Алдымызда келе жатқан Құрбан айтты қалай атап өткен дұрыс және қандай амалдар істеу керектігі туралы наиб мүфти және Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісі Сансызбай Құрбанұлы айтып берді.
– Сансызбай аға, алдымызда келе жатқан Құрбан айт мерекесін қалай тойлауға болады?
– Мұсылмандар үшін екі ұлы мейрам бар олар – Құрбан айт пен Ораза айт. Құрбан айт мейрамында мұсылман баласы Алланы ұлықтап, ең әдемі киімдерін киіп айт намазына қатысып, тума-туыстарын осы ұлық мерекемен құттықтап дұға-тілектерін жаудыру қажет. Шамасы келсе, Алла Тағаланың бұйырған құрбанын шалып, мұқтаж жандарға таратуға асығу керек. Айт намазынан кейін отбасына, туыстарына тәттілер, сыйлықтар сыйлап айттық беріп ұлы мерекені сезіндіргені дұрыс болады және көршіден бастап ағайын туыстың үйіне барып айттап көтеріңкі көңіл-күймен айтты тойлау дұрыс болады. Айт күндері балаларды қыдыртып, ойнатып келер жылғы мерекені асыға күтетіндей етіп қуаныш сыйлау әрбір ата-ананың міндеті.
– Құрбандықты кімдерге шалу міндетті болып есептеледі?
– Ханафи мәзһабы бойынша (құрбан айт күндері) құрбандық шалуға шамасы келген дәулетті (қажетінен тыс зекеттің нисап мөлшеріне жеткен), азат, балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс, құрбан айт уақытында жолаушы болмаған мұсылманға уәжіп болады.
– Құрбандықты қай уақытта шалған дұрыс?
– Құрбандық шалудың белгілі уақыты бар. Құрбандықты одан бұрын немесе кейін шалуға болмайды. Құрбандықты айттың бірінші күні айт намазынан кейін бастап, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін күндіз және түнде шалуға болады. Алайда құрбандықты түнде шалу мәкруһ. Бірақ айттың бірінші күнінде шалу абзал.
Егер құрбандық уақытынан бұрын шалынса, құрбандыққа есептелмейді. Ол жай өз отбасы үшін сойылған мал болады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын. Ал кім шалмаған болса, Алланың есімімен бауыздасын» , – делінген.
Ал уақыты өтіп кеткеннен кейін шалынса, онда етін жемей садақа етіп жібереді. Егер құрбан шалудың уақыты өтіп мал бауыздалмаса, онда кедей болса сатып алған малын тірідей садақа етеді. Ал дәулетті кісі малды сатып алса да, алмаса да оның құнына тең ақшаны садақа етіп береді.
-Сансызбай Құрбанұлы, құрбандық қалай шалынады?
– Құрбандық малды шалып жатқанда мына нәрсеге мән беру керек:
1) Жануардың кеңірдек, өңеш, және мойындағы негізгі күретамырлары кесілуіне; Егер жануарлардың жаны осы айтылған әдістермен шықпаса жеуге болмайды. Сол секілді шариғат адал еткен малды немесе құсты шариғатпен үйлеспейтін мысалы, тұншықтырып және тоқпен ұрып өлтіру секілді әдіспен бауыздалса, ол етті жеу арам болып салынады.
2) Жаны толық шықпайынша басын денесінен бөлмеуіне;
3) Малды қинамай, азаптамай бауыздауына; Сол үшін малды қинамай, тез соятын қасапшы болуы тиіс.
4) Малдың көзінше пышақ қайрамауына; Сойып жатқан адам малды бауыздамай жатып алдын ала пышақты өткірлеп қою – мұстаһаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айтады:
«Егер малды сойсаңдар, дұрыстап сойыңдар. Алдын ала пышақты қайраңдар, жануарды қинамаңдар» , –деген.
5) Малдың жаны бойынан толық шығып болғанға дейін оның терісін сыпырмауына;
6) Малды екінші бір малдың көзінше соймауына;
7) Қоршаған ортаны сақтау үшін қажетті шараларды қолға алуына мән берген дұрыс.
– Құрбандыққа шалуға болатын мал? Және қандай мал жарамайды?
– Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандыққа шалынатын мал төрт түлік (қой, ешкі, сиыр, түйе секілді) малдар болу керек.
Алла Тағала Құранда былай дейді:
«Һәм Біз әрбір үмбетке өздеріне ризық етіп берген түлік малдары арқылы Алланың есімін естеріне алулары үшін құрбандық орнын жасадық» . (Хаж сүресі 34 аят)
Ибн Кәсир: «Олар: түйе, сиыр, қой» , – деп түсіндірді. Имам Кәсәни: «Бұл малдардың еркектері де, ұрғашылары да, тартырылғаны да, тарттырылмағаны да бірдей құрбандыққа жарамды. Ешкі қойдың ішіне, енеке (жамус) сиырдың құрамына жатады» , – дейді.
Жабайы сиыр, жабайы есек (зебра), елік, тауық, үйрек, қаз, түйетауық секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамайды.
– Құрбандыққа шалынған малдың етін қалай таратқан дұрыс?
– Құрбан шалушы еттің барлығын жеуіне немесе сақтап қоюына болады. Дәулетті адам жағдайы жақсы болса да тәбаррук мақсатында ол еттен жеуі мустаһаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
«Егер сендердің біреулерің құрбандық шалса, оның етінен жесін» , – деген.
Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген:
«Құрбандық шалған адамның құрбандығынан әрбір адам жесін» .
Жағдайы орташа адамдар үштен бір бөлігін өздері алып, үштен бірін мұқтаждарға садақаға таратып, ал тағы үштен бірін (туыстарына, дос-жарандарына, көрші-қолаңдарына) таратуы мандуб іс. Алла Тағала Қасиетті Құранда былай деген:
«Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі пақыр-міскіндерді тамақтандырыңдар».
Себебі бұл күні дәулеттісі де кедейі де Алланың қонағы болып саналады. Сондықтан Алла үшін сойған құрбандығын жейді, таратады және садақа етеді.
Құрбандық шалған адам аса дәулетті болмаса және жанұясында адам саны көп болса, онда құрбандықтың етін түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Әл-Кәсани: «Етті өзінің бала-шағасына қалдырып, оларға жұмсағаны жақсырақ. Өйткені оның және отбасының қажеттілігі басқа адамдардың қажеттілігінен жоғарғы орында тұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бірінші өзіңнен баста, кейін басқаға бер» деген.
– Пайдалы ақпарат бергеніңізге рахмет!
Әңгімелескен – Балжан ӘБДІРАШ