Халаб қаласы имамының оқиғасы. Ридуан мешітінің имамы тұңғыш баласы дүниеге келгенде ерекше қуанды. Бала күн санап өсіп келеді. Тұңғышы болғандықтан екеуі де айналып толғанады да жатады. Ерлі-зайыптылардың қуанышында шек жоқ. Жаратқанға мың да бір шүкір деп ризашылығын білдіреді. Жұбайы екеуі дастарқан басында баласының қылығын жарыса айтып шай ішетін.
Бірнеше айдан соң бала науқастанып қалды. Анасы мен баласы ауруханаға жатқызылды. Жігіт қаладағы тәжірибелі дәрігерге барып көмек сұрап, барлық мүмкіндіктерді қарастыруда. Мамандар да қолдарынан келген көмекті аямады. Алайда, нақты диагноз қою қиынға соқты. Дәрігер баланың әкесін шақырып алып: «Бүгін түнде баланың ыстығы түспесе айырылып қалуымыз мүмкін»,-деп кез келген жағдайға дайын болу керектігін ескертті.
Жігіт екі бас намаз оқып перзенті үшін дұға жасады. Шарасыздықтан имам жігіт қара түнде көшеге шығып жүріп келеді. Кенет, көңіліне «Науқастарыңды садақамен емдеңдер[1]»,-деген хадис сап ете қалды. Мұсылман барлық себеп-салдарын жасау керек. Бұл да бір себеп. Пайғамбар айтқан әдіс. Бірақ түн жарымда кімге садақа бермек? Кімнің есігін қағады?
Қараңғы көшеде мияулаған мысықты көзі шалды. Осы сәтте сахабалардың: «Уа, Алла елшісі! Жануарларға жасаған жақсылығымыз үшін де сауап бар ма?,-деген сауалына ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрбір жан затқа жасалған жақсылық үшін сауап бар[2]»,-дегені есіне түседі. Лезде үйіне барып мысыққа тамақ әкеліп берді. Әзірге жігіттің қолынан келгені осы. Әз-пайғамбардың қасиетті сөздеріне шама-шарқынша амал етіп: Уа, Алла! Шипаңды бере гөр,-деп тілек тіледі.
Босағадан жүзі жадырап келіншегі қарсы алды. Не болды? Бала қалай?,-деп еді. Төсегінің басында ұйықтап кетіппін. Баланы құшақтап алған екенмін деймін түсімде. Кенет аспаннан бүркіт тіке бізге қарай төніп келеді. Не істерімді білмей тұрғанымда бір мысық пайда болды. Мысық бар айбатымен бүркітпен жанталаса арпалысып кетті. Түсімнен шошып оянсам баламның ыстығы түсіп, ұйықтап жатыр екен,-деп қуанышымен бөлісті.
Иә, дертті де, дауаны да беруші – Шафи Алла. Дәрігерге қаралып, ем іздеу де – дұға. Садақа беріп, ізгі амал жасап, шипа сұрауда – дұға.
Руслан ҚАМБАР
[1] Әбу Яғлә, Табарани, Байһақи
[2] Ибн Хиббан