Сұрақ: Сенімдегі (ақида) имамымыз кім?
Жауап: Ақида – арабтың «ақдун», яғни түйіндеу, байлану деген мағынадағы сөзінен шыққан. Ол жүректі белгілі бір наным-сенімдерге бекіту, байлау дегенді білдіреді. Оның балама атауларын «иман», «таухид», «ақида», «усулуддин», «илмул кәлам» деп те атайды.
Ақида ілімінің қарастыратын басты мәселесі – Аллаға, періштелеріне, кітаптарына, елшілеріне, ақырет күніне және тағдырға, оның жақсылығы мен жамандығына иман келтіру.
VIII ғасырдан бастап көптеген елдер Ислам дінін қабылдады. Дәстүрлі Исламның негіздеріне толық үңілмей адасқан діни ағымдар сенім мәселесінде бүлік іздеп, Құран аяттарындағы мүтәшабиһ (мағынасы анық, ашық емес) аяттарды өз пайымдарымен Алланың аяқ, қол, бас, көзі, құлақтары, тілі секілді дене мүшелері т.б. бар деп бұрмалап, мұсылман жұртшылығының сенімдеріне күдік түсіре бастады.
Осындай уақытта әһлү-сүнна ғалымдарының бірі имам Әбу Мансұр Матуриди адасқан топтарға тосқауыл қойды. Оның толық есімі – Мұхаммед Әбу Мансұр Мұхаммед ибн Мұхаммед ибн Махмуд әл-Матуриди әс-Самарқанди. Самарқандағы көне Матурид ауылында 862 жылы дүниеге келген. Одан соңынан сенім мәселесінде дұрыс иммунитет қалыптастыру мақсатында дәстүрлі мектептер қалыптасты.
Икрам АЙТАЕВ