Сапар айында үйленуге болмайды, мұндай неке сәтсіздікке ұшырайды деген қаншалықты рас? Дінде мұның жауабы қалай?
Хижра жыл санауы бойынша екінші ай болып саналатын Сапар айында (биыл Қазан айына түседі) жасалған ізгі істердің сәтсіздікке ұшырау сенімі исламнан бұрынғы дәуірге тән. Ислам дінін келмей тұрғанда арабтар бұл айды сәтсіздік айы деп атайтын. Тіпті бұл айда умра (кіші қажылық) жасау үлкен күнә болып саналатын еді. Ислам келгеннен кейін бұл ұстаным жоққа шығарылды. Себебі қандай да бір сәтсіздік уақыт талғамайтыны белгілі. Пайғамбарымыз: «Исламда сәтсіз санау жоқ, жақсылыққа жору бар!» (Бұхари, Тыбб, 54), екінші бір хадисте: «Бір нәрседе сәтсіздік жоқ, Сапар айында да сәтсіздік жоқ, байғыздың шақыруында да сәтсіздік жоқ» (Мүслим, Сәлем, 102) деген болатын.
Халықтың арасында көптеген ырымдар бар. Бірақ ырым жасау әркімнің түсінігі мен сеніміне қатысты жүзеге асып жататыны да өтірік емес. Қазіргі тілмен айтқанда өзін соған сендіреді. Нәтижесі де сенгеніндей болып шығады. Сондықтан, барлық ырымдарды көңілге алып, солай қабылдай беруге болмайды.
Кеңшілік ТЫШХАН
дінтанушы, ф.ғ.к.