Пайғамбарымыз (с.а.с.) Бәдір шайқасы алдында сахабаларды сапқа тұрғызып, намаз оқымақшы болады. Саптың түзулігі – намаздың қабыл болуының бір шарты болып саналады.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) сахабалардың сапын қолындағы таяғымен өзі жөндеп келе жатқан еді, қараса бір сахаба алдвға шығыңқырап тұр екен. Қарны да бар көрінеді, сапты түзеу мүмкін болмаған соң Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әй, Сауад! Сапта түзу тұр!» деп, қарнынан таяқпен түзейді.
Сауад ибн Ғазия әл-Ансари (р.а.) есімді бұл сахаба: «Иә, Расулалла! Мен Сізден қасас (есе қайтару) алуым керек» дейді. Сахабалар бұл сөзге ашуланып, Пайғамбарымыздан (с.а.с) қасас алғаны несі деп шулап кетеді.
Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Не үшін қасас аласың иә, Сауад?» деп сұрайды. Сахаба: «Сіз жаңа ғана сапты түзеп келе жатқанда, таяғыңыз қарныма тиіп, ауыртып кетті, сол үшін» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) қасас алуға келісімін беріп, таяғын ұсынып, қарнын төсейді.
Сол кезде Сауад ибн Ғазия әл-Ансари (р.а.): «Иә, Расулалла! Сіз мені ұрғанда, қарным ашық тұрып еді, қарныңызды ашыңыз, сонда ғана қасас аламын» дейді. Сахабалар ашуланып, сабыр ете алмай тұр. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оларды сабырға шақырып, көйлегін көтеріп, қарнын жалаңаштап, Сауадқа (р.а.) тосады.
Сөйтсе, Сауад (р.а.) қасас алғанның орнына, Пайғамбарымызды (с.а.с.) құшақтап, қарнынан сүйіп алады. Пайғамбарымыз (с.а.с.) таң қалып: «Неге бұлай жасадың әй, Сауад?» деп сұрайды.
Сауад (р.а.): «Иә, Алланың Елшісі! Қазір біз Бәдір шайқасына кіргелі тұрмыз.Тірі қалам ба, шәйіт түсем бе, бір Аллаға аян. Өмірден озып кетсем, дүниедегі ең соңғы ернім тиген, денем тиген адам Сіз болсаңыз деп ниет етіп едім» дейді. Пайғамбарымыз (с.а.с.) оған риза болып, сахабалар жылайды (әл-Табарани).
Сауад ибн Ғазия әл-Ансаридың (р.а.) ниеті қандай десеңізші?! Алла баршамызға Пайғамбарымызға (с.а.с.) деген осындай махаббатты нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА