің заңы, мемлекетінің нышаны мен рәміздері аса қасиетті де ардақты. Ата Заңымыз адамға жауапкершілік жүктеумен қатар, оның құқықтарын да қорғайды.
Исламда заң шығару, ел арасында билік етуді қазилық дейді. Бұл жауапты міндетті атқарушыны қази (би) деп аталған. «Әділқазы» деген сөз осыдан шыққан. Қазылықтың міндеті – ел арасындағы дау-дамайды шешу, төрелік ету. Қазы өз төрелігін Құран немесе хадиске сүйене отырып жасайды. Бұл қызметті ең бірінші болып басқаға табыстаған мұсылмандар әміршісі Омар бин Хаттаб (р.а.) еді. Ол Мадина қазиы етіп Әбу Дарданы, Басраға Шурайхты, Әбу Мұсаны Куфа қазилығына тағайындады. Сондай-ақ, халифа Әбу Мұсаға нұсқау хат жазды. Бұл кейіннен барлық қазиларға бағыт-бағдар беруші өсиетке айналды.
Хаттың мәтіні мынадай: «Қазылық айқын міндет, әрдайым жүгінетін заңдылық. Егер саған ұсынылса ұғып алып, айқындалса жүзеге асыр. Орындалмаған хақтың пайдасы жоқ.
Әділетсіздігіңнен бай-шонжар пайдаланып, әділдігіңнен жарлы-жақыбай үмітін үзбес үшін отырысыңда және жүзіңде адамдар арасында туралық таныт….
Кеше шығарған үкімің оны қайта ойланып дұрысы анықталған жағдайда (яғни кешегі үкімін қате екендігі белгілі болған кезде) ақиқатты айтуға кедергі болмауы керек.
Өйткені ақиқат айқын, оны ешнәрсе жоя алмайды. Ақиқатқа қайту бұрыс нәрседе қалудан қайырлы…».
Қазилық лауазымға пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жанында көп болған сахабалар сайланды. Бұл қазилар Алла Елшісінен (с.ғ.с.) тәлім тәрбие алған. Олар Алла мен Оның елшісі ұнатпайтын әрбір істен аулақ еді. Тіпті, олар сый-сияпат қабылдаудан да қашатын.
Қазилар өз міндетін атқаруда зұлымдық пен парақорлықты атымен білмейтін. Алла Тағала қасиетті Құранда: «…және адамдар арасына билік қылсаңдар, әділдікпен билік қылуларыңды әмір етеді…» («Ниса» сүресі, 58-аят) деген.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының I-бөлімі, Жалпы Ережелердің 1-бабында:
«Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары», – деп көрсетілген. Ата Заңда жазылған осы ұғымдардың ата дінімізде алар орны қандай? Соны салыстырып, таразылап көрейік.
Мұхаммед Ғазали (р.а.) «Фиқһу сира» кітабында ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қоштасу қажылығында айтқан мына сөздері бар:
«Уа, адамдар! Сендердің қандарың (жандарың), мал-мүліктерің Раббыларыңның құзырына барғанша (қияметке дейін) бір-біріңе (қол сұғуға), осы күннің құрметіндей, осы айдың құрметіндей, харам (тыйым) етілді. Сендер Раббыларыңмен кездесесіңдер, Ол амалдарыңның есеп-қисабын сұрайды».
Бұл – Алла Елшісінің (с.ғ.с.) мұсылман баласына, өз үмбетіне айтқан соңғы насихаты. Ата Заңда да адам және оның өмірі (ар-намысы т.б.) жайлы бірінші кезекте айтылып тұр. Дініміз де адам өмірін жоғары бағалайды. Бұған адамның өміріне немесе денсаулығына қауіп төнсе парыз амалдардан босатылатындығы, шарасыз жағдайда харам болған доңыз етін жеуге де рұқсат екендігі айғақ. Тіпті, жанын сақтау үшін тілімен «діннен бас тарттым» деген сияқты сөздерді айтуы күнә боп есептелінбейді. Мұның барлығы Исламның адам өмірін қаншалықты деңгейде қорғайтындығын білдіреді.
Ата Заңның 1-бабының алғашқы жолдарына назар аударсақ, онда: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады», – делінген.
Мұсылмандардың алғашқы халифасы Әбу Бәкір (р.а.) ел тізгінін қолына алған күні мінберге шығып Алла Тағалаға мадақ, пайғамбарға салауат айтқан соң:
«Ей, адамдар! Мен сендерге басшы болдым. Алайда, сендерден артық жерім жоқ. Егер бір жақсылық істеп жатсам, жәрдемшім болыңдар. Ал, жамандық істесем, мені түзетіңдер. Шындық – аманат, ал жалған – қиянат.
Сендердің әлсіздерің менің құзырымда күш-қайратты. Оның ақысын өзім алып беремін. Ал, сендердің күштілерің, менің құзырымда әлсіз. Одан жапа шеккеннің ақысын қайтарамын.
Сендердің ешбірің Алла жолындағы күресті тастамаңдар. Әйтпесе, ондай елді Алла Тағала қор етеді. Бір ел ішінде бұзықтық жайласа, оларға Алла Тағаланың пәлекеті жалпыға жаппай келеді.
Мен Алла Тағала мен Оның елшісіне итағат еткен амалда сендер де маған бойұсыныңдар. Ал, егер мен Алла Тағалаға бойұсынбасам, сендер де маған бағынбаңдар. Алла баршаңды рақым етсін, ал енді намазға тұрыңдар», – деген.
Міне, асыл дініміздегі нағыз демократиялық құқықтық ұстаным осы. Мұсылмандық шариғатымыз үшін адам құқығы, басшының халыққа, ал халықтың басшыға адалдығы деген ұғымдар қаншалықты қадірлі болса, мемлекетіміздің заңы да бұл ұғымды соншалықты қорғауда.
Ата Заң мәтінін оқыған және Ислам тарихынан хабардар адам, мұсылманның өз мемлекетінің заңына бағынуы және қастерлеуі міндет екенін ұғынары хақ.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) Әбу Һурайраға (р.а.):
«Саған қиын және жеңіл күндерде, жақсы және ауыр шақтарда және сенен басқа біреуді жоғары қойған жағдайда басшыға құлақ асып, оған бойұсынуың міндет», – деп өсиет айтқан екен.
Алла Елшісі (с.ғ.с.) заманында махзум руының бір әйелі ұрлық жасап, жазаға тартылмақ болғанда жұрт араша түсіп, қолын кеспеуге өтініш жасайды. Сонда Алла Елшісі (с.ғ.с.):
«Расында сендерден алдыңғы жұрттың құрдымға кетуіне себеп болған жайт: олар араларында ақсүйек біреу ұрлық жасаса тиіспейтін, ал әлсіз біреу ұрласа қолын кесетін. Уаллаһи, егер Мұхаммедтің қызы Фатима ұрлық жасаса, мен оның қолын кесемін», – деп қадап айтқан.
Омар (р.а.) халифаның заманы. Ғассанның соңғы патшасы Жабала бин Айһам шектен шығып, бір бәдауиді соққыға жығады. Жәбір шегуші халифаға арызданып барады. Ғассан әулетінің ұлығы құн төлемек еді. Алайда, халифа айыптыдан арызданушы есе алуымен жазалады. Сондықтан аймақ пен өлкеге тағайындалған әкімдер мен билеушілер мұсылман тұрмақ өзге дін өкіліне жәбір көрсетуден қорқатын. Өйткені, мұндай жағдай болған күнде, оның жазасын халифа дүйім жұрт алдында беретінін бек білетін. Себебі, заң адамдарды нәсіліне немесе дініне қарай бөліп қарамайды.
Бұған, мысал Омар (р.а.) арақ ішкені үшін өз ұлына дүре соқтырған. Тіпті, сол дүре ұру үстінде жан тәсілім еткен. Оның әкелік жұмсақтығы Алла заңын орындауға ешбір кедергі болмады. Жалпы айтқанда, олардың жүріс-тұрысы түгелдей Құран мен сүннетке сай болды. Олар бұл жолдан бір сүйем шамасындай да ауытқымады. Олар әрбір әрекетінде пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ізімен жүруге бар күш-қайратын салды.
Заң жалпыға бірдей. Заң ешкімді алаламайды және бөліп жармайды. Барлық адам: басшы да, қарапайым азамат та заң алдында тең құқылы және бір дәрежеде жауапты.
Мұсылмандар өз әмірлеріне бойұсынбауды діннен, шектен шығу деп білді. Бұл басшылар жағынан туындаған тәкаппарлық немесе өздерін жоғары санаудың салдары емес еді. Алла одан сақтасын. Керісінше, қоғамдағы ең елеусіз адамның мұң-мұқтажын тыңдап, шешімін тауып беруде халифалар пайғамбарымызды (с.ғ.с.) жоғары дәрежеде үлгі тұтқан тұлға болды.
Міне, бұл мұсылман баласының өз басшысына деген көзқарасы. Ал, басшылар өздерін қарапайым мұсылманнан жоғары санамаған. Мұсылман әміршілері халықтан оқшау өмір сүрмеді. Кез келген адам басшымен тілдесуге мүмкіндігі болды. Олар ел басқаруда ардақты пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатты ұқсайтын. Әбу Бәкір мен Омар түнделетіп халық арасындағы мұқтаж жандардың хал-жағдайын өз көздерімен көріп, оны шешетін. Ертеңгі күні Алла құзырында мойнында қарыз болмауын ойлайтын. Омар (р.а.): «Мұхаммедті ақиқатпен жіберген Алла атымен ант! Егер бір түйе фурат өзені жағасында жоғалып кетсе, оны Хаттаб әулетінен (өзін меңзеп) сұрайды ма деп қорқамын», – дейді екен.
Халифалар халыққа қаншалықты мейірімді болса, жазаға лайықты болғандарына да сол дәрежеде қатал болды. Жазаға лайықты адамның қоғамдағы беделі мен абыройына еш мән бермеді.
Әли бин Әбу Тәліп (р.а.) сауытының қиссасын еске алайықшы. Ардақты сахаба ол шақта ел билеуші халифа еді. Әли (р.а.) жоғалған сауытын бір яһудидің қолынан көріп, оны қайтарып алмақ болады. Яһуди «өзімдікі» деп мойындамайды. Екеуі қази Шурайхтың құзырына келеді. Мәселенің мән-жайын сұрап болған соң, қази: «Уа, мұсылмандар әміршісі! Сөзіңізді растайтын дәлеліңіз бар ма?» – деді. Халифа Әли (р.а.): «Иә, бұл сауыттың менікі екенін ұлым Хасан растайды», – дейді. Қази Шурайх: «Уа, әмірші! Баланың куәлігі әкеге жүрмейді», – деп айғағын қабылдамады.
– Уа, субхана Алла! Жәннаттық деп айтылған адамның куәсі қабыл етілмей ме?
– Уа, әмірші, ол ақыретте куәлігі жүреді, ал бұл дүнииеде баланың куәлігі әкеге жүрмейді.
– Дұрыс айтасың. Бұл сауыт – яһудидікі.
Осы оқиғаны өз көзімен көріп тұрған яһуди: «Бұл қалай? Мұсылман әміршісі мені қазиға алып келіп тұр, ал қази төрелігі әміршінің пайдасына емес, мен бұл діннің ақиқат екендігіне куәлік етемін. Мен Алладан басқа Құдайдың жоқтығына және Мұхаммед Оның елшісі екендігіне куәлік етемін», – деп иман келтіріпті. Содан кейін: «Уа, әмірші! Мынау сауыт сіздікі. Түнде көлігіңізден түсіп қалған», – депті.
Халифа ешбір күш қолданбай, қазыға шағымданды. Өз билігін пайдаланып, яһудидің сазайын берсе болар еді. Бірақ ол олай етпеді. Өйткені, ақиқат жолынан тайып, Алланың алдында күнә арқалаудан қорықты.
Алла Тағала жұртымызға тыныштық, елімізге амандық берсін! Ата Заңымызды ардақтаған бейбіт сүйер халқымыздың берекесі тасып, ырысы молайсын. Ынтымаққа ұйысқан бірлігі бекем елімізге татулық мәңгілік тұрақтасын деп тілейміз.
Серікбай қажы Ораз,
Наиб мүфти, «Әзірет сұлтан» мешітінің бас имамы