Ертеде бір дәруіш ізгі бір жаннан өзінің өте сабырсыз екендігін айтып, кеңес сұрапты. Сонда ізгі бір жан былай деп насихат айтқан екен:
Сабырсыз болған болсаң, онда иман қуатының әлсіздігінен деп білгейсің.
Сабырлы болудағы мақсат – Жаратушының жазған тағдырына разы болу деген сөз.
Алланың үкімін ешкімнің өзгертуге шамасы жетпейді.
«…Алла сабыр етушілерді жақсы көреді» (Әл-Имран сүресі, 146).
Дүниеде бір қиыншылыққа тап болсаң, Жаратушының жақсы көргендігі.
Әрдайым Алланың тыйым салған әрекетінен сақтансаң, жасалуы тиіс бұйрығына бағынсаң, оған амал етсең, онда жүрегіңде Раббыңа деген ризалық, оны жақсы көру деген сезім (махаббат) пайда болады.
Құдайға деген махаббатың болса өмірдің кез келген қиыншылығына сабыр деген қаруыңмен қарсы тұра аласың.
Иманды пенде әрдайым сабырлы болуы керек. Әуелде сабыр ету қиынның қиыны.
Пенденің иманы қуаттанған сайын қуана қуана сабыр сақтайтын болады.
Иманды жан әрбір күнін ғибадатпен, жақсы амалмен өткізгісі келеді. Бірақ оған да сабыр керек.
Осы айтылғандарды басшылыққа алып, амал жасаған болсаңыз онда сіз һидаят (тура жол) жолын тапқан болып, ізгілердің соңынан ерген боласыз.
Ал егер бас тартқан болсаңыз, онда дүниеде Жаратушыны тани алмайсыз, ақыретте таба (көре) алмайсыз.
* * *
Сабыр − адамзатты кемелдік шыңына жетелейтін ең асыл қасиеттердің бірі. Асылында бұл қасиет адам баласына әуелден Жаратушы тарапынан берілген жетістікке қол жеткізудің сырлы кілті.
Жалпы, сабырлық (صَبْرٌ – сабр) сөзінің тілдік мағынасы «шыдамдылық ету» дегенге келеді. Шариғаттағы мағынасы Алла Тағаланың разылығы үшін өмірдегі қиындықтарға төзу, шыдамдылық ету.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ