Сұрақ: Секта деген не?
Жауап: Секта – ілім, бағыт, ұйым деген мағынаны беретін сөз. Діни конфессиядан (дәстүрлі діндерден) бөлінген діни ұйым, топ немесе қауым. Секта азаматтарға өз пікірін таңып мақұлдату, зорлық-зомбылық көрсету, олардың еркінен тыс әрекетпен мүлкін тартып алу, тіпті кісі өміріне қауіп төндіру сияқты істерімен ерекшеленеді.
Ресейлік сектатанушы-ғалым Александр Дворкиннің «Сектаведение» атты еңбегінде көрсетілген тоталитарлық сектаның белгілерін былай деп тізбектеп береді:
– Арбаушылар сенің барлық сұрақтарыңа жауап беретіндей көрінеді. Бірақ бұл алғашқы алдамшы әсер ғана. Бұл топқа қосылсаң, өміріңе қиындық туғызатын үлкен проблемалар мен қайғы-қасірет күтіп тұр.
– Олар алғашқы кездесуден кейін-ақ сенің қоршаған ортаға қатысты шынайы көзқарастарыңды өзгертіп, өздерінің сектанттық ойлау жүйесін телуге әрекет жасайды.
– Топтың дүниетанымы тым қарапайым және кез келген мәселені түсіндіріп беретіндей көрінуі мүмкін. Бірақ бұл сені алдап-арбаудың әрекеті. Арада аз уақыт өткенде-ақ «жаңа» көзқарастарыңның сені тығырыққа тірегенін байқайсың.
– Топқа дәл сипаттама беру қиын. Соған қарамастан саған ешқандай ерік бермейді, ешнәрсені талқылауға және тексеруге рұқсат етпейді. Бәріне көрсоқырлықпен сенуге және дереу өздерінің орталықтарына баруға шақырады.
– Топтың өзіне ғана тән «ілімі» болады. Секта өкілдері дәстүрлі ғылым, дәстүрлі ойлау жүйесі мен ақыл-ойды жоққа шығарады.
– Бөгде адамдар тарапынан айтылған шынайы сынды қабылдамайды. Топтастарын өзгелердің сөздеріне назар аудармауға шақырады.
– Сектанттардың ойынша, әлем апатқа бет алған және оны құтқарудың жолын «біз ғана білеміз» деп есептейді. Негізінен қоғамды апатқа бастағысы келіп жүрген өздері екенін мойындамайды.
– Секта мүшелері өздерін «элита» деп есептейді. Басқаларды ауру немесе ақымақ санайды. Шын мәнінде, олардың өздері психикалық ауруға шалдыққан болуы әбден мүмкін.
– Олар сені тез арада топқа мүше етуге тырысады. Ол үшін сектанттар алдап-арбауға, басқа да лас әрекеттерге баруға дайын.
Икрам АЙТАЕВ