– Садуахас Сағындықұлы, әңгімеміздің басын өзіңіз жетекшілік етіп отырған Республикалық қариларды дайындауорталығынан бастасақ…
– Қарилар орталығы 2010 жылдың 30 қазаны күні Астана қаласының іргесіндегі Қосшы елді мекенінде ашылған болатын. Уақыт өте келе діни беру мекемесінің атауы ҚМДБ шешімі бойынша «Қауам ад-Дин әл-Итқани әл-Фараби әт-Туркистани» республикалық қарилар дайындау орталығы» діни бірлестігі болып өзгертілді. 2011 жылы 25 қазанда қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы жаңа заң негізінде аталмыш орталық жеке мекеме болып, 2012 жылдың 20 қазанында Әділет департаментіне қайта тіркеуден өтті.
– Қазіргі таңда қанша шәкірт білім алып жатыр?
Бүгінгі таңда қарилар орталығында 45 шәкірт, ал Ақмола облысы, Қорғалжың ауданына қарасты Сабынды ауылында орналасқан қарилар дайындау республикалық орталығының дайындық курсында 70 шәкірт дайындалуда. Барлығы 115 шәкіртті қамтиды.
– Олар діни білім мен зайырлы білімді қалай ұштастыруда?
– Әрине, біздің мемлекет зайырлы мемлекет болғандықтан мектеп жасындағы шәкірттер міндетті түрде мектеп оқулары тиіс жəне сонымен қоса құранды жаттауға мүмкіндік алады. Мектеп оқушылары мектеп сабағынан босаған уақытта құран жаттауға кіріседі. Оларға үй сабақтарын дайындайтын арнайы мұғалімдер (репетиторлар) тағайындалған.
– Орталықтың кітап қоры қандай?
Ал, кітап қорымызға келсек, діни кітаптармен қоса қазақ әдебиет кітаптарымыз да баршылық. Екі мыңға жуық кітап қорымыздың барлығы дерлік ҚМДБ-ның және Дін істері комитетінің сараптамасынан өткен сенімді кітаптар.
– Шәкірттердің толық қари атануы үшін қанша уақыт керек?
– Негізінде құранды толық жаттап шығып және оны тарауиx намазында құранға қарамастан бастан-аяқ оқып шыққан адам ғана толық қари атанады. Әрине, бұл оңай шаруа емес екендігі бесенеден белгілі. Әйтсе де әрекет бар жерде берекет бар дейді… Біздің оқу жоспарымыз бойынша 4 жыл, алайда бес саусақ бірдей емес, кейбір шәкірттер жоспарлаған уақыттан ерте бітіріп жатады, ол да болса шәкірттің әрекеті мен алғырлығына байланысты.
– Түлектердің жұмысқа орналасу мәселесі қалай шешілген? Сұраныс бар ма?
– Аллаға шүкір, елімізде егемендіктен кейін ресми түрде ашылған біздің қарилар дайындау орталығы жоғарыда айтқанымыздай 2010 жылдан бастап жұмыс жасап келеміз. Осы арада 26 шәкіртіміз құранды толық жаттап, тарауиx намазында xатым түсіре алатын мүмкіндіктерге ие. Қазіргі таңда мешіттеріміз өте көп, ораза уақытында xатым түсіретін қариларымыз жетпей де қалады. Осы аралықта оқуды тәмәмдаған Әмзеев Серік пен Бисенов Бексұлтанды орталықта жұмысқа алып қалдық. Қалған шәкірттеріміз қарилықпен тоқтамай, әрі қарай білімдерін жетілдіру үшін, «Нұр-Мубарак Қазақстан-Египет Ислам мәдениеті» университетінде білім грантын жеңіп алып, сонда оқуларын жалғастыруда. Бір шәкіртіміз Иорданияда, бірі Мысырда Әл-Азxар университетінде білімдерін шыңдап жүр.
– Кітабын жатқа білетін тек мұсылмандар ғана болса керек. Осы қарилықтың сауабы туралы айтсаңыз…
– Ия, шындығында қасиетті кітабын үтір нүктесіне дейін жаттап, оған амал жасайтын көріністі тек ислам дінінде ғана көре аласыз. Басқа бірде-бір дінде ондай құбылыс жоқ. Мысалы: Араб елдерін айтпағанда, бір ғана Түркияның өзінде миллионнан аса қариға мемлекет бюджетінен әр ай сайын қаржылай көмек бөлінеді. Ол да болса қасиетті кітабымыздың дәрежесін көрсетеді. Оған деген маxаббаттың қаншалықты берік екенін көреміз. Құран Кәримде: «Ал сондай иман келтіргендердің көңілі Алланы еске алумен (зікір етумен) жай табады. Естеріңде болсын, Алланы еске алумен жүректер орнығады». (Рағыд суресі 28аят) Алланы еске алудың (зікір етудің) ең үлкені-құран оқу. Ондай пендесін Алла да еске алатыны туралы пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына бір xадисінде: «Қай уақытта болмасын адамдар Алланың үйлерінің бірінде жиналып, онда Алланың кітабін оқыса
оларға әлбетте тыныштық түседі(орнайды), сондай-ақ оларды мейірім орап, оларды (жан-жақтарынан) періштелер қоршайды және Алла оларды, өзінің алдындағылардың жанында еске алады» делінген (саxиx Мүслим).
Сондай-ақ, «Сендердің ең жақсыларың құранды үйреніп, басқаларға үйреткендерің» делінген. (Саxиx әл-Бұһари) Әрі әрбір оқыған әріпке он сауаптан алатындығымыз жайында пайғамбарымыз (с.ғ.с.) нұсқап кеткен. Құран туралы көптеген xадистердің нәтижесінде құранға деген маxаббат пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) заманынан осы күнге дейін үздіксіз жалғасуда. Сондықтан құран түскен уақыттан бері құран жатталмай қалған уақыт болмаған.
– Қари болғысы келмейтін мұсылман аз шығар. Бірақ екінің бірі қари бола алмайды. Мұның сыры неде?
– «Болмасаң да ұқсап бақ» демекші, құранға деген талпыныстың өзі не тұрады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) xадисінде: «Құран оқыған адамға айтылады: Дүниеде қалай оқысаң солай оқы да (жәннәтқа) көтеріл, шын мәнінде сенің орның соңғы аятты қай жерде оқысаң-сол жерде» делінген. (сунан әт-Термизи)
Әр шәкірттің арманы толық қари болу, алайда Алла кімге нәсіп етем десе Өзінің еркі. Міне, біз оқытып жатқан 115 баланың барлығы толық қари болады деген сөз емес, дегенмен осы балалардың ішінен 30-40 бала толық қари болса мақсатымызға жеткеніміз. Шындығында Құран ол – Нұр, тек таза жүрекке орнығады. Имам Шафиғи ұстазына: Қабілетінің төмендегенін айтқанда ұстазы, күнә істерден сақ болуын ескертеді. Сондағы имамның істеген күнәсі бір әйел адамның өкшесіне байқамай көзінің түсіп кеткендігі екен. Сол имамдарымыздың 5-6 жастарында құранды толық жаттауларының сыры міне осында. Ал біздің мына заманда әр баланың қолында әлемді көріп отыратын ондағы жақсысы мен жаманы қатар, неше түрлі лас, жиіркенішті нәрселерді көріп, оны қайта қойнына салып жүрген баланың Құранға деген ықыласы бола ма? Осы жайттарды ескере келе, біз балалардың ұялы телефондарын үйлерімен xабарласу үшін тек жексенбі күні ғана таратамыз. Қорыта айтқанда ықылас пен әрекеттің, жүйеліктің жоқтығы және күнәнің көптілігі Құран жаттауға кері әсерін тигізбей қоймайды.
– Қари болудың қиындығы жаттауда ма, әлде жаттағанды есте сақтауда ма?
– Құран жаттау көптеген бейнетті талап етеді. Кейбір балалар болады, жаттауы өте тез, бірақ тез ұмытады. Көбінесе ондай балалар зейініне сеніп қари бола алмай қалып жатады. Ал енді кейбіреулері, жаттау қабілеті төмен, алайда әрекеті мол, көп оқиды. Міне сондай балалардан нәтиже шығып жатады. Осыған орай Томас Эдисонның сөзі есіме түсіп отыр: «Данышпандықтың 1% ғана талант болса, 99% еңбек» деген екен.
Ал жаттағанды есте ұстап қалу одан да қиын. «Құран» сөзінің мағынасының өзі «көп қайталанатын кітап» деген мағынаны білдіреді. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): Құранды (жаттаған) әрдайым жатқа қайталап тұрыңдар, себебі тұсауынан шешілген түйеден де тезірек жүректеріңнен алыстап шығып кетеді» дегені белгілі. (Әл-Бұһари).
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Олжас СӘНДІБЕКҰЛЫ