Сұрақ: «Сахифа» келісімі дегеніміз не?
Жауап: Мәдиналық келісімді тарихшылар кейде «Сахифа» деп те атайды. «Сахифа» – араб тілінде «парақ» деген сөз, яғни, келісім парақ бетіне жазылған соң солай атылып кеткен.
Сахифа келісімінің маңызы зор. Себебі мединелік келісім мұсылмандардың толеранттылығына анық мысал. Пайғамбар (с.ғ.с.) Мәдина шаһарына қоныстанған соң жай діни көсем ғана емес, ол енді мұсылман мемлекетінің саяси басшысына айналды.
Демек, бұл мемлекттің өзіне тиіс нақты шарттары мен заңдары қабылдануы тиіс. Ол заңдар ондаған жылдар бойы бір-бірімен соғысып, қырықпышақ болып келе жатқан түрлі тайпалар мен нәсілдердің арасын қосып, қоғамда бейбіт әрі достық қатынасты орнатуы қажет.
Дәлірек айтсақ, пайғамбардың (с.ғ.с.) міндеті – мұсылмандар, христиандар және яһудилер мен пұтпарастар жасайтын қоғамда бейбіт өмірді тұрақтандыру. Осы мақсатта «Мәдиналық келісім», яғни «Сахифа келісімі» дүниеге келді.
Мұнда Мәдинадағы әр тайпаның жауапкершілігі мен міндеттері, шектеулері, ерекшеліктері мен қасиеттері анық көрсетілді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ