Ибн Шимаса Маһри (р.а.) айтады:
«Ғамр бин Әл-Ғас (р.а.) өлім төсегінде жатқан уақытта біз оның жанында болдық. Ол жұбанбай жылап, жүзін дуалға қаратты.
Ұлы: «Уа, әкетайым! Расулалла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сізді былай деп сүйіншілемеді ме? Расулалла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) сізді олай деп сүйіншілемеді ме?» – деді.
Сонда Ғамр (р.а.) жүзін бері қаратып, былай деді:
«Біздің Ақырет үшін әзірлеген ең абзал нәрсеміз – «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Оның елшісі» деген куәлік.
Менің өмірімде үш кезең болды. Бір кезде Нәбиді (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) менен артық жек көрген жан болмады. Сол уақытта менің ең асыл арманым – Оны ұстап, өлтіру еді. Сол халде жан тапсырсам, тозақтық боларым анық (1).
Алла Тағала жүрегіме Исламды ұялатқаннан кейін, мен Нәбиге (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) келіп: «Маған оң қолыңызды беріңіз. Мен сізбен серттесуді қалаймын», – дедім. Ол қолын созған еді, мен өз қолымды тартып алдым. Расулалла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм): «Уа, Ғамр! Саған не болды?» – деді.
– Менің қояр шартым бар.
– Ол не шарт?
– Менің күнәларым кешірілуі тиіс.
– Уа Ғамр! Ислам, һижра, қажылық бұрын істелген күнәларды кешіретінін сен білмедің бе?
Содан соң мен үшін Нәбиден (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) артық және құрметті ешкім болмады. Оны қастерлегенім соншалық, Оның жүзіне қарай алмайтынмын. Біреу Нәбиді (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бейнелеп беруін сұраса, мен Оны бейнелеп бере алмаймын. Себебі Оның бетіне көз айырмай қарауға дәтім бармайтын. Сол халде жантәсілім етсем, жәннаттық болар ма едім?! (2)
Кейін біз басшылыққа тағайындалдық. Ол кезең жайында ештеңе айта алмаймын (3).
Көз жұмсам, артымнан жоқтаушы әйел және от ермесін (4). Мені жерлегенде қабірімнің топырағын дұрыс үйіңдер.
Кейін сендер жанымда болып, жаным жай табу үшін, түйені сойып, етін үлестіруге кететін уақыт мөлшерінде қабірімнің басында кетпей тұрыңдар. Мен Хақ Тағаланың елшілеріне қалай жауап беретінімді әзір білмеймін» (5).
(Мүслім)
- Бұл – бірінші кезең.
- Бұл – екінші кезең.
- Бұл – үшінші кезең.
- Расулулла (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бұл екі іске тыйым салған болатын. Осы себептен біреу қайтыс болғанда дауыстап жоқтау айту – арам. Ал, жерлеу шеруінде шырақ т.с.с. ұстап жүру – мәкруһ. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи», 192) Себебі, бұл екі іс мұсылмандық салтқа қайшы.
- Ғамрдың (р.а.) бұл сөзі қабір сұрағы ақиқат екенін, мәйіт қабір басындағы адамдарды еститінін, мәйіт көмілгеннен кейін қабірге екі періште жауап алу үшін келетінін меңзейді. («Сахиху Муслим би шархин-Науауи», 192)
Дереккөз: رواه مسلم، باب كون الإسلام يهدم مَا قبله، رقم: 321