Пайғамбарымызды (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын) өмірінде бір-ақ рет көрген сахабадан табиғиндер:
– Пайғамбарымызға (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын) өміріңізде бір-ақ мәрте жолыққанда, қандай әсер алдыңыз? – деп сұрапты. Сонда әлгі сахаба:
– Аспанға қарасам, жәннаттарды, ондағы сарайларды көремін. Жәннат қауымының бірін-бірі зиярат жасап жүргенін тамашалаймын. Ал, құлағымды тыңдасам, тозақ қауымының шыңғырған дауысын естимін. Ал, әр күні періштелер мені зиярат етіп, солармен сөйлесемін, – деп жауап берген екен.
Сахабалардың мәртебесі дінімізде өте жоғары болып саналады.
Алла елшісі (Алланың салауаты мен сәлемі оған болсын) олар жайлы: «Менің сахабаларымды жамандап сөз айтпаңыздар. Егер сіздердің біріңіздің Ухуд тауындай алтыны болып, оны тұтастай Алла жолында бағыштаса, бұл олардың бір уыс бергеніне, тіпті оның жартысына да тең келмейді» деген (Бұхари, Мүсілім).
Алла оларға разы болсын!
Қуат ҚАБДОЛДА