Ислам дінінде, мұсылман адам өзінің Аллаға және ақырет күніне иман етуіндегі мұрат-мақсаты не? Иманды адамның ең әуелі істеуге тиісті ісі қандай? деген сұрақтар төңірегінде ой жүгіртер болса, онда сақал қою мен шалбардың балағын қысқарту сияқты адамның сыртқы көрінісіне қатысты тармақ мәселелермен шектеліп қалмасы анық. Алайда, буквалистік түсініктің құрсауынан шыға алмаудың салдарынан сақал қоюды парыздық деңгейге дейін көтеру қоғамда дүрдәраздық тудырып отыр. Бұл әлі де қоғамда мұсылманның басты міндетін түсіне алмай жүргендердің барын көрсетеді. Негізі мұсылманның басты міндеті, адамдарды жақсылыққа бұйырып, жамандықтан тыю болуы керек. Қасиетті Құранда: «(Уа, Мұхаммедтің үмметі!) Сендер күллі адамзаттың игілігі үшін жіберілген ең қайырлы үммет болдыңдар. Өйткені, сендер адамдарды үнемі туралыққа шақырып, жамандықтан қайтарасыңдар…» (Әл-Имран сүресі, 110-аят) делінеді. Яғни, Аллаға және ақырет күніне иман етудің, қайырлы үммет болудың басты шарты – Алланың разылығына бөлену. Ал, Алланың разылығына бөлену – адамдарға Хақты тынытып, ақиқатты дұрыс жеткізумен болады.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.с) бүкіл өмірін адамдарға хақ дінді дұрыс жеткізуге, Хақ Тағаланы танытуға арнады. Ислам дінін өте көркем түрде насихаттады. Ешкімді ислам дінінен жалықтырмады. Әркімнің имани сусыннан сусындауы үшін өте ыхтияттық танытып, ыждаһаттылық жасады. Олардың таным-түсінігіне сай қарым-қатынас орнатып, дінді үрейлі етіп көрсетпеді. Яғни, сақал қою сынды діннің негізі болмаған мәселелерде адамдарды өз еркімен қалдырды. Сондай-ақ, сақал тулары түрлі мағынадағы риуаяттардың келуі де ерікті бір амалға жататындығының дәлелі. Мәселенің түсінікті болуы үшін сақал жайлы хадистерге аналитика жасаған кейбір ғалымдардың көзқарасына тоқтала кетелік.
Әл-Азһар университетінің бұрынғы Шайхы Жәдал-Хақ Әли Жәдал-Хақ сақал туралы мынандай үкім айтады: ««Фақиһ ғалымдар сақалды өсіруге келіскенімен, оның үкімі уәжіп бе, әлде мәндуб (ерікті іс) бе? деген мәселеде түрлі көзқараста болды. Сақал өсіруді уәжіп дейтіндер, «Ибн Омар (р.а) Алла елшісінің (с.а.с): «Мүшріктерге ұқсамаңдар. Сақалдарыңды жіберіп, мұрттарыңды басыңдар»[1] деген хадисіне сүйеніп, бұл хадисте сақал қою әмір етіліп тұр», – деді. Алайда, бұйырылған іспен қатар басқа бір себептің (мүшріктерге ұқсамаңдар) зікір етілуі, ол әмірді орындау уәжіп еместігін білдіреді. Ал енді бір бөлім ғалымдар, сақал қоюды ерікті амалға жатқызды. Сүннет ниетімен қойған адам сауап алса, сақал қоймаған адам күнәкар болмайды. Бұлар Айша (р.а) Алла елшісінің (с.а.с): «Он нәрсе жаратылыстан: мұртты қысқарту, сақал қою, миуак қолдану, истиншақ (кеңсірікті тазарту), тынақты алу, саусақтардың арасын салалап жуу, қолтықтың түгін алу, әурет жердің түгін алу, истинжә жасау (асты дәрет алу) және оныншысын ұмыттым. Мүмкін ол мадмада (ауызды шаю) болар»[2] деген хадиске сүйенді. Сондай-ақ, сақал қоюды «Суннәтуз зәуәид» мүстәхаб амал дегендер, аталмыш «Мүшріктерге ұқсамаңдар» деген хадистегі әмір сақал қоюдың уәжіп екендігін білдірмейді. Өйткені, «Яһуди, насаралар шаштарын бояйды. Сендер оларға ұқсамаңдар» деген хадис бола тұра, сәлаф (алғашқы үш ғасырдың) ғалымдар шаш бояудың уәжіп еместігіне бір ауыздан келіскен. Адамдардың бір-біріне еліктеп, ұқсаулары әдет-ғұрыпқа жатады. Оны орындамаудың ешқандай оқасы жоқ. Мәкруһ де, харам да емес. Әбу Ханифаның жолдасы Әбу Юсуфке мынандай сұрақ қойылады, «Пәленше, пәленше ғалымдар, «бауы бар аяқ киім кию монахтарға ұқсау. Сол себепті, ол мәкруһ, – деді», – делінеді. Сонда Әбу Юсуф: «Алла елшісі (с.а.с) бауы бар аяқ киім киетін. Расында, ол монахтардың аяқ киімі еді…» деген. Демек, мұндай мағынадағы әмірлер мәкруһді де, харам ды да білдірмейді»[3].
Соңғы ғасырларда өмір сүрген Мұхаммед Шәлтут, Мұхаммад Әбу Зәһра сынды фақиһ ғалымдар сақал қою туралы келген әмірдің тек қана ұсынысты білдіретіндігін, әрі бір халықтың киім киюі ғұрыпқа жататындығын айтып, сақал қою да шарғи бір міндет еместігін алға тартады. Сол себепті, сақал қоюды пайғамбар сүннеті деген күннің өзінде міндеттеуге келмейді.
Сақал қою дәстүрі қазақ халқының өмірінде де кең таралғанын әрі оған ерекше құрмет көрсетілгенін баса айтуымыз керек. Сақалды көбінесе орта жастан кейін немесе бір-біріне «Пайғамбар жасына келдің сақал қоймайсың ба?» деп сақалы жоқ қарияларды сақал қоюға итермелеп жататынын, екіншісі де, «Дұрыс айтасыз. Енді сақал қоймасам бала-шағадан ұят болар» деген сияқты мағыналы сөздерін естіп өстік. Сонымен қатар, сақал қойған адам әрбір сөзін аңдап сөйлеп, істеріне жіті мән беруге тырысатын. Мұнысы оның, ойбай пәленше, «Сақалды басымен сүйтіпті, бүйтіпті» деген қауөсек сөздерден қашуы болса керек. Яғни, сақал қойған адамның қоғамда өзіндік ықпалы болды, жастарға имани тәрбие бере алатын еді. Демек, сақал қою пайғамбар сүннеті болса, қазақ халқы оған терең түсінікпен қарап, ерекше құрмет көрсеткен. Сақал діндарлықтың бір символы ретінде қалыптасқан.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда бір бөлім жастардың дінді сыртқы формамен немесе сақал қойып, қысқа балақ киім киюмен өлшеп жататыны белгілі. Осындай жастардың кесірінен, дәстүрімізде ерекше орны бар, мағыналы бір сауапты істің қадірін қашырып, қоғамда ислам діні жайлы кері түсініктің қалыптасып отырғанын жоққа шығара алмаймыз. Сондай-ақ, қоғамымыздағы адамдардың басым көпшілігі сақалды адам көрсе, «Террорист» деп қорқынышпен қарайды. Әрине, мұндай түсініктің қалыптасуына халқымыздың 70 жыл бойы әтейстік көзқарас нәсихатталған бір елдің отарына айналуының да өзіндік әсері болса керек. Әйтседе, дінге жаңадан бет бұрған бір бөлім жастарымыз, қоғамда дін туралы түсініктің әлі де болса кемшіл екендігін, әуелі діннің рухын жеткізу керектігін ескермеуінің де ықпалы бар. Діннің негізі болып саналмайтын сақал қоюды әркімге бір тықпалау адамдардың діннен қашуына әкеліп соғуы мүмкін. Немесе мұндай дінде әсірешілдікті дінге жасалған қиянат деуге де болады. Сол себепті, әрбір дін жанашыры үшін әуелі дінді өзгелерге сүйдіре білу өте маңызды екендігін ұмытпау керек.
Абдусамад Оқан,
исламтанушы
[1] Ғұмдәтул қари, 5892-хадис.
[2] Мүслим, 261-хадис.
[3] Әш-Шәйх Жәдал-Хақ Әли Жәдал-Хақ Шәйхул-Әзһар , Бухус уә фәтәуа исламия фи қадая муғасара, Қаһира. – 1995. 5-том, 402-406 бет.