Лұқман Хәкім:
«Түскен жеріне тастан ауыр бататын, инеден де үшкір боп тесіп өтетін, сабырдан да ауыр тиетін һәм шоқтан да ыстық күйдіретін сөздің де сөзі бар» деген екен.
Кешегі ғалымдар:
«Әй, адам баласы! Сен тіліңе ие болған шақта басың амандықта. Ал, енді сөйлей бастасаң, сақ болғайсың. Өйткені, сөзің не сенің пайдаңа болмақ, әйтпесе басыңды жалмамақ»,-деген. Хадисте:
إِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ رِضْوَانِ الله، لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا، يَرْفَعُهُ الله بِهَا دَرَجَاتٍ، وَإِنَّ الْعَبْدَ لَيَتَكَلَّمُ بِالْكَلِمَةِ مِنْ سَخَطِ الله، لَا يُلْقِي لَهَا بَالًا، يَهْوِي بِهَا فِي جَهَنَّمَ
«Расында пенде, ешбір мән бермей, Алла Тағаланы риза ететін бір сөз айтады, сол сөзімен Алла оның дәрежесін көтереді. Сондай-ақ, пенде ешбір парқына бармай, Алла Тағаланы ашуландыратын бір сөз айтады. Сол сөзі адамды тозақ түбіне түсіреді»,-делінген. Әбу Һурайра (р.а.), Бұхари кітабынан.
Иә, сөздің киесі бар. Ауыздан шыққан сөз адамның болмысын айқындайды һәм тағдырына да елеулі әсері тиеді. Өйткені, тіл – жүректің тәржіманы. Жүректегі ой мен ниет тіл арқылы білінеді. Данышпандардың:
«Кіршіксіз таза болса, тіл мен жүректен жақсы нәрсе жоқ. Ал, ластанса тіл мен жүректен жаманы жоқ»,-дегені соны аңғартса керек.
Абыз сахабалар Амр бин Ас (р.а.) сөздің қасиеті жайлы:
«Сөз дәрі-дәрмек сияқты. Мөлшерін азайтсаң пайдалы, ал көбейтіп жіберсең өлтіреді»,-десе, хазірет Әли:
«Кісі ақылы кемелденіп толысса, сөзі азаяды»,-деп екінші қырын ашып айтқан екен.
Қажетсіз сөз кісінің адам баласы білмейтін кемшіліктерін әшкере етеді. Сонымен қатар, өз бетінше жүрген кісінің қытығына тиіп оған деген өшпенділігін қоздырады. Ғұламалар:
«Бір ауыз сөз айтсаң да, ақыл елегінен өткізіп барып айт. Өйткені, аузыңнан шықпаған сөзге сен иесің, ал шыққан соң сөз сенің иеңе айналады»,-деген екен.
Десе де, жөн сөз жүйесін табады демекші, табиғин Ахнаф бин Қайспен бірге отырған жора-жолдастары үнсіздік абзал ма, әлде сөйлеген дұрыс па? деп ой-пікір бөліседі. Біраз кісі не де болса үнсіздік дұрыс деседі. Сонда табиғин:
Үнсіздіктің тек иесіне пайдасы бар, ал сөз оны естіген кісінің де кәдесіне жарайды,-деген екен.
Міне, сондықтан кісінің жақсылығы үш қасиетінен: сахилығы, кісі жамандығына төзімді болуы және сөзі жақсы болуы. Содан болар, Құдай айтқан сөзінен гөрі естігені көбірек болсын деп, адамға бір тіл, ал көз бен құлақты қос-қос етіп берген.
Малик бин Әнас (р.а.) көп сөзді сынай отырып:
«Көп сөз тек әйел мен әлсіздің бойынан табылатын әдет»,-деген екен.
Табиғин Зуһри:
«Әңгіме-дүкен созылып кетсе, ол мәжілістен шайтанға да бір сыбаға бұйырып қалады», – деп сөз көбейсе, «басқа бәле – тілден» демекші, күнәға итермелейтін ғайбат, жамандау, сияқты сөздер айтылу ықтимал екенін ескерткен.
Сондықтан, шындықтың мән-жайын түсіндіру немесе жалғанға қарсы жауап беру, асыл сөз бен даналықты жұртқа жеткізу немесе Құдайдың берген нығметін тілге алудан басқа жағдайда тілге ие болған абзал деген нақыл бар.
Абдулла бин Масғуд (р.а.):
«Сенің тілің – ең бірінші өзіңді шабатын өткір қылыш, сөзің болса айналып өзіңе қайтатын үшкір жебе. Сөзіңде орташа бол. Адамдардың көңілінде дұшпандық оятудан сақ болғайсың»,-деген екен.
Руслан ҚАМБАР