Сұрақ: Садақаны тек қана қаржылай түрде жасау керек пе?
Жауап: Исламда садақа дегеніміз, қаражат жұмсау ғана емес. Басқа адамға жасалған жақсылықтың барлығы – садақа. Мысалы, адамдарды татуластыру, көлікке мінуге жәрдем беру, мұқтажға жәрдем беру және т.б.
Әбу Һурайраның (р.а.) риуаят етккен хадисінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген:
«Адамдардың (тәніндегі) әрбір буыны күн шығатын әрбір күні садақа беруі тиіс: екі (адам) арасында (жанжал туындағанда) сенің әділ болуың – садақа және кісіге мініс көлігіне жәрдемдесуің, оны көлігіне демеп мінгізіп жіберуі немесе жүгін әперуің – садақа. Сол сияқты әрбір жақсы сөзің – садақа, намазға бара жатқандағы әр қадамың үшін де (саған) садақа жазылады (адамдарға) зарар келтіретін нәрсені жолдан алып тастауың да – садақа» (әл-Бұхари, Мүслим).
Негізі исламның ең маңызды мақсаттарының бірі – мұсылмандардың жүректерін біріктіру, олардың арасында мейірім, кешірім, сабырлық, қайырымдылық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді насихаттау. Тіпті пайғамбар (с.ғ.с.):
«Бауырыңның жүзіне күлімсіреп қарауыңның өзі – садақа», – деп айтқан.
Сондықтан исламда ең оңай нәрсе – садақа жасау десек артық айтқан болмаймыз. Тек адамның өзі соны жасауға ықылас танытып, қалауы керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ
Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.
Адам үшін тіршіліктің нәрі су болғандықтан су беру де сауапты амал болғандықтан мұсылмандар құдық қазып, құбыр тартып беруді үрдіске айналдырған. Садақа туралы материал жақсы жазылыпты. Рахмет!