Аллаһ Тағала адам баласын ежелден ерекше құрметке ие етіп жаратқан. Осындай құрмет иесіне ендігі жерде тура жолдан таймас үшін адамдар арасынан таңдаулы елшілер жіберіліп отырған. Мұндай елшілердің негізгі мақсаты пенделерді жаратылыс заңдылықтарына бағындырып, шектен шықпай, қоғамда дұрыс өмір сүру салтын үйретіп, бір ғана Жаратушыға бойсұну керектігін алға тарту болатын. Осы тұрғыда Ислам дінінің орны ерекше. Исламның негізгі деген үш қағидасы бар. Ол: 1) Ақида – Аллаһтың барлығына иман келтіру секілді сенім негіздері. 2) Шариғат – өмір сүрудің негізгі ұстанымдары. 3) Ахлақ – қоршаған ортаға, өзге адамдарға, отбасына деген қарым-қатынас. Осындай ерекшелік христиан, иудаизм секілді кітап иелерінде де негізгі қағида болып саналады. Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарға дейін келген елшілердің негізгі ұстанымдары, мақсаттары бір болған. Бұған Аллаһтың: «Біз Аллаһқа, бізге түсірілген Құранға әрі Ибрахим, Исмайл, Исхақ, Яқұп және олардың ұрпақтарына Мұса, Исаға (пайғамбарларға) берілген нәрселерге сондай-ақ, Раббылары тарапынан өзге пайғамбарларға берілген нәрселерге иман келтіріп әрі олардың араларын айырмаймыз (бәріне де сенеміз), және біздер Аллаһқа ғана бой ұсынушымыз», деген аяты дәлел бола алады. Демек, барлық елшілердің қалдырған жолдары бір болса онда неге діндер арасында кикілжің толастар емес?, Расында Ислам діні өзге дін өкіліне қалай қарайды?, Тарихта мұсылмандар оларды қалай панасына алған? деген мәселелердің төңірегіне тоқталып кетелік.
Асыл дініміз ислам ешбір адамды дініне, нәсіліне, тіліне қарап бөлмейді. Аллаһ адамзат баласын түрлі ұлттар мен ұлыстарға бөліп жаратқандығының астарында бөлінушілік емес, керісінше танысу, татуласу, қоғамның ілгері дамуы үшін бір-бірімен ақылдаса отырып жұмыс жасау секілді мақсаттар жатыр. Сондықтан Ислам көзқарасында барлық адамзат тең. Бай мен кедейдің, үлкен мен кішінің, ер мен әйелдің арасындағы қарым қатынастың бұзылмайтынын бақылайтын негізгі жүйелерді біріктіруші кітап – Құран. Құран Кәрім өз кезегінде қазіргі таңда орын алып жатқан адамдардың арасындағы зұлымдықты, әділетсіздікті, қиянатшылықты жоюға қарсы тұратын иммунитет.
А.Алтынбекұлы