Ханбали мәзхабын ұстанушы Ибн Таймия Имам Ашғаридің еңбектерін сүннетке қайшы деп түгелдей жоққа шығарды. Бұдан кейін ол өз сеніміне байланысты сүннетке сәйкес келеді деген жаңа діни сенім жолын ойлап тапты. Себебі, ол Имам Ашғаридың Құран аяттары мен пайғамбар с.ғ.с. хадистерінің мазмұнына түсініктеме бергеніне келіспеді. Осылайша Ибн Таймия ислам сахнасына өзінің «Манхаж ас-салаф ас-салих» (Ізге сәләфтардың – сахабалардың жолы) деген жаңа жолын алып келді.
Бұл жолдың бүгінде мұсылмандар арасында «сәләфизм» деп аталып кетуі де тегін емес. Өйткені, Ибн Таймияның көзқарасы бойынша ислам діні Құран мен сүннет негізінен ауытқыған және оны қайта қалпына келтіру үшін Имам Ашғари және т.б. діни топтардың ұстанымдарын Құран мен сүннетке сәйкес келмейтінін әшкерелеу болатын. Мұнысымен шектеліп қоймай Ибн Таймия шектен шығып Ханбали мәзхәбына қарсы келетін көптеген мәселелерді де алға тартты. Бұл қатарда ол ардақты пайғамбардың с.ғ.с. қабірін зиярат жасамау, туылған күнін (мәуліт) атап өтпеу, пайғамбардан с.ғ.с. қалған құнды жәдігерлерді қасиетті тұтпау керек деген секілді теріс нанымдарды ортаға алып келді. Мұндай нанымдарды Ибн Таймия ислам сенім негізінде ширк пен күпірлікке алып баратын амалдар қатарына жатқызды. Осы сынды көзқарастардың нәтижесінде Ибн Таймия өзінің артынан ерушілер тарапынан қолдау тауып «Шейх әл-Ислам» (Ислам шейхі – даңқты ғалымы) деген лақап атпен аталып кетті.
Әйткенмен, Ибн Таймияның жаңа жолы ислам үмбетінде айрықша қолдауға ие болған жоқ. Оның діни көзқарасы Шам, Мысыр секілді белгілі жерлерге ғана тарады. «Аһли сүнна уал жамаға» ғалымдары өз кезегінде бұл жаңа діни бағытқа қарсы көптеген наразылықтарын білдіріп жатты. Бірталай сынға ұшыраудың соңында Ибн Таймия Алла Тағаланы дене мүшемен сипаттау арқылы Мысырда 1,5 жылға абақтыға қамалады. Сондай-ақ, Дамаск қаласында да екінші рет абақтыға жабылып, һижра жыл санағы бойынша 728 жылы өмірден өтеді. Осыдан кейін көсемінен айрылған сәләфизм ұстанушылары біршама уақыт бас көтермей саябырсыды.
Арада бес жүз жылдай өтіп һижри жыл санағы бойынша XII-ші ғасырда Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб (1115 – 1206ж.ж.) бастаған уахабизм қозғалысы пайда болады. Абдул Уаххаб сәләфизм негізін құрған Ибн Таймия мен оның шәкірті Ибн Жаузидің жолын жалғастырып оны араб елдеріне насихаттауды қолға алады. Бертін келе сәләфизм идеологиясы тез тарап, көршілес басқа да ислам мемлекеттеріне қанатын жаяды.
Абдул Уаххаб Ибн Таймияға қарағанда қызу қанды әрі қаталдау болды. Себебі, ол ширк амалдарымен етегін түре күресіп сәләфизм бағытымен жүрмеген барлық мұсылмандарды күпірлікпен айыптады және қылыштың ұшымен бидағатты (дінге енгізілген жаңалықты) жоюға кірісті. Сондай-ақ, исламда қасиетті саналатын пайғамбардан (с.ғ.с.) қалған құнды жәдігерлерді, сахабалар қабірлерін жермен жексен етіп жоюға талпынды.
Осы тұста Нажд даласында «Әл Сауд» ұрпағы өзінің саяси мақсатын жүзеге асыру үшін Абдул Уаххабтың асыра сілтеушілік діни қозғалысын құп көріп халық арасында «сәләфизм мәзхабы» деп жаңа мәзхаб жолының таралуына демеу болды. Бұдан кейін «Әл Сауд» ұрпағы жаңа діни идеологияның көлеңкесінде араб түбегіндегі біраз жерді өз қарамағына алды. Сөйтіп, олар Ұлыбританияның қолдауымен бүгінде Сауд Арабия ретінде жеке мемлекет болып құрылды. Осылайша сәләфизм алғашында біршама белгілі жерлерде ғана тарағанымен, бүгінде Сауд Арабияның қолдауымен аталмыш идеология қанатын одан әрі кеңге жайды.
Абдул Уаххабтың идеологиясына байланысты бұл жолы да «Аһли сүнна уал жамаға» ғұламалары бас көтеріп қарсы шықты. Соның ішінде Абдул Уаххабтың бауыры Сүлеймен ибн Абдул Уаххабтың өзі оған қарсы «Сауаиқ әл-улухия» деген кітап жазды. Кітаптың мазмұнында Сүлеймен бауыры Абдул Уаххабтың ширк, күпірлік мәселесінде шектен шыққандығы жайлы Құран хадистермен анық дәлелдеп көрсеткен.
Ендеше сәләфизм идеологиясының, нақтырақ айтқанда Ибн Таймияның айтқан негізгі діни көзқарастары төменгідей:
- «Хамауия» атты кітабында сенім мәселесінде былай дейді: «Исламда барлық қайнарлар Алла Тағала аспаннан жоғары аршының үстінде екеніне дәлелдейді. Сондай-ақ, Алла Тағала өзінің саусағымен барлық нәрсені бағыттап отырады және де Ол қиямен күнін көреді де күле алады. Егер кімде-кім Алланың жеті қабат үстінде аршыда екенін жоққа шығарса ол тәубе ету керек. Егер тәубеге келмесе алқымынан ұру керек»
- «Алла Тағаланың қол, көз, жүз және саусақ секілді дене мүшесі бар, бірақ ол жаратылыстың мүшесіне ұқсамайды».
- Сахабаларға байланысты айтқан көзқарасы: «Әли ибн Әбу Талиб «Жамал» мен «Сиффайн» шайқасында қарсы мұсылмандарды өз шешімімен өлтірді. Бұл жайында Алла Тағала немесе пайғамбар с.ғ.с. бұйырмаған. Демек, Әли ибн Әбу Талиб бұл шешімді Аллаға итағат етуден емес өзінің шешімімен қабылдады. Ендігі жерде кімде-кім Мағауияны аталған соғыста адам өлтіріп дұрыс жасамады десе Әли де өз шешімімен адам өлтірді. Кімде-кім өз еркімен адам өлуіне себепкер болса ол жер бетінде үлкен бүліктің пайда болуына себепкер болады. Бұл залым Перғауынның мысалы».
Осыдан шығар түйін – Ибн Таймия өзінің артынан ислам дінінде үлкен дау туғызатын көзқарастар қалдырып кеткен. Ол өз кезегінде мұсылмандар арасында пайғамбардан (с.ғ.с.) тараған ұрпақтарға байланысты теріс көзқарастар қалыптастырған. Ислам ғалымдары Ибн Таймия дінге жаңалықтар енгізіп көптеген мұсылмандардың адасуына себеп болған десті. Сондықтан қандай дін жолы болмасын оның ақ-қарасын ажыратып, басқан қадам нық болу үшін белгілі бір дәрежеде діни сауат болуы тиіс. Өйткені, Алла Тағала Құранда «Білетіндер мен білмейтіндер тең бе?» дегендей, білімді мұсылман қашанда білімсіздің алдында беделі жоғары болады.
Уахид Қасымның «Әзматул Хилафа» (زمة الخلافة – وحيد القاسم) атты кітабынан
Аударған: Жалғас АСХАТҰЛЫ