Кеше әлеуметтік желіден жақсы бір пост оқыдым. Әлгі постта: «Кезінде аналарымыз балаларын емізерде Алланың есімін атап, «бисмилләһ» деуші еді. Сосын баласының аузына емшегін тосарда «балам елін қорғар батыр болсын, жұртына пайдасы тиер ғалым болсын, қоғамға еңбегі сіңер тұлға болсын» деп ниет ететін. Соның нәтижесінде біздің ата-бабаларымыз мықты әрі текті болған. Қазіргінің келіншектері балаларын тек ұйықтап қалсын деген ниетпен емізеді. Міне, сол себепті үмбетіміздің көпшілігі ұйқыда!» – делінген екен.
Ащы да болса, шындық. Балаға мінез ананың сүтімен даритыны ақиқат. Сүт баланың бойына азық ретінде ғана бармайды, сонымен қатар ананың барлық халі осы сүтпен дариды. Сол себепті мұсылман әйелдер баласын дәретпен, Алланы зікір етіп, Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтып, жақсы дұға тілектерін тілге келтіріп емізуі тиіс.
Құнанбайдай ұлды туып, Абайдай немерені баққан Зере анамыз да: «Мен Құнанбайды бір күн дәретсіз емізіп көргем жоқ және омырауымды тазалап жумай, «бісіміллә» айтпай емізген мезгілім болған жоқ», – дейді екен. Мұны Құнанбайдың шөбересі, Шәкәрімнің баласы Ахат Шәкәрімұлы өзінің естелігінде жазады.
Осындай тазалықтан елін шариғатпен басқарып, халқының ғылым-біліміне зор үлес қосқан әрі қарадан хан болған Құнанбай дүниеге келген.
Қазақ баланы емізуде ғана емес, сондай-ақ баланы дүниеге әкелуде де асқан діндарлық танытқан. Орта жүз Арғын руында Едіге деген би өткен екен. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы өзінің жазбаларында Едіге би жайлы былай дейді: «Едіге би өмір бойы шарт жүгініп отырады екен. Малдас құрып отыруды, жантайып жатуды білмейді екен, басын жастыққа тигізбейді екен. Түн қараңғы, түндік жабулы болса, төрдің алдына құбылаға қарап отырады екен. Қатынына дауам бейсенбіден жұмаға қараған түнде құсша шағылысады екен. Жұмысы біткен соң суға шомылып алып, төр алдында құбылаға қарап, шарт жүгінген отырысынан жазбайды екен». Сол Едіге би бәйбішесімен жақындасар болса, «Қатын, дәреттенші!» дейді екен. «…Ол сөзінің мәнісі – жұмысқа кірісерде қатынын суға шомылдырып алып, сонан соң қимылдағанды бастайды екен». Міне, осындай әдеп пен тазалықтың себебінен Едіге бидің ұрпақтары өсіп-өніп, елге мәшһүр тұлғалар болады. Сол ұрпақтарының бірі – Шоң би болса, енді бірі – Торайғыр.
Міне, осындай тазалық пен діндарлықтан туған қазақ та ірі болды, текті болды, діндар болды. Ал бүгінде бұған мән беріп жатқан ешкім жоқ. Соған сай ұрпақ та сапасыз. Ешдеше ұрпақтың сапасын арттыру үшін осы екі мәселені жақсылап ескеруіміз керек.
Сұлтан КЕРІМ