Кез келген қоғамды алып қарайтын болсақ, сол қоғамда өзара қарым-қатынасты реттеуші факторлар негізінде рухани құндылық, ұлтқа деген жанашырлық және тәрбие мен білімнің алатын орны ерекше. Кез келген салада сауатты болу әрбір қоғам үшін маңызды. Осы орайда діни сауаттылықтың қаншалықты маңыздылығына тоқтағанды жөн көрдік.
Еліміз бүгінгі таңда көп ұлтты және бірнеше конфессияаралық келісімдерді ұстана отырып өзара қарым-қатынасын айқындауда. Десек те, дін қоғам үшін қасиетті болғанымен, оның атын жамылған теріс ағымдардың қасіретінің де бар екенін ұмытпаған абзал. Діни сауатсыздық – түрлі жат ағымдарға және олардың құрығына оп-оңай түсіре кететін бір жол іспетті. Жоғарыда көрсетілгендей, сауатты болудың негізгі қадамдарына тәрбие мен білімді жатқызамыз. Қазақ халқы «Ел болам десең, бесігіңді түзе» демекші, әуелгі тәрбие жас ұрпақтан басталады. Себебі білімді ұрпақ – ұлттың болашағы. Діннің қасиетін күйзеліске түсіріп жүрген түрлі радикалды ағымдардың басты мақсаты да жас ұрпақтың санасын улаудан бастау алуда. Ақпараттық технологиялар дамыған заманда білім аламын деп ғаламторды ұстаз етіп жүрген жастар аз емес.
Алыстағыны жақындатып, жанымыздағыны ұзақтатып жіберетін бұл ғаламтор қазіргі қоғам үшін жылдам ақпарат пен білім алудың көзі болып отыр. Алаңдататын мәселе де осы «ғаламтордан діни сауатымды арттыруға мүмкіндігім жетерлік» дейтіндердің көптігі. Осы көпшіліктің арасында жастардың теріс ағымға түсуі әп-сәтте. Балаларымыз бен жақындарымыздың діни сауатты болуын қадағалау әрбіріміз үшін аса маңызды. Себебі баланың сауатты болуын уайымдайтын болсақ, әуелі ата-ана ретінде өзіміз қаншалықты сауаттымыз деген сұраққа мән бергеніміз жөн.
Қазіргі таңда діни сауаттылық тек жастар үшін маңызды деп ойлау да қателік. Отбасыдағы бала өз ата-анасынан, оқушы өзінің ұстазынан, жастар үлкен аға буындардан қарай отырып тәрбие алатындықтан «діни сауаттылық» барлығымыз үшін маңызы ортақ болуы тиіс. Білім алу сауаттылыққа бастар жол екені мәлім. Алайда қалай және қайдан білім алып жүргенімізге назар аударуымыз қажет. Осы орайда біздің текті бабаларымыз керемет өсиеттерін біздерге мирас қылып қалдырған. Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім. Адамшылықты тез жүргізу үшін көп ой керек, ойлау үшін оқу керек…», деген. Хәкім Абай атамыз: «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге. Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», дей отырып білім алудың маңыздылығын ескеруде. Ахмет Иүгінеки бабамыз да өз шығармаларында: «Білімді бір тең келер мың кісіге, білімге сай пайдалы өзге не бар?», деп білімді болудың маңыздылығын көркем сөзбен жеткізуде.
Мінеки, еліміздің болашағы – білімді де сауатты жастардың көп болуымен өлшенбек. Ал, сол жастарға біз болып, сіз болып, қоғам болып лайықты дәрежеде тәрбие бере білсек, ертеңіміздің жарқын болуына үлес қосқан боламыз.
Олжас НАРЫМБЕТОВ,
Қызылорда облысының «Дін мәселелерін зерттеу орталығының» аға маманы, теолог-әлеуметтанушы