Асыл дініміздің қағидасы бойынша ең ауыр, тәубе жасалмаса кешірілмейтін күнә – Алла Тағалаға серік қосу. Қасиетті Құранда айтылғандай, бұл – ең үлкен зұлымдық, яғни адам баласының өзіне жасайтын ең үлкен зұлымдығы.
Аллаға серік қосу дегеніміз – бүкіл әлемнің Жалғыз Жаратушысынан басқа бір нәрсеге құдірет ретінде табынып, одан жарылқау күту, бір нәрсе демету; Құдайға ғана лайық болған қадір-құрметті басқа бір нәрсеге арнау. Бұл дегеніңіз –
1-ден: Өмір ақиқатын жоққа шығарған Өтірік, Ұлы Жаратушыға деген құрметсіздіктің шегі;
2-ден: сол жалған танымның ішіне қамалған ғапыл ғұмыр, «тірі өлік» күй;
3-ден: «Тәңірінің орынбасары» деген асқақ мәртебесі бар Адам баласының өзін-өзі төмендетуі, қорлауы!
Салыстыра айтсақ, 1-ге мысал: Асыл анаңның махаббатын бағаламау, сайқалды «сүйіп» қалу; әкең тұрғанда, көршінің 10 жасар баласына жағдай айту;
2-ге мысал: кәйіпқұмарлықты «өмір мәні» деп ұғынып, наша үшін қарындасын сатқан сорлының әрекеті;
3-ге мысал: алпамса жігіттің тышқаннан қорқуы…
Кезінде жаңсақ сенім негізінде қиялымен жасап алған жалған құдайсымақтарының бейнесіне, ағаш пен тасқа айналдырған мүсіндерге, қолдан жасалған материалды пұттарға сыйынған адамдар қазір ондай қарабайыр надандықтан аулақ. Бірақ, азғырушының айласы – мол, ғапылдардың қатары да – жетерлік. Қазір жасырын пұттар пайда болған: білім-ғылымы дамыған, алайда ілімнен мақұрым, даналыққа жете алмаған пенделер – санадағы пұттардың құлы.
Тарқатып көрсек: қызық-құмарлығына (кәйіпке) құлдар, атаққа құлдар, байлыққа құлдар, мәнсапқа құлдар, технологияға құлдар, күш-қуатқа (энергияға) құлдар, «өнерге» құлдар, «ғылымға» құлдар, идеяға құлдар, тұлғаға құлдар, арақ пен нашаға құлдар, көңіл күйіне (настроениесіне) құлдар, бір сөзбен айтқанда – Нәпсісіне құлдар, тіпті сайтанға саналы түрде құл болғандар бар. Сау ақылмен сараптасаңыз: аталған дүниелердің барлығы – Адамның шынайы болмысына, ғажап қасиеттеріне (Махаббат, Парасат, Ар-Ұят, Намыс, Жігер, Абырой…) кереғар, шын мәнінде адам баласын қор қылатын құнсыз «құндылықтар».
Құдайын танып, «Аллаға ғана құл болу» мақамына (дәрежесіне) жеткен адам, Құранда «қараңғылықтар» деп аталған, бұл қорлықтардан құтылады. Құдайға құл болу – ең асыл құндылықтарды қастерлеу, асқақ иделдарды сақтау, рухани даму, өсу, толығу; пенделіктен Адамдыққа көтерілу.
Құдайға ғана құл болған адам – нәпсі құмарлықтарына үстем, дүние-байлыққа қожа, атақ-даңқтан биік, құбылмалы көңіл-күйіне еге, суық ақылына сарапшы, ыстық қайратына қожайын, түйіндей айтқанда: Нәпсісі мен пенделігіне тоқтам сала алатын, оларды басқара алатын, рухымен үндес Ерге айналады! Яғни, шын мәніндегі Азат жанға айналады!..
Құдайға ғана құл болу – қасиетті кітаптарда (Құранда) айтылған қағидаттарды мойындау, үкімдерді орындау, көрсетілген идеалдарға ұмтылу арқылы жүзеге асады. Ол оңай Жол емес, бірақ абыройлы Жол!..
Иә, қазіргі пұттар – ішімізде, санамызда (түпсанамызда). Жалған пұттар жалғандыққа, жалғандық – бей-берекетсіздікке, азғындыққа бастайды. Ал азғындық пен қылмыстың соңы – қасірет (тозақ)…
Санамыздағы жалған пұттардың кесірінен боқ-дүниеге таласып, мәнсаптың буына мас болып, атақтың артынан қуып, бір-бірімізбен алысып-жұлысып, бір-бірімізді алдап-арбап, қорқытып-үркітіп, ұрып-қырып, қорлап жүр емеспіз бе?..
Әрекет-амалдың алдында сөз бен ой, ниет пен таным тұрады. Танымның түбі – әйтеуір бір Сенімде. Ендеше «осы дұрыс, осы шын» деп сеніп жүрген дүниеңіз – шынымен дұрыс па? Мәселенің үлкені осы!
Өзін танымаған – Құдайын танымайды. Яғни, өзінің өзегін, шынайы болмысын танымаған – Құдайының құдіретін, Мейірімін, Шеберлігі мен Даналығын тани алмайды. Сондай-ақ, Құдайын танымаған – Өзін тани алмайды. Яғни Ұлы Раббысының Есім-сипаттарын танымаған – Өз негізін түсінбейді, болмысындағы қасиеттердің қадіріне жетпейді, қасиеттерін аша алмайды, Өмірге өз үлесін қоса алмайды…
Ойтамызықтың соңын Шәкәрім атамыздың сыр-сөзімен түйіндейік:
Шыннан өзге Құдай жоқ,
Анық Құдай – Шын Құдай.
Ұқпай қалма алаң боп,
Шын болмаса, кiм Құдай?
Бұрын шын бар, бүгiн шын,
Ертең шын бар – үш бөлек.
Керегi жоқ бұлардың,
Бұзылмайтын шын керек!
Шын махаббат қылуға,
Шын сабырың жете ме.
Көрiнген әрбiр сұлуға
Көңiлiң толқып кете ме?
Олай болса, таза ақыл,
Әулиелiк сенде жоқ.
Баянсызға бәрi – құл,
Жынданбаған пенде жоқ.
Әулиедей асықтың,
Қасиетiн былғайсың.
Қылығын қылып жастықтың,
Бiр қалыпта тұрмайсың.
Әлде сайтан, әлде жын,
Бiрiн тастап, бiрiн мiн.
Адам емес – айуансың,
Неге тұрсын сенде шын?
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ