Атырау облысындағы Сарайшық қалашығының орнынан ноғай-қазақ кезеңіндегі монша табылды.
Сарайшық» музей-қорығының бас инспекторы, археолог Айбек Тұрарұлының айтуынша, бұл – тарихи қалашықтың орнынан табылған екінші монша.
«Сарайшық қалашығының орнынан табылып жатқан олжа көп. Мәселен, 2005 жылы Жайық өзенінің жарқабағынан моншаның жарты бөлігі сақталған орны табылды. Ал, жақында екінші моншаны тауып отырмыз. Екі моншаның бір-біріне ұқсастығы бар. Бұл – халыққа арналған қоғамдық мақсаттағы емес, тұрғындардың өз отбасына арнап салған жеке меншіктегі монша», – дейді Айбек Тұрарұлы.
Археологтың айтуына қарағанда, Алтын Орданың гүлденген дәуірінде қоғамдық моншалар кең тараған. Кейінен бірнеше бөлікке ыдыраған кезде қоғамдық моншалар қызметі тоқтап қалған.
«Сол себептен, әр ауқатты отбасы осындай шағын моншаны салған болар деп ойлаймыз. Биыл табылған моншаны ноғай-қазақ кезеңіне сәйкес келеді деп есептейміз», -деп түсіндірді Айбек Тұрарұлы.
Оның дерегіне қарағанда, монша үш бөліктен тұрады. Киім шешетін, жуынатын бөлмелер, пеш орнатылған бөлігі бар.
«Киім шешетін бөлменің еденіне қыш кірпіштер төселіп, ақ алебастрдан сылақ жағылған. Жуынатын бөлменің еденінде де қыш кірпіштер болған. Кірпіштердің жиегін ақ алебастр ерітіндісімен бекіткен. Ал, еденнің шетінен қабырғаға тігінен орналасқан қыш кірпіштер қаланған. Еден ортасында суағар салынған. Суағар шұңқырының қабырғасына қыш кірпіштер өрілген. Киім шешетін бөлменің батыс жағында, жуынатын бөлменің солтүстік жағында пеш орны анықталды», -дейді археолог.
Қайнар көзі:
inform.kz