Алматыда Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында философия ғылымдарының докторы, профессор Серік Нұрмұратов өз зерттеулерінің нәтижесімен бөлісті.
Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры, профессор Серік Нұрмұратов Жошы ұлысы кезінде қазақ халқының рухани әлемі қалыптасты деген пікірде. Оның айтуынша, бұл заманда Жошы ұлысының құрамына кірген аймақта бейбітшілік орнап, халықтың руханияты өскен.
– Жошы ұлысы қазақ жерінен бөлек Шығыс Еуропаны, Ресей аумағын қамтыған. Түрік, татар, башқұр, орыс халықтары Алтын орданың қарамағына кірген. Оларға ортақ қандай философиялық ой болды десек, олардың барлығы этикалық мәселелерге бетбұрғанын байқадық. Осы кезде халық философиясы пайда болған және шығармалардың бәрі поэзия түрінде келген. Рабғузи, Сәйф Сараи сынды сол заманның ойшылдары адам болудың жолын іздеген. “Қоғамда үйлесімділік, бірлік болмаса болмайды, әйтпесе қоғам құриды” деген ойларды жеткізген. Осындай этикалық ұғымдар кейін қазақ философиясының негізін құрады. Қазіргі қазақ философиясы қандай десек, бұл – этикалық философия. Меніңше, Жошы кезеңінде қазақ халқы өзінің рухани әлемін қалыптастырды. Мақал-мәтелдер, махаббат жырлары, батырлар жыры сол кезде пайда болды. Яғни, рухани өсті. Өйткені соғыс бітіп, жағдай тынышталды. Бәрі орныққан кезде руханият өсе бастайды. Жошы кезеңі осымен ерекше. Сондай-ақ адал бол, әділ бол, табиғатты сыйла деген сынды этикалық ұғымдар өрбіді. Экологиялық мәдениет жоғары деңгейде болды. Аңшы өз керегінен артық өлтіретін болса, ол қоғаммен сыналатын болған, – деді Серік Нұрмұратов.
Сондай-ақ ол Жошы ұлысының мәдени мұрасы түркі халықтары мен адамзатқа ортақ екенін айтады.
– Біз Жүсіп Баласағұнға өзбек, ұйғырлармен таласпаймыз ғой. Әл-Фарабиді де түркі бабамыз деп ортақ айтамыз. Сол секілді Жошы ұлысының мәдени мұрасы бәрімізге ортақ. Нағыз ғалым болса, ол менікі-сенікіге салмайды. Бұл рухани адамзаттың құндылығы деп қарауы керек. Тек бір халыққа жақынырақ болса, оны айтуы керек. Мысалы, Менделеевті орыстың ғалымы, Ньютонды ағылшын дейміз. Бірақ олар адамзатқа ортақ тұлғалар. Абай да адамзатқа ортақ тұлға, – деді ғалым.
Философия орталығының директоры Жошы ұлысының тарихы мен сол заманның философиясын білудің маңыздылығы қандай екенін айтып өтті.
– Жошы ұлысын бүгінгі және келешек ұрпаққа насихаттаудың маңызы – біз тарихты шынайы және объективті білуіміз керек. Кез келген ұрпақ болған оқиғаларды сатылап, сабақтастығын түсінуі керек. Өйткені ештеңе өз өзінен бола салған жоқ. Оның негіздері мен құндылықтары бар. Сондықтан біз өткен тарихты да бүгінгі тарихты да жақсы білуіміз қажет, – деді Серік Нұрмұратов.