Интернет кеңістігінде «Ислам білім-ғылымға қарсы», «Дін – апиын», «Дін қараңғылыққа бастайды» деген сынды ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі сенімімізге дақ түсіретін, имандылық жолын негізсіз айыптайтын ақпараттар кең таралып жүр. Бұрын исламофобиялық құбылыстар көбіне шетелден келсе, қазір өз ішімізден көрініс беріп жатыр. Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі, наиб мүфти Сансызбай ШОҚАНОВТЫ әңгімеге тартып, дін секілді нәзік салада талас-тартыс тудырып жүрген келеңсіздіктердің себеп-салдарын талқыға салдық.
– Сансызбай Құрбанұлы, исламофобиялық көріністер бұрын қазақ қоғамында көп байқала бермейтін. Бірақ соңғы уақытта кең өріс алып бара жатыр. Мұның себебі неде деп ойлайсыз?
– Исламофобия – бүкіл әлемдік деңгейдегі үрдіс. Біздің ел де әлемнің бір бөлігі болғандықтан, дінімізге қайшы ақпараттар интернетте жиі көрініс беріп жүр. Өткенге көз жүгіртсек, исламофобиялық көңіл күйді ислам тарихының әр кезеңінен кездестіруге болады. Мұндай құбылыстарға әр ғасырдағы ислам ғалымдары жауап қатып отырған. Сол жазбаларға үңілгенде бұл үрдістің әртүрлі тарихи оқиғалармен тікелей байланысты өріс алатынын байқаймыз. Мысалы, Ислам дінінің пайда болуы мен таралуы кезеңіне, оның кәрі құрлыққа таралуына қатысты, исламға қарсы крест жорықтары кезінде, батыс пен шығыс қарым-қатынасы барысында, ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ислам әлемін отарлау саясаты, мұсылман халықтарының отаршылдыққа қарсы күресі, т.б оқиғалар негізінде белең алған. Ислам дінін дұшпандық пен зорлық-зомбылықтың көзі ретінде сипаттау Еуропаның орта ғасырлық тоқырау кезеңінде ғана емес, тіпті қайта өрлеу (Ренессанс) дәуірінде де кейбір философтар еңбегінде көрініс тапты.
– Ал бүгінгі исламофобиялық құбылыстың өріс алуын қандай оқиғамен байланыстыруға болады?
– Исламға және мұсылмандарға деген өшпенділік пен жек көрушіліктің заманауи үрдістері 2001 жылдың 11 қыркүйегіндегі АҚШ-та орын алған лаңкестік шабуылдан кейін белең алып, көп өтпей Еуропада аса қарқынмен таралды. Себебі сол арқылы Батыс жұртының тарихи санасында сақталған исламофобиялық пиғыл қайта жаңғырған еді. Еуропада мұсылман тұрғындардың артуы, босқындар мен қоныс аударушылар мәселесі ислам дініне, мұсылмандарға қарсы көзқарастың таралуына алып келді. Бұл құбылыс бастау алғалы бері исламға жабылған жалған жалалар мен айыптауларға дін ғалымдары үздіксіз жауап беріп келеді. Алайда теріс қитұрқы пікірлерді таратушылар толастаған емес.
– Мұндай келеңсіздіктің етек жаюына дін атын жамылған деструктивті діни топтардың да үлес қосқанын ескеруіміз керек сияқты.
– Қазіргі исламофобия өкілдерін зерттеушілер «Исламофобияны насихаттаушы топтар» және «Исламофобияны ұсынушы топтар (ислам атын жамылған радикалды бағыттар)» деп екіге бөліп қарастырады. Исламофобияны насихаттаушы топтарға исламға қарсы ұйымдасқан, арнайы жоспарлары бар, исламды және мұсылмандарды жеккөрінішті етіп көрсету үшін жаңа идеяларды, арнайы әдістемелерді таратуға үлес қосатын адамдар жатады. Ал исламофобияны ұсынушы топтарға оның пайда болуына ықпал ететін және мұсылмандарға тікелей немесе жанама түрде зиян келтіретін псевдоисламдық, радикалды бағыттағы топтар мен өздерінің діни сауатсыздығы себебінен қоғамда теріс пікір насихаттаушы діни ағымдар жатады.
Исламофобияның бұл екінші бағыты, өзіңіз айтып отырғандай, дінге қарсы ақпараттарды насихаттауға тырыспайды, алайда өздерінің діни танымының таяздығы мен теріс нанымдары, теріс әрекеттері мен жағымсыз мінез-құлқы арқылы исламды жеккөрінішті етіп көрсетіп жүр. Біздің елде әлеуметтік желіде отырып алып түрлі теріс пікір жазатындарды солардың қатарына қосуға болады. Бұл екі бағыт құстың қос қанаты секілді. Қоғамда келеңсіздік тудырушы екі топты бірінен бірін ажырату да кейде қиын.
– Демек, діни экстремизмнің таралуына да исламофобиялық ақпараттардың үлесі бар деп санайсыз ғой?
– Исламофобия – діни экстремизм мен терроризмнің қозғаушы күші. Әлемді шарлаған антиисламдық оқиғаларға назар сала отырып, мұсылмандар мен өзге қауымдардың бірге өмір сүруіне кедергі келтіруді қалайтын, бейбітшілік пен қоғамның бірлігіне қауіп төндіретін исламофобия үрдісін терроризм мен зұлымдықтың өзегі болды дей аламыз. Исламофобия мен терроризм екеуі де деструктивті идеялар негізінде қалыптасатынын ескерсек, олар үнемі өзара тығыз байланыста. Исламофобия әрекеттері неғұрлым аз болса, діни экстремизм идеялары да соғұрлым азаяды.
Демек, исламофобия тек мұсылман азаматтарының өміріне ғана қауіп төндіріп қоймайды, қоғамдық тұрақтылыққа қатер төндіріп, әділдік, теңдік және бостандық қағидаларына да теріс әсер етеді. Бұл – адамзат қоғамының ғасырлар бойы дамып келе жатқан жетістіктері мен болашағына бағытталған қауіпті үрдіс.
Сөзімізге дәлел ретінде 2015 жылы Франциядағы «Charlie Hebdo» саяси сатиралық журналында Мұхаммед пайғамбарды (с.ғ.с.) мазақ қылған карикатуралық суреттердің жарыққа шығуы террорлық ұйымдар тарапынан діни экстремистік әрекеттің орын алуына әкеліп соққанын, Мьянма еліндегі мұсылман жұртына қатысты шектеулердің соңы 2017 жылдың 25 тамызында қанды оқиғаларға алып келгенін және Жаңа Зеландиядағы 2019 жылы 15 наурыздағы лаңкестік шабуылдарды келтіре аламыз.
– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан негізсіз исламофобиялық ақпараттарға қарсы қандай жұмыстар мен шаралар қолға алынып жатыр?
– Елімізде исламға күйе жағатын құбылыстардың таралуына азаматтарымыздың діни сауатының төмен болуы себеп болып отыр. Оған қоса кеңестік кезеңдегі дінге қарсы жүргізілген саясаттың әсері әлі де бар. Сонымен қатар қоғамдық талас-тартысқа үлес қосушылардың құқықтық сауатының төмен болуын да келеңсіздіктердің бірі ретінде айтуға болады. Шын мәнінде өзгенің діни сенімін қорлау – заңды бұзушылық.
Мүфтият тарапынан қоғамдық тұрақтылықты сақтау, конфессияаралық келісім мен дінаралық татулықты өркендету бағытында көптеген жұмыс жүргізіліп жатыр. Дін қызметкерлерінің ең басты міндеті – қоғамның бірлігін нығайтуға еңбек ету. Алайда исламофобия барша қоғамға төнген дерт болғандықтан, мұндай қауіппен құзырлы мемлекеттік орындар, қоғам өкілдері болып күресу керек деп санаймын. Ислам дінін тілдеу, жала жабу, Құран аяттарын бұрмалап ақпарат тарату, Мұхаммед пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қатысты өте ауыр сөздер айту, дініміздің құлшылық түрлерін мазақ ету, тарихи оқиғаларды бұрмалап көрсету сынды ақпараттарға мүмкіндігінше дер кезінде жауап беріп, шындықтың салтанат құруына атсалысу – әрбір азаматтың міндеті. Мұндай оқиғалар дінаралық жанжалдарға ұласып, қоғам тұрақтылығын бұзуға алып келетіндіктен заң аясында уақытылы баға берілуі керек.
Сонымен бірге исламофобиялық құбылыстардың саяси сипат алу көріністері де байқалады. Бұл тіптен қауіпті құбылыс. Қоғам өкілдері арасын жікке бөлу, өшпенділік отын тұтату көптеген елдердің шаңырағын шайқаған түрлі-түсті төңкерістің негізгі элементтері саналады. Интернетте мұндай қауіпті ақпараттарды бақылауға алу мемлекет қауіпсіздігі мен қоғам тұрақтылығының кепілі болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ