Сұрақ: «Сабыр», «сабырлық» дегенді қалай түсінеміз?
Жауап: Сабыр сөзі арабтың «шыдамдылық ету» деген мағынасында. Сабырлылық адамның төзімді болу қасиеті. Адам бұл өмірде неше түрлі қиын оқыс оқиғаларды, тосын жағдайларды бастан өткереді. Сабырлылыққа бой ұрған адам қандай да болмасын жағдайда өзін еркін сезінеді, қызбалыққа салынбайды. Қызбалыққа салынған адам ылғи опық жейді. Сабырлылықты өзінің бойына дарыта алған адам байсалды, ұстамды, ақылға қонымды, сезімге ерік бермей дұрыс іс-істейді. Сабырсыздық танытып, қателікке ұрынуы – қайғы үстіне қайғы жамайды. Адам өмірі үшін сабырды өз өмірінде арқау етуі тиіс.
«Нахл» сүресінің 96-аятында:«Алла сабыр етушілерді сүйеді» десе, «Әл-Имран» сүресінің 146-аятында: «Расында, сабыр еткендерге жасаған амалдарынан да жақсы сый береміз», деген. Сабырлы болу деген өз намысыңды қорғай алмайтын әлсіз болу деген сөз емес. Сабырлылық байсалдылыққа бастайтын қасиет.
Икрам АЙТАЕВ