Сұрақ: ХХ ғасырдың ортасында «Халық жауы» атанып, саяси қуғын-сүргінге ұшырап құрбан болғандарды шейіт деуге бола ма?
Жауап: Сөзбе-сөз мағынасы куәгерлік, куәлік ету деген мағынаны білдіретін араб тіліндегі «шәһид» сөзі діни термин ретінде Алла жолында жан тәсілім еткен адам дегенді білдіреді. Қазақ тілінде бұл сөз «шейіт» түрінде қолданылады. Алла жолында жанын берген адамның сол сәтте жәннат нығметіне қауышатындығына Алла және періштелер куәлік етуіне байланысты осылай аталғандығын айтқан ғалымдар бар.
Құран Кәрімде елуден астам жерде бұл сөз «Алланың қалауына сай өмір сүрген кәміл адам, өнегелі адам, лидер» мағынасында (Бақара, 2/143; Хаж, 22/78) және Алла жолына жан тәсілім етіп, белгілі бір мәртебеге қол жеткізген адам (Ниса, 4/69; Зүмәр, 39/69; Хадид 57/19) қолданылған. Құрандағы таным бойынша шейіттер танымының ауқымы кең. Алланың дінін дәріптеу үшін еңбек етіп, қоғамдағы әділеттілікті сақтаған ғалымдар да (Әли Имран, 3/18) осы сипатқа кіретіндігін айтқан ғалымдар бар (Фахрәддин Рази, Мәфатихул-Ғайб, 5 т.277-бет).
Демек, жоғарыдағы аяттардан және көптеген хадистерден байқайтынымыз, ізгілік жолында, жаны үшін, діні үшін, мал-мүлкі үшін, суға тұншығып, босану үстінде, жұқпалы аурулардан, Алла жолында (бұл жерде мұсылманға отанын сақтау Алланың дінін дәріптеудің бірден-бір жолы саналады) қандай жағдайда болмасын жан-тәсілім еткен адамға шейіт болды деп айтамыз. Олай болса діні үшін, отаны үшін, мал-мүлкі, отбасы үшін қуғын-сүргінге ұшырап, сонда қайтыс болған боздақтарымыз да Алла алдында шейіт сауабына ие болар деп үміттенеміз.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы
Жауабыңыз үшін көп рахмет, Кеңшілік аға. Біраз көкейде жүрген сұраққа жауап бердіңіз