Сұрақ: Кальянды (қорқор) сахабалар да шеккен деген қаншалықты рас? Арабтар да шегеді ғой деп жүргендер нені білуі қажет?
Жауап: Біріншіден, дін исламда адамның денсаулығына зиян келтіретін, оның өміріне қауіп төндіретін нәрселердің бәрін харам етіп бекіткен:
«Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге түсірмеңдер» (Бақара: 95).
Бүгінде дәрігер мамандар қорқордың да темекі өнiмдерi сияқты адам денсаулығына зиян екенін айтып дабыл қағуда. Ал темекінің адам денсаулығына қаншалықты зиян екенін сол темекі қорабының сыртындағы адам шошырлық суреттерге бір қарасаңыз жетіп жатыр. Себебі кальян да темекі өнімдері сияқты адамның өкпесін өшіреді, жүрек-қан тамырлар ауруларын тудырады және емі табылмай келе жатқан қатерлі ісіктің өршуіне әкеп соқтырады. Сондықтан да Құран: «Жақсы нәрселерді халал, жаман нәрселерді арам қылады» деп хабар береді (Ағраф: 157).
Екіншіден, дін ислам табиғатынан харам қылған нәрсені «сахабалар да шеккен» деп айту қаншалықты қисынды? Бұл дін тәлімін пайғамбардың (с.ғ.с.) өзінен тікелей үйренген сахабаларға жабылған ашық жала емес пе? Әдетте мұндай қисынсыз пікірлерді өзінің нәпсі қалауы үшін дінді бұрмалауды қалайтындар айтады. «Арақты аздап ішсең, мас болмасаң –рұқсат» немесе «қанды көтеру үшін аздап коньяк ішсең болады» дейтіндер де – осындай адамдар. Мұндай адамдардардан сақ болу қажет. Олар дінді дұрыс білмейді, сөйте тұра басқаларды да адастырады.
Ислам тарихы екі кезеңге бөлінеді: жәһилият дәуірі (исламнан бұрынғы кезең) және ислам келгеннен кейінгі дәуір. Ислам келгеннен кейін оған дейін бұрынғы дәуірде араб халқының дәстүрінде болған (арақ ішу, әйелдің бірнеше ермен жақын болуы, қорқор шегу, құмар ойнау, әйелді сыйға тарту, қызды тірідей көму, ерлердің ортасында әйелдің жартылай жалаңаш билеуі сияқты т.б.) қоғамда бұзықтық пен арсыздықты насихаттайтын көптеген әдет-ғұрыптарға тоқтау қойылып, келмеске кетті. Олардың орынына адамгершілік, отбасылық құндылықтар, гуманизм, мейірім мен кешірім таралды.
Үшіншіден, «кальянды арабтар да шегеді ғой», демек, қорқорды шегуге болады екен деп ойлау мүлдем қате. Бес саусақтың бірдей болмағаны сияқты, халық (ұлт) ішіндегі адамдар да бірдей емес. Олардың ішінде діндар, тақуалармен бірге күнәһарлар да, атеистер де бар. Араб халқы да сондай, олардың да ішінде діндар, тақуа мұсылмандармен бірге христиандар, атеистер, күнәһарлар, азғын қылмыскерлер де жетіп жатыр. Арабтар да – біз сияқты халық. Дінде үлгі болатын тұлға белгілі, ол – Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.). Мәшһүр хадисте келгендей, Айша анамыз ол кісіні былай сипаттаған: «Оның мінезі – Құран».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ