Оны шіркеуден жалығып кетті деуге болмайды. Ислам жайлы білетіні де көп емес еді және дінді мұсылман жігітке тұрмысқа шығу үшін қабылдаған жоқ. Сонда не жағдай болды? Ол университетте түріктің студент қыздарымен танысқан кезде, Исламды жақынырақ білгісі келген.
«Исламды зерттеуіме түрткі болған ең басты нәрсе – мен Түркия мен Ислам жайында ештеңе білмейтінмін, олардың сенімдерінен бейхабар едім, сол үшін өзімді ыңғайсыз сезіндім. Ең болмаса, ғаламтордан қарап көру керек деп ойладым».
Алайда Сара, дипломдық жұмысын қорғауға дайындалғанда тек Google-да іздеумен ғана шектеліп қоймай, әдебиет баспаларында сипатталған мұсылман әйелдері жайында жазуды ұйғарды.
«Менімен бірге екі мұсылман қыз оқыды. Олар хиджаб киетін. Сол кезде мен олардан қорқатынмын. Сыныбымыздың артқы жағында отырып: «Мұсылман дегендер нағыз мыналар», – деп ойлайтынмын. Сабақта дін жайында пікірталас басталғанда, олар өз сенімдері жайында өте әдемі баяндап берді. Сол кезде мені олардың Құдайды қалай қабылдайтындары қызықтырды».
Оған бұл дін ұнап қалды еді. Бірақ, дінге келуіне не түрткі болды?
«Бір күні мен өткеніме көз тастап, бұдан былай христиан емес екенімді түсіндім, – дейді Сара. – “Иса Құдайдың ұлы” дегенге қашан сенуден қалғаным есімде жоқ. Бірақ, қандай сезімде болғаным есімде. Өзімнің жеке тұлғамда, сенімімде күдік пайда болды. Ал, оған дейін бәріне толықтай сенімді болатынмын».
Бәрі Исаға келіп тірелді. Ол енді Исаның Құдай екеніне сенбейтін болса, өзінің бұдан былай христиан емес екенін түсінді.
Ол дінді қабылдағаннан кейін жаңсақ шешім қабылдадым деген ойға қалған жоқ па?
Мен: “Мұным дұрыс емес, мен нағыз жалға жолға түстім» деп ойлағанның өзінде де Құдайдың рақымында шек жоқ екенін сеземін және үмітімді үзбеймін… Құдай адамдарды назарынан тыс қалдырады деп ойламаймын. Біреулер: «Сен жамансың. Құдай сені жақсы көрмейді», – деп жатады ғой. Ал, менің түсінуімше, Құдай бәрімізді жақсы көріп, бәрін қамтиды… Құранда: «Білімдерің жоқ жерде шешім шығаруға асықпаңдар. Бәлкім, оның Құдайға ұнайтын тұсы бар шығар» деген сөз көп кездеседі емес пе?
Бір діннен бас тартып, екінші дінді қабылдаған адамдардың бәрі Сара сияқты жақындарының түсіністігіне ие бола бермейді. Отбасы оны толықтай қолдады, ол христиан достарымен қарым-қатынасын сақтап қалды. Ал, оның ата-анасы болса, өздерінің сенімін Сараның сенімімен байланыстырудың амалын іздеуге тырысады.
Сара христиандық тәрбиеден алған өнегесін, оның ішінде Исаның өмірі жайлы білімін әлі де жоғары бағалайды. Ол кей мұсылмандардың Иса жайлы мәліметтерді ықылассыз оқитынын байқағанын айтады, себебі оларда “Исаны христиандар тартып алған” деген пікір қалыптасып қалған.
Қазір ол 26 жаста, Италияның Болонье қаласында мұғалім болып жұмыс істейді. Сара әр түрлі дін өкілдерін жақындастыруға мақсатталған жоба – «Рамадан» дінаралық блогты жүргізеді. Онда адамдар өздерінің өмірлеріндегі діннің орны жайында пікір бөліседі.
Ораза айында, көптеген мұсылмандар таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіткенде, Сара өз дінінің тәжірибелік тұстарын ерекше байқады: киіну, намаз, оразаның тәртібі.
Христиан дінінде де, ислам дінінде де ғибадат пен оразадан рухани сабақ алуға болады. Ислами құлшылық жасап жүрген мұсылман қыз Сара бұрын ғибадат жасамағанына өкінеді.
«Мен христиан болған кезде, анда-санда ғибадат жасайтынмын. Бірақ, әдетте қандай да бір қиындыққа тап болсам ғана ғибадат қылып, бәрі жақсы кезде құлшылық жасамайтынмын… Қазір мен күніне бес рет құлшылық жасайтындықтан, өте жұмысбасты болып, қолым тимей жатса да, намаздың уақытында барлық шаруаны тоқтата тұруым керек. Біздің құлшылығымыз белгілі бір физикалық қимылдармен байланысты. Іштей ғана ғибадат жасап қоя салуға болмайды, физикалық қозғалыс қажет: иіліп, рукуғқа бару, сәждеге бару».
Алғашында хиджаб кию сияқты, ораза ұстау да оған ессіздік болып көрінген.
«Мен алғаш ораза ұстаған кезде, тек оның не екенін байқап көру үшін ұстадым. Ол кезде мұсылман емес едім. Тамақ пен судан бас тартудың адамның ақыл-ойына, рухани жан дүниесіне әсері таң қаларлық», – дейді ол.
«Ораза ұстаған кезде, бір стақан суды іше салуға тежеу болатын бірден-бір нәрсе – бұл адамның сенімі. Мәселен, ораза кезінде маған пиццерияның маңынан өту оңайға соқпайды. Бірақ, егер өз-өзіңді түгелдей оқшауламасаң, сеніміңді қалай сынауға болады?… Христиан болған кезімде, өзімді осылай сынап көргім келер еді», – деп жалғастырды ол.
Бір жыл бұрын, Сара, ойлары бір жерден шығатын әр түрлі дін өкілдерінің бас қосатын жері болар деген үмітпен блог ашқан болатын.
Христиан дінінің жағымды естеліктері және өзге діндерді үйренуге деген қызығушылықтың әсерімен, Сара дін аралық диалогтың күшіне сенеді. Ол әр түрлі дін өкілдерінің бір-біріне берер пайдасы көп деген ойда.
Бір католик монах әйелдің блогта жазған пікірі оған үлкен әсер қалдырды:
«Ол да өзінің күніне бес рет ғибадат жасайтынын жазыпты. «Адам құлшылық жасағанда, күнделікті күйбең тірліктен арылып, оның қиындықтарынан Құдайдың әлдеқайда маңызды екенін есіне түсіреді. Ғибадаттың мәні де сонда», – деп жазыпты. Бұл маған үлкен жігер берді».
Бірақ, Сараның өзге діндерге ашықтығын бәрі қолдай бермейді. Бірде ол Твиттерде бір уақытта екі адаммен сөйлесті. Ол екеуі бір-біріне мүлде қарама-қайшы екі түрлі көзқарас білдірді:
«Олардың бірі: «Сен – мұсылмансың, Тозаққа барасың», – деп жазса, екіншісі: «Сен нашар мұсылмансың, өйткені, басқа дін өкілдерімен доссың», – деді. Бұған менің күлкім келді. Біреуі үшін мен «дінге шектен тыс берілген мұсылман» болсам, екіншісі үшін «дінге салғырт қарайтын мұсылман» екенмін.
Ол: “Күндердің күнінде адамдар маған да исламофобиялық көзқараспен қарайды”- деп ойлады ма? «Ұлыбританияда кейбіреулердің айтқан сөздерінен өзімді ыңғайсыз сезінген кездерім болған. Бірақ, ол исламофобия емес еді», – дейді ол.
«Алайда, ғаламторда мен мұндайды жиі кездестіремін. Кейбіреулер «Келген жеріңе қайт» немесе «Сен – лаңкессің» деп жатады. Бірақ, бұл өзгелердің бастарынан өткізген қиындықтарымен салыстырғанда түк те емес».
Желідегі және жеке адамның Исламға деген мұндай қарым-қатынасын жаңалықтардағы мұсылмандар жайында репортаждар одан сайын ушықтырып жатқаны сөзсіз. БАҚ-тың Ислам жайындағы пікірі көңіл қуантарлықтай емес.
«Меніңше, адамдар Құранның бейбіт жолдауын біле тұра елемей, оны өз мақсаттарына пайдаланады. Бұл өте өкінішті… Құранның күрделі тұстары көп. Оларды тарихи мағынасында қабылдамасаң, әбден шатасуың мүмкін. Бірақ, бәрін түгелдей оқысаң, жолдаудың тұнып тұрған рақым екенін аңғарасың».