Ұлттық ұлан сарбазы суға батып бара жатқан спортшыны құтқарды. 21 шілде күні елордадағы студенттік саябақта қоғамдық тәртіпті бақылап жүрген Ұлттық ұланға қарасты 5573 әскери бөлімінің әскери жасағы суға тұншығып, көмекке шақырған баланы байқаған.
Әскери жасақ бастығы, қатардағы жауынгер Әлібек Ноғаев бұл туралы радиостанция көмегімен патрульдік топтың бастығына хабар беріп, кейін өзі киімін шешіп, суға секірген.
Белгілі болғандай, 12 жастағы бала ескек есу бойынша жаттығу кезінде жел екпінінен каноэсі аударылып, суға бата бастаған. Жауынгердің батыл және жылдам әрекеті оны ажалдан аман алып қалды.
Әскери жасақтың барлық құрамы елордалық жедел бригада командирінің алғысына бөленді.