Хасан әл-Басри бір жолы өзінің үш шәкіртіне: «Пәленше деген адамға барып көмек беріңдер, ол кісі менен жәрдем сұрады. Жолда Бишр Хафиге де айтыңдар, ол да барсын» деп тапсырады.
Шәкірттер ұстаз алдынан шыққан соң, Бишр Хафидың үйіне барады. Үйіндегілер оның мешітте екенін айтады. Олар мешітке барса, ол иғтикафта (мешітте оңашалу) екен.
Бишр Хафи: «Мен иғтикафтамын, соған ниет еттім» деп жауап береді.
Шәкірттер ұстаздың алдына қайта барып: «Ұстаз, Бишр Хафи иғтикафта екен. Біз өзіміз бара берейік пе?» деп сұрайды.
Сонда Хасан әл-Басри: «Жоқ, барып Бишрге адамдарға жасалған көмектің сауабы нәпіл құлшылықтан артық деп айтыңдар» дейді.
Шәкірттер ұстаздың алдынан шығып, мешітке барып Бишр Хафиге ұстаздың сөзін жеткізеді.
Мәтінде: «Бишр Хафи дереу иғтикафтан шығып, олармен бірге ұстаз айтқан адамға көмек беруге барды» деп келеді.
Қарасаңыздар, адамдарды қуанту, оларға жәрдемші болу – нәпіл ғибадаттан да ұлық сауап екен.
Алла баршамызға сауапты амалды көп жасауға нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА