САДУМ 1943 жылы құрылғаннан кейін діни білім беру ісін жан-жақты қарастыра бастады. Кеңес үкіметі жүргізген 1930-жылдардағы репрессия кезінде Орталық Азиядағы мешіттер мен медреселер түгелдей жабылған еді. Жүздеген дін ғұламалары мырышқа түйреліп, оққа байланды. Дінге қатысы бар талай адам итжеккенге айдалды. Репрессиядан үріккен талай ахун мен молда шетелге қашып, бой тасалады. Осы себептен де, САДУМ-ға өлгенді тірілтіп, өшкенді қайта жаңғырту оңайға соқпады. Кадр тапшылығы, материалдық базаның жоқтығы, қаржының жетіспеушілігі, одан қала берді күркіреуік соғыс жан алқымнан алып, діни басқарманың кең масштабта жұмыс істеуіне кедергісін келтірді.
Соғыс аяқтала салысымен САДУМ діни білім беруді Ташкенттегі «Барақ хан медресесінен» бастағысы келді. Алайда, ІІ Дүниежүзілік соғыстың салдарын жоюға көп көңіл бөлініп, діни білім беру ісі кейінге ысырылды. Cондықтан, САДУМ діни білім ісіне кедергінің көп болуына байланысты халыққа діни мағұлматтар жеткізу үшін ислам журналын шығарғысы келді. Әсілі, САДУМ баспасөз ісін қолға алуды 1944 жылы бастаған еді. Осы жылы Өзбек ССР-нің Халық Комиссарлар Кеңесіне ай сайын шығатын ислам журналын ашуға өтініш білдірді. Бұл өтінішті Өзбек ССР-нің Халық Комиссарлар Кеңесі мақұлдап, 1944 жылы 11 қыркүйекте №1088-142 қаулы шығарды. Аталған қаулыны арнайы өкіл И.Ибадов Дін істер жөніндегі Кеңестің төрағасы И.Полянскийге жолдады. Бұл мәселені Мәскеуде В.Молотов қарап, САДУМ-ның өтініші қанағаттандырылды. Сөйтіп, Кеңес үкіметі алғашқыда САДУМ-ға араб әрпінде 3000 данамен ислам журналын шығаруға рұқсат берді.
САДУМ 1945 жылы «Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналының» № 1/2 санын шығарды. Діни басқарманың орталығы Өзбекстан астанасы Ташкентте орналасқандықтан, журналдың алғашқы сандары өзбек тілінде шықты. Журналдың одан кейінгі №3/4 сандары САДУМ құрамына бірнеше республика мұсылмандарының кіретіні ескеріліп 1946 жылы 5000 данамен өзбек, қазақ және парсы тілдерінде шықты. «Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналының» соңғы № 5/6 сандары 1948 жылы 5000 данамен тағы да өзбек, қазақ және парсы тілдерінде жарық көрді. Осыдан кейін аталмыш журнал жиырма жыл бойы шыққан жоқ.
Анығында, Кеңес үкіметінің «Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналының» араб әрпімен шығаруды қолдауының өзіндік себебі жоқ емес еді. Коммунистік билік ислам журналы араб әрпімен таралса, оны жастар оқи алмайды деп пайымдады. Ал, көнекөз қариялардың араб әрпін білуін қауіпті санаған жоқ. Негізінен журналдың басым бөлігі шетелдерге таратылды. Басылымның шетелдерге таратылуы Кеңес үкіметінің сыртқы имиджі үшін керек еді. Яғни, Мәскеу халықаралық қауымдастық алдында Кеңес үкіметінде дінге қысым көрсетілмейтінін көрсету үшін «Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналын» шетелдерге таратуға мүдделі болды.
Журналдың мазмұнына келер болсақ, онда «Кеңес Мемлекеті Конституциясының дінге байланысты баптары және олардың түсіндірмесі, мемлекеттің діндер туралы заңдары мен әртүрлі қарарлары, САДУМ-ның мұсылмандарға бағыттаған үндеулері, Құран-кәрім аяттарының тәпсірлері, хадис-шәріптердің аудармасы, діни-философиялық мақалалар, діни пәтуалар, Кеңес үкіметі қамтыған аумақта туылған жаратылыстану саласының ғалымдары және олардың дін пен ғылымға қосқан үлесі, діни әдебиет, халықтың отан сүйгіштік рухын көтеру, фашизмге қарсы жазылған діни-әдеби мақалалар, түрлі оқиғалар мен өлеңдер, өзбекше, арабша және парсыша жазылған еңбектерден мысалдар, сұрақ-жауаптар қамтылды. Сондай-ақ, журналдың әрбір санында басылымға жазылуға шақырған жарнама мен келесі сандарда жарияланатын тақырыптар көрсетіліп отырды.
«Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналы» 1948 жылғы № 5/6 сандарынан кейін шығарылған жоқ. Журналдың одан әрі шықпауының нақты себебі әлі анықталмаған. Дегенмен, журналдың шықпай қалуын Сталин биліктен кеткеннен кейін Н.Хрущевтің кезінде ислам дініне қайтадан қысымның жасалуымен байланыстыруға болады. Мысалы, КП ОК 1954 жылы 7 шілдеде «Ғылыми атеистік насихат саласындағы үлкен кемшіліктер және оларды түзету шаралары туралы» атты қарар қабылданды. Аталмыш қарарда діннің халық арасында жылдам таралуы, мыңдаған халықтың шіркеулер мен мешіттерге барып жатқандығына назар аударылып, оған қарсы шара қолданудың жолдары ойластырылды. Қарарда Орталық Азиядағы діннің жандануы былай деп көрсетілді:
«Орталық Азиядағы қасиетті жерлерді зиярат ететіндердің саны барынша көбеюде. Кейбір күндері жиындар ұйымдастырылып, құрбан шалынып, діни мәндегі ойын-сауықтар жасалады. Бұлар халық экономикасына үлкен зиян жеткізуде, мыңдаған адам жұмыстан қалып, еңбек қатынасы бұзылуда. Діннің сарыншақтары мен бидғаттары Кеңес адамының бір бөлігінің санасын улауда және коммунизм орнатуға деген белсенділікке қайшы келуде.
Осылайша, Н.Хрущевтің тұсында дінге деген қысым қайтадан күшейді. «Орта Азия және Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы журналы» 1948 жылғы № 5/6 сандарынан кейін жиырма жыл бойы шықпай қалуының негізгі себебі, Кеңестік билік коммунистік идеологияның өркен жаюына ислам діні кедергі келтіреді деп түсінді. Мәскеу ислам журналын шығаруға тоқтау салып, есесіне атеизмді насихаттайтын «Наука и Религия», «Вопросы Религии и Атеизма», «Знание Сила» секілді түрлі басылымдарды шығарды.
Коммунистік билік тізгінін Л.Брежнев ұстаған жылдары Кеңес үкіметі ислам дініне қайтадан біршама еркіндік берді. Осы жылымықты пайдаланған САУДМ 1968 жылы «Кеңес Шығысының Мұсылмандары» атты журналды шығаруда қолға алды. Журналдың алғадай санында басылымды шығарудағы мақсат-мүдде былай деп көрсетілді:
«Кеңес Шығысының Мұсылмандары» атауы берілген бұл журналымыз ислам дінінің журналы. Мұнда негізінен Кеңестік Орта Азия және Кеңес Одағының басқа жерлерінде өмір сүретін мұсылмандардың күнделікті тұрмыс-тіршілігімен таныстыру және сырт елдердегі мұсылмандармен байланыстарын жақсарту қарастырылады. Бұған қоса мұсылман бауырларымыздың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін журналда Құран-Кәрімнің кейбір аяттары және хадистердің тәпсірі жасалады. Оқырмандарымызға өлкеміздің және Орта Азия елдерінің мәдени-экономикалық өмірі туралы қосымша мәліметтер беріліп, білім мен ғылымға қосқан үлестері, тарихи оқиғаларға байланысты мақалалармен ақпараттар жарияланады».
Журнал алғашқы кезде үш айда бір рет өзбек тілінде шығып тұрды. Кейін журнал 1980 жылдар0ы өзбек, орыс, араб, француз, ағылшын және парсы тілдерін қосқанда алты тілде жарияланды. Бірнеше тілде шығуына байланысты журналдың шет елдерде бес жүзге жуық тұрақты жазылушысы болды. Кеңес үкіметі жабық мемлекет болғандықтан, шет елдер үшін мұндағы мұсылмандардың тұрмыс-тіршілігі қызықты болып көрінетін. Сол тұста журнал Орталық Азия мұсылмандары мен шетел мұсылмандарын бір-бірімен байланыстырған басылымға айналды.
«Кеңес Шығысының Мұсылмандары» журналының ішкі мазмұнында мұсылман елдерінен келген қонақтар және олардың САДУМ өкілдерімен өткізген кездесулері туралы ақпараттар, Бұхари, Бируни, Ибн Сина, Фараби, Замахшари, Тирмизи сияқты ғалым, ғұламалардың ислам өркениетіне қосқан үлестері, Кеңестік ислам ғұламаларының шығарған пәтуалары, уағыз-насихаттар, құтпалар, келіссөздер, КСРО мұсылмандарының әлеуметтік, экономикалық, мәдени ахуалы, КСРО ұйымдастырған ислам конференциялары туралы ақпараттар бар. Сондай-ақ, Құран аяттары мен хадистердің ашықтамасы, сол кезеңдегі Кеңес ғұламаларының жазбалары, КСРО-дағы өзге діни басқармалар мен олардың филиалдары жайлы діни қайраткерлердің ақпараттары қамтылды.
Жалпы, САДУМ шығарған ислам басылымы 1945-1948 және 1968-1990 жылдар аралығын қамтыған екі кезеңді қамтиды. Екі кезеңде де журналды шығарушы тараптың мақсаты Хақ діннің мәртебесін көтеру болғанмен, Кеңестік биліктің цензурасы ислам журналының еркін көсілуіне мүмкіндік берген жоқ. Басылымның әрбір саны қатаң бақылаудан өтетін. Әрі Кеңес үкіметіндегі исламның шарасыз, бейдауа күйі жасырылып, асыра сілтеушілікпен мұсылмандардың өмірі барынша жақсы етіп көрсетілетін. Десе де, аталмыш екі кезеңде жарық көрген мұсылман басылымы Кеңес үкіметі тұсындағы руханияттың үзілмеген алтын арқауы еді. Басылым бізге осынысымен бағалы.
Мұхан Исахан