Ислам тарихында Хатәм-Әсам есімді машайық болған. «Әсам» (أَصَمُّ) есімі арабшада саңырау деген мағынаны береді. Оның Саңырау Хатәм атау себебі де мына бір оқиға еді. Бірде Хатәм-Әсамға көңілі құлазыған зағип бір әйел дертіне дауа іздеп келіп, жан қайғысын айта бастайды екен. Айта бастағаны сол-ақ екен әлгі әйел абайсызда артынан дауыс шығара жел жіберіп қояды. Айнала да жым-жырт, тым-тырыс бола қалады. Әйел кірерге тесік таппай, құлағына дейін қызарып кетеді. Хатәм-Әсам да ештеңе болмағандай: «Қаттырақ сөйлемесеңіз, айтқандарыңызды ести алмадым. Саңырау едім, айқайлап сөйлеңіз», – дейді. Сол-ақ екен, әйел де бұлт артынан жарқырап шыққан күндей жадырап шыға келеді. Өзінің ыңғайсыз қылығын Хатәм-Әсамның сезбей қалғанына, саңырау болғанына қуанады.Хатәм да сол күннен бастап әлгі әйел қайтыс болғанға дейін саңырау боп жүреді. Әйел қайтыс болғаннан кейін: «Енді құлағым естиді. Бұдан кейін жай сөйлей берсеңдер болады», – деп, сол уақытқа дейін әйелді ыңғайсыз жағдайға қалдырмас үшін айыбын өзге тұрмақ өзінен де «жасырып» келген екен.
Хатәмнің әйелі өте салиқалы, тақуа жан болған деседі. Бір күні Хатәм соғысқа аттанып бара жатып, әйеліне:
– Мен төрт айлық бір сапарға кетіп барамын. Бұл төрт ай ішінде қанша нәпақа қалайсың? – деп сұрайды. Әйелі де:
– Тірі қалғанымша нәпақа тастап кетіңіз, – дейді. Хатәм да:
– Тірі жүруің мен өлімің менің емес, Алланың қолында, – дейді. Сол кезде әйелі де:
– Олай болса, менің ырзығым да сіздің емес, Алла Тағаланың қолында, – деп жауап береді. Әйелінің бұл сөзіне риза болған Хатәм дұға етіп, жолына кете барады. Көрші әйелдер де Хатәмнің әйеліне келіп:
– Не себепті нәпақа сұрамадың күйеуіңнен, – дейді.Сонда әйелі:
– Ол да мен секілді ырзық жеуші, беруші емес, – деп жауап береді.
Бір күні Хатәмнан намаз үйретуді сұрап біреу келеді, Хатәм да:
– Әуелі дәрет ал. Сыртыңды сумен, ішіңді тәубемен жу. Сосын мешітке бар да, Қағба екі қасыңның арасында, Әзірейіл артыңда, Жәннат оңыңда, Жәһәннам солыңда, сират көпірі де аяғыңның астында тұрғандай сезін де, көңіліңді түгелдей Хаққа беріп, Хақты біл. Асқақтықпен тәкбір тарт та, қорқынышпен отыр. Айбынды күйде Құран оқы, жалбарына рукуғқа бар, мойынсұна сәжде ет, дәрменсіздікпен әттахият оқы да Аллаға сәлем бер. Аллаһ қаласа қабыл етеді, – деді.
Сұлтан КЕРІМ