Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Осы жыл аясында балаларға қалай көңіл бөлініп жатыр? Оның рухани дамуы үшін қандай іс-шаралар мен жобалар қолға алынуда? Заман талабына сай сапалы ұлт болып қалыптасу үшін не жетіспейді? Осы және өзге де сұрақтарды №58 мектеп-гимназиясының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты Самал Нұғұмановаға қойған болатынбыз.
– Самал Ботаханқызы, биылғы жылды балаларға арнаудың мақсаты неде деп ойлайсыз?
– Бала – біздің болашағымыз. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы биылғы жылды «Балалар жылы» деп бекітуі бекер емес. Қазақстанның жарқын болашағы ел тағдырына бей-жай қарамайтын, нағыз отаншыл жастардың қолында екенін айтқан болатын. Сонымен қатар жастарға үлкен үміт артылатынын ескертіп, өскелең ұрпаққа жол ашу үшін барлық жағдайды жасаудың қажеттілігін атады.
Менің ойымша, балаларға бір жыл ғана емес, жылда аса көңіл бөлу қажет. Себебі Жаратушының бізге берген баласы – үлкен бақыт, жүгі ауыр – аманат. Ал оған дұрыс тәлім-тәрбие беру – міндет. Енді ғана әлемді таңып, есейіп келе жатқан жасөспірімнің жеке тұлға ретінде қалыптасуы үшін мол мүмкіндіктер жасауымыз керек.
Ғалымдардың зерттеуінше, жауапкершілікті бала кезінен сезінген бүлдіршін өскенде кез келген мәселені шешуге бейім болып жетіледі. Ал көп ата-аналар ауыр жүкті тек өз мойындарына артып алған. Яғни баланы жекеменшік обьектісі ретінде қабылдап, жеке пікірін сұрамастан, олар үшін шешім шығарып қояды. Әрине, жарық дүниеге алып келген, түн ұйқысын төрт бөлген ана үшін баласы ең ыстық жан. Өз қамқорына алғаны да жөн. Дегенмен тек ата-ананың айтқанымен өмір сүру керек деген стереотипті өзгерту керек. Баланың жеке пікірінің ерте кезден қалыптасуын психолог мамандар да құптайды.
– Қазіргі кезде балалардың бойында қандай қасиеттерді дамыту керек деп ойлайсыз?
– Бұл мәселені айтпастан бұрын жұмысбасты ата-аналардың балаларына қажетті мөлшерде көңіл бөлмей жатқандарын айтқым келеді. Таңның атысынан кештің батысына дейін оқушы өз ата-анасынан емес, өзгелерден үлгі алып өсуде. Шын мәнінде, бұл ойландыратын жағдай. Балаға дұрыс тәрбие беру тек қажеттіліктерін өтеумен ғана шектелмейді ғой. Одан да биік тұрған ұлттық құндылықтарды ескеруіміз қажет.
Ұлтының жанашыры, жүрегінде патриоттық сезімі бар азамат қана халқының тұтастығын, шаңырағының беріктігін сақтап қалуға жігері болады. Қоғамды өзгертетін жастардың бойында ұлттық құндылық, қазақи рух аздық етеді деп ойлаймын. Сол себепті оны ерте кезден дамыту елдігімізді жоғалтып алудан сақтайды. «Балапан ұясында не көрсе, ұшқанда соны іледі» демекші, ата-ана беретін тәрбиені жүз мектеп те бере алмайды. Сол себепті ең бірінші ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты жөндеуіміз керек. Содан кейін ұстаз да өз тарапынан үлесін қоса алады.
Қазіргі таңда «ата-ана, бала, оқытушы» үштігінде форумдарды онлайн және офлайн форматта ұйымдастырудамыз. Бұл жерде ата-ана балаға қаншалықты көңіл бөлуде, оқытушы сабақ беру кезінде қандай қиыншылықтарға тап болады, оқушы да өз пікірін ашық айтып жүр ме деген мәселелер талқыланады. Ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп өсірген баладан болашақта күтеріміз мол.
– Сіз айтып отырған рухани білімді жастар қайдан алу керек, оларға қандай жағдай жасалған?
– Менің ойымша, әрбір тұрғын үйдің астынан қазақи орталықтарды ашу керек. Сондай-ақ ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерді заманауи форматта жаңғыртуға жағдай жасалуы маңызды. Ежелде шаңырағыңның ошағын тұтататын қыз балаға ерекше сый-құрметпен қараған. Әйел азаматының «шашының ұшында тіршіліктің күші бар» деген есеппен қыздың шашын бұрым етіп өсіріп, шолпы, шашбау байлаған. Сонымен қатар тоқыма тоқып үйреткен.
Ал отбасының, ұрпақтың жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелгендіктен, оған бала кезден үлкен жауапкершілік артқан. Сол себепті елін жаудан қорғауға, отбасын асырауға машықтандырған. Мысалы, бүгінгі күні ер баланы қазақша күреске, садақ атуға, ұлттық аспаптарда ойнауға үйрететін орталықтарды мүмкіндігінше көбірек ашу артық болмайды. Сол секілді қыз балаларға салт-дәстүрді жаңа форматта түсіндіру қызығушылық тудырады. Сонымен қатар бұл орталықтардың бағасы қолжетімді болса, ата-аналардың қалталарынан қақпас еді. Ал мемлекет тарапынан ашылған орталықтардың қызметі тегін болуы жастардың рухани дамуына үлкен мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ барлық мектеп оқушысына асханадағы тағам, жол ақысы, мектеп формасы, оқуға қажетті құралдар тегін берілу керек деп ойлаймын. Бір жылдың тоғыз айын бала мектепте өткізеді. Тағы бір ескеретін маңызды жайт: тұрмыстық жағдайы жақсы және төмен деп бөліп балалардың арасында жік тудырмау. Барлығына бірдей әлеуметтік жағдай жасалса, тұрмысы төмен отбасындағы ана бала тәрбиесімен үйінің ошағын өшірмей отыратын еді. Сәйкесінше, балаға қажетті көңіл де бөлінетіні сөзсіз.
– Баласын орыс сыныбына бергісі келетін қазақтардың мұңы әлеуметтік желіні шулатқан болатын. Осыған сіз не айтар едіңіз?
– Бұл орыс тілді қазақ отбасыларының баласын қазақша оқыта алмауынан шыққан мәселе. Қазіргі кезде қазақ баласын орыс сыныбына бергіштер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп барады. Бұның себебі – ана тілін білмеу. Сондықтан әр тұрғын үйдің бұрышында қазақ тілін үйрететін арнайы курстар ашылу керек. Оған қоса ата-анаға да тілді үйретуге мүмкіндік жасау аса маңызды. Мәселені басынан шешпесек, балаларға «қазақша үйрен, сөйле» деп айтуымыз бос әурешілік.
Осы кезде Шерхан Мұртаза атамыздың сөздері есіме еріксіз келеді. «Ана тілінсіз халық болмайды. Тілінен айырылған ұлт – тарихынан, түп-тамырынан айырылған ұлт. Тілсізді ұлт деуге болмайды. Тілінен айырылған халық – ата-бабасының, туған әкесі мен анасының атын ұмытқан халық. Ал ондайларды мәңгүрт деп атайды».
Айтып отырған ұлттық құндылық, ұлттық рух адамға тіл арқылы берілмей ме? Елімздің тұғырын берік ұстау үшін рухы биік, білімді жастарды тәрбиелеуіміз керек. Қазіргі кезде оқимын, еңбек етемін деген жастарға бар мүмкіндік жасалған. Тек оны дұрыс бағытта қолдана білу қажет.
– Құнды ақпараттармен бөліскеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан- Балжан ӘБДІРАШ