Сұрақ: Сауда жасауды неліктен «сүннет» деп атайды?
Жауап: Исламнан бұрын пайғамбар (с.ғ.с.) саудамен айналысқан еді. Сауда-саттықты жақсы білетін және оны қош көретін. Тіпті кейбір мұқтаж адамдарға «біреуден сұрағанша сауда жасап үйрен» деп сауданың қыр-сырын үйреткен. Сөйтіп кезінде қара су мен нанға зәру адамдар сауда үйреніп, қаланың дәулетті тұрғындарына айналған.
Ислам тарихында бұған мысалдар көп. Мәселен, бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) Куфалық сахаба Уруа әл-Бақириге 1 динар беріп, бір қой алып келуін қалайды. Уруа әуелі 1 динарға екі қой алады. Одан соң екі қойдың біреуін 1 динарға сатып, пайғамбарға 1 динар мен бір қой әкеліп береді. Пайғамбар (с.ғ.с.) Уруаның саудаға деген ептілігін көріп, қуанады. Уруаның мұндай пайдалы іс жасағаны үшін оны мақтап: «Алла сенің саудаңды берекелі етсін!», деп батасын береді. Кейінірек Куфаның Кунаса деген жеріне саудамен айналысуға кеткен Уруа мол пайдаға кенеліп, қаланың ең дәулетті адамдарына айналады.
Пайғамбар (с.ғ.с.) адалдық негізіне қаланған сауда-саттықты қолдаған. Алла Тағала «Нұр» сүресінің 37-аятында: «Өздерін сауда-саттық Алланың зікірінен, намазды орындаудан, зекет беруден тоспайтын адамдар бар. Олар, жүректер мен көздердің қозғалатын күнінен қорқады» аяты арқылы сауданың заңды екенін. Сонымен қатар саудамен бірге Құдай Тағаланың алдындағы міндеттерін де естен шығармау керек екенін ескертеді.
Жалғас САНДЫБАЕВ