Өзегін өкініш өртеді
Халқымыз «адасқанның айыбы жоқ, қазығын қайта айналып тапқан соң» деп жатады. Жат ағымның шылауында кеткен жастардың тағдыры кімді де болса толғандырады. Өзегін өкініш өртеп, өз қателігін түсінген жанның (есімі өзгертілді – Н.Т.) бірі – Ерден еді. Жерлес жігітті тауып алып, аудандық прокурордың аға көмекшісі Асыланбек Кабдрахимовпен бірлесе отырып, әңгімеге тарттық. Тартынбады, өзіне ащы тисе де, өзгеге сабақ боларын ұқты ма, жан жарасын сыздатқан жайтты жайып салды.
Әп дегеннен аяғын шалт басарын ойламапты. Аудан орталығындағы бір мектепті аяқтаған соң, талайды қырқа матап, құрық салған көкмойынның зардабына ұрынады. «Тентек су» бойды алып, ой-санасы тұманданған оның құрбылас, таныстарымен бейберекет жүрісі молайды. Жаға жыртысып, ілік іздейтін болды. Кезекті текетіресте қарсыласын жазатайым жаралап алды. Ауруханаға түскенмен, өмір-өлім арпалысында жатқан жәбірленуші оқиғадан кейін алты сағат өткен соң жан-тәсілім етті. Сот үстінде ол бар кінәні мойнына алды, бірнеше жылды арқалап кете барды. Содан, солқылдаған он сегіз жасар бозбала-тағдыр Орал қаласындағы темір торға тоғытылды.
Дос түгілі, дұшпан басына тілемейтін күндер өтті. Жанын сыздатқан мұңды жамап-жасқап, сол бір қадамын қайтадан таразылап, ойланатын болды. Өмірдің мәнін іздеді. Өзінше шалт кеткен тұсын сарапқа салды. Ақырында, иман жолына көңілі исінді. Түрме аумағында мешіт орналасқан екен. Осында діни кітаптарды алып, ақтара отырып, керекті Құран сүрелерін жаттады, жамағатпен ұйып, намазға тұратын болды.
Тәртібі түзу болған соң, Ерден шартты түрде негізгі уақыттан екі жыл мерзім бұрын босады. Тұрмыстың ретін тауып, өмір сүру тәртібін реттеді, оңайластыра отырып, өзіндік несібесін де таба бастады. Мешіттерге бас сұғып, намазын оқи берді. Жанына жақын, сырлас орта да табылды. Мұсылманшылық жолындағы талабы дұрыс сияқты еді. Бірақ..?
Тура жолға түстім деп ойлады
Осыдан кейін кейіпкермен болған сұхбат өрінен негізгі өзекті аршып алдық. Жалпы, құлағы түрік, көкірегі ояу оқырман қой терісін жамыла отырып, қоңыңнан ет кесіп алатын ағымдардың бірі – сәләфизм тармағы – турасында хабардар болуы тиіс. Оны біз суыртпақтап отырып, әңгіме ауанынан таныдық.
– Басқа бағытқа ноқталанғанымды қайдан білейін? Жалпы, ғибадатқа бет бұруым екі мыңыншы жылдардың орта тұсында басталды. Сол кезде түрмеде болғанмын. Сонда орысша-қазақша діни әдебиеттерді оқып, таным-түсінікті сол күйінде қабылдадым. Кейін бір-екі жылдан соң, сол кітаптар сараптаудан өте бастады-ау деймін. Қасымда болған жігіттер де өз түсініктеріне бұрмалап отырды. Дінтанушылар келіп, насихат жұмысын жүргізетін. Әр аят, хадисті түсіну үшін терең білім керектігін тәптіштеп айтатын. Осыдан соң ойланып қалатынмын. Бірақ, олар кеткен соң, имам болған жігіт оларды терістеп шығатын, көзқарасымызды өзгертетін. Оның басқа ағым өкілі екенін қайдан таниын? Бостандыққа шыққан соң да, қай бағытта ұстанғанымды білген сол орта мені тез қабылдады. Солармен жақын болып, араласа бастадым, – дейді ол.
– Қазір түзу жолды, Әбу Ханифа мәзһәбын танығаныңды тілге тиек еттің. Өзіңнің ортаңда болған намазхандар діни танымынан қандай ерекшеліктерін барын аңғардың. Олар өздеріне кімді ұстаз тұтынады? Ақида (сенім), фиқһ жағынан ерекшеліктерін атасаң.
– Ол ортаның өзіндік ұстанымы қатаң келеді. Амалды иманнан ажырағысыз етіп көрсетеді. Мәселен, намазын өтемегендерді бірден кәпірге шығарады. Мәзһәб ұстанатындарды тура жолдан ауытқыған деп санайды. Тіпті, қоғамға суық қарайтынындай, дәстүрлі дін жолына түсіп, намазын оқып жүргендерді жат көретінін жасырмаймын. Бұл қабағынан байқалып тұрады. Аят, хадистерді тікелей мағынасымен қабылдайды. Астарына тоқталып жатпайды. Жалаң шұлыққа мәсіх тартып, сапқа тұратын едік. Тарауих намазын сегіз рәкат етіп оқимыз. Тәспі тартып, бет сипамаймыз. Қырағатта «әминді» жария айтамыз. Жалпы, құлшылыққа қойылатын талаптарды «Сауд Арабияда осылай оқылады» деп түсіндіріп, үлгіледі. Сәләфшілдер«біздікі ғана дұрыс» деген сыңайынан еш айныған емес. Кейін Әбу Ханифа мәзһәбы бойынша шариғи ережелердің жөні басқа екенін білдім ғой.
– Сәләфшілдер ұстаз тұтқан ғалымдарды атасаң? Білімді қалай алады?
– Шейх Альбани, ибн Тәймияның пәтуаларына көбірек ден қояды. Атап өткенімдей, терең зерделемей-ақ настарға (аят, хадис) жалаң ой жүгірте салады. Олардың өз діни әдебиеттері болады. Солардың бір авторы – Эльмир Кулеев екені есімде. Қазақстаннан Халил есімді «шейхтің» барын еститінбіз. Сонымен қатар, жымпитылық Самат деген жігіт болды. Білмегендерімізді ол шетелдік әрі отандас шейхтардан сұрап, біліп, байланыстырып отыратын. Кейін ұсталып кетті. Тұзаққа түсірді деп түсіндірді бізге. Жалпы, айтарым, жастардың қолжетімді интернет желісінен бейне, аудио жазбалардан уағыз тыңдап жататынын айтқым келеді.
– Қазіргі уақытқа дейін экстремистік топтардың лаңкестік әрекеті көбейді. «Жиһад» ұғымын қалай түсіндіреді? Шетелге шығуға, қолға қару алуға үгіттей ме?Сондай әрекеттердің кейбір көрінісі елімізде де қылаң берді. Оны қалай қабылдады?
– Сауд Арабиясына, Египетке оқуға баруға үгіттейтін. Біздерге лаңкестік жасап жатқан тараптың әрекетін «жиһад» деп сипаттайтын, ғазауатқа қосылуды құптайтын. Шейіт болғандарды сөзсіз «жәннаттық» деп ақтайтын. Қазақстандағы кейбір қақтығыстарға оң көзқарас қалыптастыратын. Түбі біртұтас халифат құрылатынына сенеді. Олармен бірге жүрсең, егер, сырттай біреу тиісе қалғанда, тез ұйымдаса қалатынын, тіпті, түрлі содырлыққа барудан тайынбайтынын аңғардым. Есіме түскенін айтайын, темір торда бір жігіт ірі қару-жарақпен ұсталып, бір камерада болды. Бірақ, ол есін тез жинады. Әбу Ханифа мәзһәбын ұстанды. Өз ісіне өкінетінін, менің сенімім қате екенін айтып, тағдырын қайталамауға үгіттеді. Оның айтқаны ақиқат екеніне кейін ғана көзім жетті.
– Жалған мүдделі топтан жырақтадың. Кейін бопсалау болған жоқ па? Жалпы, отбасындағы ахуал қалай өрбіді?
– Қауіп төндіретіндей сәт болмады. Әрине, жылы қабақ та таныта қойған жоқ. Сол топтың ықпалында болғанымда отбасымда түсініспеушілік болды. Тума-туысқандарым, анам сыңайымды байқап, менің кейбір әрекетімді құптамайтындарын жеткізетін. Үйленгенмін. Әйелім мәзһәбпен оқитын. Оның жолын терістеп, өзім үйірсектеген бағытыма түсірдім. Бірақ, кейін қайтып, арнайы мамандардан, дінтанушылардан егжей-тегжейлі түсіндіруімен жаңылыс басқан қадамымнан қайттым. Жарым да мәзһабқа оралды. Анама да уағыз тыңдаттыратынмын. Ол да оң бағыт алғанымды көріп, шүкіршілік етті. Қазір Әбу Ханифа мәзһәбы – еліміздегі төте жол деп түсінемін. Қазір қолымызда бала тәрбиелеудеміз, жұмысым бар, дұрысты танып, айрандай ұйып отырған жайымыз бар, – дейді Ерден.
Бұл ағым қайдан бастау алды?
Егемендіктің елең-алаң тұсында заңның солқылдақтығын пайдаланып, көптеген ағым мықтап тамыр жайып үлгерді. Іргемізді түре ашып, түндіктен төніп, еркінсіген кездері де болды. Қазіргі уақытта «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талабы күшейіп, етек-жеңімізді қымтап жатқанымыз бәрімізге мәлім.
Ал, біз сөз еткен сәләфизм – уаһабшылдықтың өңін айналдырған түрі. Бұл ағымның теріс пиғылын әшкерелеп, негізгі сенім жүйесіндегі теріс көзқарасын жан-жақты талдап, терең білімімен соққы беріп жүрген дінтанушы ғалымдардың арасында Ерсін Әміре, Қайрат Жолдыбайұлы, Алау Әділбаевтың еңбектерінен көбірек деректі танып, білуге болады.
Философия ғылымдарының кандидаты Смаил Сейтбектің «Мәзһәбтар тарихы» деген кітабына көз жүгіртсек, уаһабилік немесе сәләфилік – қазіргі таңда Сауд Арабиясының ресми мәзһәбы екенін танимыз. Негізін Мұхаммед ибн Абдулуаһаб (1703-1792 ж.ж.) қалаған. Ол ХІІІ ғасырда өмір сүрген Ибн Тәймияның қасаң қағидаға сүйеген бұрыс сенімін басты идеологиялық қару етіп алған. Мұхаммед ибн Абдулуаһаб әһлі-сүннет сеніміне қайшы еңбектер жазып, өзіндік саяси белсенділігін пайдаланып, тарих сахнасында Араб түбегіндегі Нәжд аймағынан бастау алған бүліктердің пайда болуына себеп болды. Ақидада біз сүйенетін Әл-Матуриди, Әл-Әшғаридің шархын, фиқһ саласында мәшһүр төрт мәзһаб ғалымдарының салған сара жолын мойындамайды.
Негізінде «сәләф» сөзі Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбардың, сахабалардың және сахабаларды көрген толқынға арналған. Олардың ұстанған бағыты ақиқаттың шамшырағы еді, бүгінгі таңда осы салиқалы буындардың атын бүркеніш қылған қазіргі «сәләфтықтар» дінді Құран мен сүннеттен тікелей алып, түсіну керек деген ұстанымды қатаң догмаға айналдырған. Олар бүгінгі таңда Ерсін Әміренің көзқарасы бойынша, сурурилер, мадхалиттер, тақияшылдар (сырттай келісімпаздық сипат танытып, ішкі пиғылын жасыратын, елге жанашыр боп, зиялы топ ішіне сіңген) болып бөлінеді. Түптеп келгенде, бұлардың бірде жұмсақ, бірде қатаң, енді бірден жасырын жүзеге асыратын радикалдық көзқарастары ел болашағына қауіпті. Сәләфиліктер өткен ғасырдағы Ибн Баз, Ибн әл-Усеймин, Әлбани еңбектерін негізге алып, пәтуа береді. Олар Орта Азиядағы ата-бабаларымыз ұстанған сенім мектебін, дәстүрімізді, тарихымызды жоққа шығарады. Әруаққа Құран бағыштауды, беташарды, дұғада бет сипауды бидғатқа санайды. Домбыраны, музыкалық аспаптарды харамға жатқызады. Аят, хадистерді өз түсінігіне негіздеп, ғалымдар ғана пәтуә беретін мәселелерден тартыс ұйымдастырады, «бүйректен сирақ шығаруға» дайын тұрады. Олар дәлелді уәждерге де құлақ аспайды. Кезінде, Абылай хан «Өзің білме, өзгенің тілін алма» деген теріс батаның да болатынын естіп, жағасын ұстаған көрінеді. Теріс ағымдардың ықпалы осындай кепке шырмап әкеп отыр. Кейіпкеріміз тілге тиек еткен белгілердің бәрі сол топтағылардың бойынан табылады.
Қалай сақтанамыз?
Хақ Ислам жолын таңдаған бір тағдыр тура жолды енді танығанын айтуда. Расы керек, діни сауатсыздықпен күрес ыңғайы соңғы уақытта ширағандай. Еліміздегі бұған мүдделі құзырлы органдар, ҚМБД сүзгіден өткізген пайдалы діни әдебиеттер көптеп жарыққа шығуда. Ақпараттық-насихаттық топтары жасақталып, арнайы мамандардың қолға алуымен жалған ағым шырмауында жүрген жерлестерімізге түсінік жұмыстары жүріп жатыр. БАҚ бетінде сәт сайын көрінген ақпарат легінің ақ-қарасын ажыратып алған жөн.
«Аудандық прокуратура жергілікті атқарушы билік, облыстық дін істері басқармасы, құқық қорғау органдарымен тығыз қарым-қатынаста, – дейді аудандық прокурордың аға көмекшісі Асыланбек Кабдрахимов. – Аудандағы тұрғындармен бұл бағытта кездесу және түсіндірме жұмыстарын ұйымдастырып отырамыз. Кейбір дін ұстанатын жастардың ішінде түбінде жол осылардікі деген ыңғайда жүргенін байқаймыз. Сондықтан, қоғамды құйтырқы діни ағымдардан сауықтыру шараларын жүйелі жүргізіп отыру маңызды. Бұл турасында қандай құқықтық кеңес керек болса, кез-келген уақытта қол ұшын беруге дайынбыз».
Өмірінде сан күрмеулі тұстан өткен кейіпкеріміз «сәләфизм» жолына түскендер санасына ұялаған алғашқы түсінік сол күйінде қорғасындай құйылып, «қатып» қалуы мүмкін екенін айтады. Әуелден мығымдалып қалған саяз сана дені дұрыс насихат мәнін түбегейлі қабылдамауы мүмкін.
Мұндай жүгенсіз топтарға есік қайдан ашылды? Талдап көрейік. Біздің тарихымызда кеңестік жүйе тәрбиесі оңайға соқпады. Тарихта бабалар жадында жаңғырған діни платформаны жатсынды. Тәуелсіздік келді. Азат сезіндік. Бірақ, рухани жұтаңдық бар еді. Жас өркендеріміздің қай «ағымның» етегін ұстағанын аңғармай қалдық. Расы керек, аға буынның кеңестік санасында қалыптасқан керенаулық әлі мығым. Көзі ашық, көкірегі ояу дегендердің өзі иман әліппесін тануға құлықсыз. Оның қасында қарапайым жұртшылық түсінігі қандай деңгейде екені түсінікті. Баласының мұсылманшылық жолына түскеніне тілеулес болғанмен, ақ-қараның аражігін айырмайды. Әрбір бала тағдырына алаңдаулы ата-ана, ағайын БАҚ құралдары, интернет ресурстарындағы барлық ақпаратқа түбегейлі сене бермеуі тиіс. Қазір облыстық дін істері басқармасы бар, «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» бар, қажетті кеңеспен шұғыл қамтамасыз ете алады. Қазіргі «Қауырт желі – 114» жүйесіне тәулік бойы шалынған телефон қоңырауларын тегін қабылдайды. Сонымен қатар, еліміздегі екі мыңнан астам мешіт (оның ішінде ауданымыздағы мешіттер мен намазханалар) Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының иелігінде. Бұл құлшылық орындарында дәстүрлі Ислам жолы – Әбу Ханифа мәзһабы бойынша барлық діни рәсім атқарылады. Халықтың біліктілік санаты жетілдірілген, арнайы тағайындалған имамдарға да жолығып, қажетті ақпаратты алуына болады. Абзалы, мемлекеттік БАҚ құралдарындағы (баспасөз саласы, телеведение, радио) дінтанушы мамандардың материалдарын оқып, көріп, танысып отыру маңызды.
Елдік мұратымыз іргелі, иман тұғыры берік болуы үшін ұрпағымызды жалған ағымның жетегіне кетпеуін қадағалап отыру – өз қолымызда, біз мысал келтірдік, ойланыңдар, ағайын. Бұл ретте «ештен кеш жақсының» рөлі әманда сәтті жүре бермейтінін ескере білуіміз керек.
Нұртай ТЕКЕБАЕВ,
Жәнібек ауданы,
Батыс Қазақстан облысы.