Бүгінде сөз ұсақталды. Сәйкесінше адам ұсақталып барады. Қалай қазығымызға қайта оралуға болады? Ол үшін бүгінде ерлер мен әйелдер арасында кең жайылған мына кеселдерден құтылғанымыз абзал:
Бос сөйлеу
Бос сөйлеу кезінде айтылған ойлардың еш мән мағынасы болмайды. Себебі, адамның аузынан шыққан сөздердің әу бастан еш мақсаты жоқ. Сәйкесінше, мұндай сөз, әңгіме текке уақыт шығындағаннан басқа еш нәтиже бермейді.
Мақтана сөйлеу
Өзіндегі үлкен кішілі жетістікерді, заттай, қатынастай артықшылықтарын айрықша көрсетуге тырысу, оларды сөзбен атау адамның рухани жұтаңдығын көрсетеді. Өзін көтеру мақсатында мақтана сөйлеген адам қалай айналасында іштарлық тудырғанын байқамай қалады.
Өсек айту
Өзгенің мінезін, әрекетін, тағдырын талқыға салу, оның сол сүрінген сәтін оны жаман етіп көрсету мақсатында пайдалану. Өсек айту кезінде айтылған әңгіменің кейіпкеріне теріс баға беріледі.
Ғайбаттау
Өсек айту кезінде болмаған нәрсені әдейі әсірелеп жеткізетін жағдайлар көп. Өзгені кінәлау мақсатында әсіреленген ой ақиқатынан алыстайды. Болмаған нәрсе болғанға айналады.
Өсек айту, өзгелерді ғайбаттау адамның өз қателіктерін, кемшіліктерін қабылдай алмай жүргендігін көрсетеді. Өзінен қашып тұлға ретінде қалыптаса алмай өзгенің өмірін терумен күн өткізген адамның өмірінде еш мән жоқ екен.
Сөз арасын былғау
Сөз арасына өзге ұлттардан енген боқтық сөздерді, лағынет, қарғысын қосып сөйлеу. Егер бұған дейін адамның шамасын сөзіне қарап тануға болады десек. Ал сөз арасын жаман сөзбен былғалайтын адамның ой өресі тіпті төмен, надан танылады. Ылғи сөз арасын былғап сөйлейтін адамның өмірде қазіргі деңгейінен көтеріліп, үлкен жетістіктерге жетуі екіталай.
Исламда көркем мінез иесі деген әдемі түсінік бар. Ізгі жандарды солай атайды. Көркем мінез иесінің сөзі де көркем келеді. Әдетте мұның көрінісі өзгелерге
білім беру,
үйрету,
пайда келтіру,
жігерлендіру,
қуаныш сыйлау,
татуластыру,
жақындастыру
мақсатында айтылатын ізгі ойлар.
Ізгі жанның аузынан шыққан әр сөз алауыздық тудырмау, ренжітіп алмау, дұрыс қабылданбай халықты адастырмасы үшін асқан сақтықпен, салмақтылықпен, жүйелілікпен жеткізілуі тиіс.
Парасатты ой мен жүйелі сөз иесі қай ортада да сыйлы, абыройлы келеді. Сөзі түзу адамның өмірінде де барлығы тиянақты, әдемі үйлесімділікпен ұйымдасады. Сол себепті, өзімізді өзгертіп өмірімізді өзгерткіміз келсе, айналамызға қадіріміз болсын десек, ең әуелі сөзімізді түзейік!