Ораза кезінде мұсылман атқаратын ғанибет істің бірі – пітір садақасын беру болып табылады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл пітір садақа мөлшерін 370 теңге деп белгіледі. Діни басқарманың Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлов бір адам атынан берілетін пітір садақа еліміздегі ұнның бір келісінің орташа нарықтық бағасымен анықталғанын айтты.
Зекет – араб тілінде «көбею», «өсу», «тазару» деген мағыналарды білдіреді. Алла Тағала зекетін берген адамның өмірін берекелендіріп, күнәсінен тазартатындығы айтылады.
Сахаба Әбу Һурайра жеткізген хадисте, Пайғамбарымыз (с.а.с.): «Әр күні пенделер ұйқысынан оянған уақытта екі періште түсіп, оның біреуі: «Уа, Раббым! Жақсылыққа жұмсаушының дүниесін есесімен қайтар»,- десе, екіншісі: «Уа, Раббым! Сараңды шығынға ұшырат»,- деп тілейді» деген. Ал, зекетін беруге сараңдық жасаған адам 46 күнәһарлыққа ұшырап, қиямет күні ауыр азапқа душар болмақ.
Сахаба Әбу Һурайра жеткізген тағы бір хадисте, Алла елшісі (с.а.с.): «Зекетін бермеген адамның байлығы ақырет күні ірі жылан пішініне кіреді. Екі көзінің үстінде (қорқыныш белгісі ретінде) қап-қара екі домалақ дағы болады.
Осы жылан қиямет күнінде иесінің мойнына оралады. Сосын аузымен иесінің екі жағынан ұстап: «Мен сенің дүниедегі (жақсы көрген) байлығыңмын, мен сенің қазынаңмын»,- дейді» деп, мына аятты оқыған: «Алланың кеңшілігімен өздеріне берілген нәрселерде сараңдық істегендер, сол істерін өздері үшін қайырлы деп ойламасын. Жоқ, ол істері өздері үшін ең үлкен жамандық. Ақырет күні сараңдық жасаған дүниелері мойындарына оралады» (Әли-Имран сүресі, 180-аят).
Хасан Аманқұловтың айтуынша, жағдайы бар азаматтар пітір садақаны мейіздің немесе құрманың бір келісінің орташа нарықтық бағасымен бергені тіпті жақсы. Діни басқарма оразаман тұстас келіп тұрған еліміздегі төтенше жағдай кезінде адамдардың шоғарылануына қойылған шектеулерді ескеріп, жұма намазды және ораза кезіндегі тарауых намазды әркімнің үйде оқуына ұйғарым жасағанын, көпшілік жиналып ауыз ашар жасаудан тартынуға шақырған екен.
Осы орайда садақаны кімге, қалай беру туралы да жұртшылық арасында әртүрлі пікірлер айтылуда. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биыл пітір садақаны Каспий голд банк терминалы арқылы төлеуге болатынын жария етті.
Діни басқарма қазіргі төтенше жағдайда адамдардың үйден шығуына шектеу қойылып отырған кезеңде пітір садақа беруші мұсылмандарға қолайлы болсын деген ұйғарымды ұстанғаны түсінікті және қолайлы.
-Пітір садақаны кімге, қалай беру әркімнің өз шаруасы. Бұл Алла парыз еткен қайырымды да сауапты іс. Діни басқарма еліміз аумақтарындағы бас имамдармен кеңесе отырып шешкен ұйғарымға күмән келтіру, жиналған пітір садақа кімге бұйырады деп алыпқашпа сөз тарату, Алла алдындағы иглікті істі күмәнді тірлікке балау мұсылманның адалдығына, сеніміне шек келтіру болып шықпай ма? Мұсылмандар қасиетті айда бұзық ойлардан, күнәһар істерден, нәпсіден тиылғаны жөн,- дейді Алматы облысының Талғар қаласындағы Кәрібай қажы Сматұлаұлы.
Қажының айтуынша, садақа беруші адам садақасы алдымен Алланың назарына жетіп, мұқтаждың қолына тиетінін ойлағаны қажет. Садақа – жаннаттың бір есігі. Садақа – игі істердің төресі, мейірімділік пен ізгіліктің белгісі, ол ақырет күнінде пендеге қорған болып, тозақ отынан арашалайды. Алла садақаны ізгі амал деп санап, ол үшін сауапты еселеп береді екен. Садақа күнәлардың, қателіктердің кешірілуіне себепші болмақ. Құстар мен жан-жануарларды тамақтандыру да садақаға жатады.
Алла Тағала: «Олардың дүние-мүлкінен садақа (зекет) ал да, сол арқылы оларды күнәларынан тазарт әрі сауаптары мен ықыластарының арта түсуіне дәнекер бол» («Тәубе» сүресі, 103-аят) деген. Исламдағы бес парыздың бірі зекет болып табылады. Ол һижреттің екінші жылы Рамазан оразасынан кейін Шәууал айында парыз болды. Парыз екендігі аталмыш аят және басқа да көптеген аят, хадистер негізінде бекітілген.
Ал «Сәдуақас қажы Ғылмани» мешітінің бас имамы Бауыржан Есмахан ислам ғұламалары зекет ғибадатының парыздығына бір ауыздан келіскен дейді. Сондай-ақ Зекеттің парыздығын мойындамаған адам діннен шығады. Ал зекеттің парыздығын мойындай отырып, сараңдық жасап, байлығынан зекет бермеген адам күнәһар болатынын ескертеді.
– Шариғаттағы нисап көлемінде байлыққа иелік еткен, ақыл-есі толық мұсылман адам байлығының белгілі бір мөлшерін қасиетті Құранда көрсетілген адамдарға беруі міндет. Немесе отбасы мүшелерінің күнделікті тіршіліктегі тамағы, киім-кешегі және тұратын үйі сияқты негізгі қажеттіліктері мен қарыздарынан тыс дүние-мүлкі шариғатта белгіленген нисап көлеміне жетіп, бір жыл өткен жағдайда, одан зекет шығару парыз болады. Зекет беруші оны берген кезінде «Осы дүниемді малымның зекеті ретінде беруді ниет еттім» деп ниеттенуі шарт. Ал зекет алушы адамның өзіне беріліп жатқан дүниенің өзге адамның зекеті екендігін білуі шарт емес,- дейді бас имам.
Сондай-ақ исламтанушы Самет Оқан зекет берілетін байлықтың түрлері мен зекет беруді парыз ететін нисап көлемі әртүрлі мөлшерден басталады дейді.
-1) Алтында: жиырма динар, яғни, 85 грамм. 2) Күмісте: екі жүз дирһам, яғни, 595 грамм. 3) Түйеде: бесеу. 4) Сиырда: отыз. 5) Қой мен ешкіде: қырық. 6) Сауда заттарында: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса. 7) Ақшада: 85 грамм алтын немесе 595 грамм күмістің құнына тең болса. 8) Бау-бақша және егіс өнімдерінің барлық шығыны шығарылған соң 1/10 (оннан бірі) беріледі. Бұл көрсетілген мөлшер әрбір зекет берілетін байлық түрлерінің бастау нисап көлемі болса, дүние-мүліктің көлемі артқан сайын берілетін зекеттің мөлшері де арта түседі,- дейді исламтанушы.
Пайғамбарымыз (с.а.с.) «Зекет – Исламның көпірі» деу арқылы оны әлеуметтік өмірде теңдікті сақтаудың негізі екендігін айта отырып, Аллаға жасаған құлшылықтың басты мақсаты – адам өзі қалаған ісін емес, Аллаға ұнаған істі істеуі. Яғни, Алланың әмір еткен ісі көңіліне өте жақын, қимас дүниесі болуы мүмкін. Алайда адам сол ең жақсы көрген дүниесін Алла жолында бөлісуімен оның құлдығы шынайы болып шықпақ.
-Иә, ислам діні адамды осылай тәрбиелейді, адамдардың көңіліне имандылық ұялату арқылы өзара сыйластық, барымен бөлісу, бірі-біріне қол ұшын беру сияқты жақсы қасиеттерді сіңіреді және ұрпақтарға өнеге етеді. Осы орайда Алла тағала несібесін арттырып, байлыққа кенелген жандардың қазір жер-жерде мешіттер салып беріп жатқаны қандай ғанибет іс. Олар осымен іс бітті деп шектеліп қалмай, тұрмысы төмен жандарға қосымша көмек бергені одан сайын абзал болып, жамағаттың оларға деген құрметін арттырмақ, әлеуметтік шиеленісті бәсеңдетпек. Қай кезде де Алла жолындағы қайырымды да мейірімді ісіміз әркімнің өзіне екі дүниеде де Алланың бұйыртқан еселенген сауаптарымен қайтпақ. Садақа, зекет күнәларды жейді деген осы. Алла бәрін көріп, біліп тұр,- дейді исламтанушы.
Самет Оқанның пікірінше, зекет – кедейлерді өмірдің тепершілігінен арылтып, олардың бай адамдармен тең өмір сүрулеріне көмектеседі. Бұл қайырымдылық байлардың мейірімін тереңдетіп, кедейлердің де бай жандарға құрметін арттырады. Өзара бауырмалдық, сыйластықты қалыптастырады. Нәтижесінде, мұқтаж адамдардың өмір сүруіндегі дүниелік қиындықтары жеңілдегендіктен, қоғамдағы ұрлық-қарлық, кісі өлтіру, зорлық-зомбылық және өсімқорлық сияқты жаман қылықтардың жойылуына себеп болады.