Сұрақ: Сауда жасаған уақытта адамдарды алдап пайда көрмесем, қайтып байымақпын?
Жауап: Расында да кейбір адамдар сауда жасаған уақытта тұтынушыны алдау арқылы ғана пайда табуға болады деп есептейді. Сөйтіп сатып жатқан затының ерекшелігін ескере отырып, алдындағы тұтынушыны шебер алдаудың әдіс-тәсілдерін үйренеді: таразыдан жейді, заттың тәуірін үстіне қойып, нашарын астына жасырады және сол сияқты т.б. Бұлай ойлау қате пікір.
Сауда – жауапты іс. Алланың елшісі (с.ғ.с.) сахабаларға саудамен айналысып, пайда табуында қолдау көрсетсе де, ашкөздіктен аулақ болуларына кеңес берген:
«Бұл дүниенің мүлкі тартымды. Кім қанағатшыл болса, оның мүлкінде берекет болады. Ал кім оны ашкөздікпен және құмарлықпен алатын болса, онда берекет болмайды. Олар қанша ішіп-жесе де еш тоймайтын адамдар секілді. Беруші қол, алушыдан әрдайым жоғары тұрады» (Бұһари).
Пайғамбар мұсылман адамды дүниеқоңыздықтан тиып, қанағатшыл болуға шақырған. Қазақ «ынсап сайын береке» деп бекер айтпаса керек. Ынсапты, қанағатшыл адамның саудасы берекелі болады. Мысалы, пайғамбардың тәрбиесін көрген сахабала Зубайыр ибн Аууам. Ол жастайынан дінді қабылдаған және Бәдір, Ухуд секілді ғазауаттарға қатысқан сахаба. Зубайыр саудамен айналысатын дәулетті арабтардың бірі. Бір күні жолдастары одан:
– Ей, Зүбайр! Осынша байлыққа қалай ие болдың? – деп сұрайды.
– Сауда жасағанымда ешбір тұтынушыны құр алаған қайтармадым. (Яғни затым қымбат болып, тұтыгушының ақшасы жетпей қайтқан емес.) Сондай-ақ, сауданы тек пайда көру үшін жасамаймын. Сол үшін Алла да маған берекет береді – деп жауап қатқан (Ибн Абдулбар)
Алланың елшісі (с.ғ.с.) сада барысындағы адалдық пен берекет жайында да: «Алушы мен сатушы базардан шыққанға дейін ерікті. Егер екеуі де тауардың кемшілігі мен құнын жасырмай шынын айтса, саудалары өздеріне берекелі болмақ. Егер керісінше тауардың кемшілігін айтпай, құнын жасырып, өтірік сөйлесе, бәлкім пайда табар. Бірақ, сауданың берекесін жояды» – деп айтқан (Әбу Дәуіт)
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ