Сәлемдесудің мәні – ең алдымен бетпе-бет ұшырасқан кезде болатын жатырқаушылық пен салқындық, суықтық пен кедергіні жойып, бір-біріне еңкейіп жайдары болмысын байқатып, жақсы тілектері арқылы өзінің қалауын ұқтыру және бір-бірінің аман саулығын сұрасу, дидарласып тұрғаны үшін Жаратушыға деген шексіз шүкіршілігін, ниеттерінің адал екендіктерін білдіру.
Алла тарапынан жіберілген пайғамбарлардың барлығы ең алдымен Аллаға сенуді және жақсы амал етумен қатар бейбіт өмір сүрудің бастамасы ретінде сәлемдесуді үйретті. Адамдар арасындағы рухани байланыс, кіршіксіз қарым-қатынастың бастауы сәлемдесумен басталады. Өйткені пенденің өз бойындағы жақсы қасиеттері мен тәрбиесі әдепке сай амандасудан көрініс табады.
«Сәләм» сөзінің мағынасы тыныштық, бейбітшілік жіне есендік деген ұғымды білдіреді. Бұл жайында Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деп баяндайды: «Алла Адам атаны алпыс шынтақ бейнесінде жаратты. Жаратып болған соң оған: «Ана отырған топқа бар да, сәлем бер. Олардың өзіңе не деп жауап қайтаратынын тыңдап көр. Бұл сенің және ұрпақтарыңның сәлемдесуі», – дейді. Ал ол жерде бір топ періштелер отыр еді. Адам ата оларға барып: «Ассаламуғалайкум!» – деп амандасады. Олар: «Уағалайкум Ассалам уа рахматуллаһ», – деп, «рахматуллаһ!» сөзін қосып жауап қайтарады. Сон да Алла Тағала: «Ей Адам бұл сенің келешек ұрпағыңа деген құрметің дегені».
Демек сәлемдесу – барлық пайғамбарлардың сүннетінде көрініс тапқан жақсылықтың белгісі және сауапты амалдардың бірі. Сонымен қатар, сәлемдесу Жаратушы иеміздің бізге үйреткен есендік сөзі. Міне осы себептен де мұсұлмандар да бір-бірін көргенде, әлмисақтан бері келе жатқан «Сәлемдесу» әдебін ұстанған.
Ислам дінімен біте-қайнасқан қазақ ғұрпы мен әдетінде де адамдар арасында сәлемдесу кең тараған. «Сәлем – сөздің анасы», «Сөздің басы – сәлем» «Сәлеміміз түзу болсын» деген тілек мағынадағы сөздер көп тараған. Бауыржан Момышұлы атамыз сәлемдесу жайында «Бір жерге барғанда сөзді сәлеммен бастамау – әдепсіздік. Қалтаңда он диплом болғанымен, сәлем парызын білмесең, біліп тұрып оны өтемесең, жолын жасамасаң, нағыз мәдениетсіз адамсың. Мәдениеттілік адамның рухани өрісімен өлшенеді. Сәлем беру – ізеттіліктің, кісіліктің баспалдағы. Сәлем беру – сөз бастаудың беташары. Сәлем беру – танысып-білісудің, достасудың дәнекері» деген екен.
Сөз соңын ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) мына хадисімен қорытындылауды жөн көрдім. Әбу Һурайрадан (р.а) жеткен мына хадисте Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Сендер иман келтірмейінше жәннатқа кірмейсіңдер. Ал бір-біріңді жақсы көрмейінше иман еткен болып саналмайсыңдар. Араларыңда сүйіспеншілікті арттыратын бір амал үйретейін бе? Араларыңда сәлемдесуді жайыңдар», – деп бұйырған екен.
Ендеше, ассалаумағалейкүм, замандас бауырым!
Бердімұрат ҚАСЫМОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы,
исламтанушы