Сұрақ: Сауда-саттықтағы өтірік дегеніміз не?
Жауап: Жамандықтың жақсысы болмайды демекші, өтіріктің де жақсысы жоқ. Сұрақтан көрініп тұрғандай өтірік айтудың бұл түрі, сауда барысындағы қарым-қатынасқа байланысты. Бұл маңызды мәселелердің бірі, адам қайда болмасын базарға барады, дүкенге соғады әйтеуір сауда жасамай тұра алмайды. Бұл өмірлік қажеттілік. Пенде болған соң сатушы да өзінің саудасынан көп пайда табуды көздейді сөйтіп, тұтынушыларды алдап, дін ислам рұқсат бермейтін амал жасап қоюы әбден мүмкін.
Сонымен, сауда-саттықтағы өтірік дегеніміз, егер сатушы затының кемшілігін тұтынушыдан жасырып, оны сатуы үшін немесе сатқан малынан екі есе пайда көру мақсатында «Ант етейін!» немесе «Осыдан өтірік айтсам, Құдай ұрсын!» деген сияқты т.б. жалған ант суын ішсе, онда өтіріктің бұл түрі сауда-саттыққа қатысты болмақ. Алланың елшісі (с.ғ.с.):
«Өтірік қасам ішу – сатқалы жатқан малдың пайдасын арттырады, адал кәсіпті жояды», – деп айтқан. (Бұхари, Мүслим)
Келесі хадисте «Күйзелтуші азапқа душар болатын үш адам бар. Алла оларға қиямет күні сөз қатпайды, оларды күнәларынан тазартпайды және оларға назарын да салмайды», – деп айтады. Сонда Әбу Зар:
– Олар сәтсіздікке ұрынып, қасыретте қалсын. О, Алланың елшісі! Олар кімдер?! – деп дауыстайды.
Пайғамбар (с.ғ.с.):
– Өтірік ант суын ішетін қайырымдылық жасаушы адам және өтірік ант суын ішіп малын сатушы – деп жауап береді. (Мүслим)
Әрине, өтірік алдап, қыруар пайда табуға болады, бірақ, сол тапқан табыстың берекесі бар ма? Адау жолымен тапқан ақша қалай тез келсе, дәл солай тез жаратылып кетеді. Себебі, оның берекесі болмайды бірақ, мойында сол ақшаның есебі қалады. Өтірік айтып пайда тапқан адам, үйде де өтірік сөйлеуге көшеді, жұбайына, балалары мен бауырларына өтірік сөйлеуге әдеттенеді. Себебі, өтірік сөйлеп жеңіл «абырой» жинауға, көптеген нәрселердің жауапкершілігінен құтылуға болады.
Шындықты айтып, түсіндіріп, терлеп ақталып жатқаннан гөрі, өтірік айта салу әлде қайда жеңіл. Адамның нәпсісі жеңілге, рахат нәрсеге жақын тұрады. Міне, осындай уақытта өтірік айту тіпті жеңіл келеді. Бірақ, мұсылман адам әр нәрсенің есебі бар екенін естен шығармауы керек. Зат алып жатқан адам да тауарды тегін алып жатқан жоқ, ол оны өзінің маңдай терін төгіп тапқан таза ақшаға сатып алып жатыр. Сондықтан да оның бұл тауар турасында шындықты білуге ақысы бар. Ислам әрбір қоғам мүшесінің құқығын қорғайтын дін.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
“Өтірік өрге баспайды” деп бабаларымыз бекер айтпаған ғой.
Зат сатуда да әділ болу керек дегенді оқыған едім.