Адамзаттың екінші атасы Нұх (ғалайхи саллам). Одан Сам, Хам, Яфис деген үш қана бала қалған. Самнан арабтар, Хамнан қара түстілер тарқаса, яфистан түріктер тарқаған. Әрине, самидтар мен яфистықтардың тілі, екі түрлі болуы заңдылық. Әдет-ғұрып сөзі де Құраннан алынған. Мысалы үшін, Алла Тағала «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет, надандардан теріс айнал»,-дейді. Бұл жердегі «урф» сөзі адамзатты осы белгілі бір мәдениеттің, халықтың ерекшелігін, замандар бойы қалыптасқан дағдыларын айтады. Ғұрф шариғаттың үкімін шығару үшін қолданылатын негізгі категориялардың бірі. Яғни, урф «ғұрып» – фарыз, уәджіп, сүннет, мұстахаф, мубах, харам, макрух сияқты нормативтік шариғи актілерді белгілейді. Ғұрыптың өзі ақылға сүйену арқылы белгілі бір халықта қалыптасқан жазылмаған қағидаларды көрсетеді. Мысалы, Алла Тағала Құран кәрімде бірнеше нәрсені харам деп белгіледі. Олар өлексе, бауыздағанда ағатын қара қан, доңыздың еті, сүзіліп өлген, буынып, құлап өлген малдың еттері. Ал, қалған жыртқыштарды пайғамбар қосымша Алланың әмірімен қосты. Пайғамбар (с.ғ.с) жыртқыш аңдардың етін жеуді харам деп санады. Сойдақ тістері бар, тырнақтары бар, құстардан мұрны имек болып келгендерінің еті харам деді. Бірақ, піл секілді айтылмаған және жыртқышқа жатпайтын аңдар бар ғой. Піл не Құранда, не хадисте айтылмады. Сондықтан, араб елдерінде пілдің етін жеуге рұқсат берілмеді, себебі араб халқы пілдің етін жеуді жақтырмады. Сол секілді, араб халқының кейбір ғұрыптары шариғаттың да анықтағыш нормасына айналды. Ислам дінінің төрт масхабында да әдет-ғұрып шариғатты реттеуші нормасы ретінде саналады. Мысалы, қалыңмал беруде әр қоғамдық таптың өзінің белгілеген құндары бар. Мәселен, әке-шешесі жоқ, немесе үйленіп жатқан кезде қалыңмалын атап айтпаған қызға сол қоғамдағы әдет-ғұрыпқа сай беріледі. Бұл біздің дініміздегі салт-дәстүрдің орнын көрсетсе керек. Мысалы үшін, қазақтың салт-дәстүрінде, ұлттық педагогикасында жазылмаған заңдар бар. Мұның барлығы ислам дініндегі белгілі бір құндылықтарға сай болып табылады. Ауыз әдебиетінде де мысалдар жетіп артылады. Хадисте: «Береке сендердің үлкендеріңмен бірге келеді» делінсе, қазақта: «Қариясы бар үйдің қазынасы бар» дейді. Жасы үлкен адамдарды төрге шығарамыз, сыйлаймыз, бас тартамыз. Ислам дініндегі құндылықтар біздің салт-дәстүрімізде бұрыннан бар болғандықтан, ол тез сіңіп, халық тез қабылдап алды. Сондықтан, менің ойымша, біз салт-дәстүрімізді жандандырсақ, онда ата дінімізді жандандырған боламыз. Сондықтан, жат ағымның ықпалында жүріп, исламды дұрыс түсіндіре алмай жүргендерге: «Сендер қазақ халқы ұстанған ислам дінінен, салтынан өзгені ұсынбаңдар, айтпаңдар. Сендер осы қазақтың ұстанған дәстүрлі дінін жандандырсаңдар, сол кезде нағыз, шынайы исламды насихаттаған боласындар. Халықымыз жүзге, руға бөлініп келсе де, бірақ дінде бөлінбеген. Айрандай ұйып келген ынтымағымызды осы дәстүр мен діннің сабақтастығы арқылы сақтауға болады»,-деп айтамыз.