Күндердің күнінде Уэлс Джонсон деген азамат болыпты. Ол ұзақ уақыт бойы ағаш шығаратын цехте жұмыс жасайды.
Уэлс өмірінің жартысын сол цехке арнап 40 жыл бойы ағаш шығарудың нағыз маманы атанады. Алайда, бір күні цехке жаңа бастық келіп күтпеген жерден Уэлсті еркінен тыс жұмысынан босатып жібереді. Бастығының мұндай әрекетіне таңданған ол шарасыздықтан құжаттарын алып үйіне қарай бет алады. Жол үстінде келе жатып Уэлс өзін керексіз сезініп, жұмысқа деген бойындағы барлық құштарлығы бір сәтте сейіледі. Әлемнің барлық жарығы ол үшін сөніп қалғандай әрі ризық есігі ашылмастай жабылғандай әсерде болады.
Кешкісін үйіне келіп мән жайды жұбайына айтып береді. Жұбайы таңданып, екеуі не істерге білмей дал болады. Содан Уэлс қалайда нәпақа табу үшін бір әрекет жасау керектігін ойлап жұбайына:
– Мен мына басымыздағы кішкене ғана үйді банкке кепілдікке қойып ақша алуым керек. Сөйтіп, жаңа жеке жұмыс бастауым керек, деді.
Жұбайы қарсылық танытпастан келісе кетті. Содан Уэлс 40 жыл жинаған тәжірибесінің арқасында екі шағын үй салып одан әжептәуір қаржы табады. Осылайша Уэлс жеке кәсіпте тыныссыз еңбектің арқасында үлкен құрылыс компаниясын ашып 5 жыл ішінде танымал миллионерге айналады.
Уэлс Джонсон бүгінде әлем бойынша танымал «Holiday Inn» желілік қонақ үйінің негізін қалаушы танымал тұлға. Қазіргі таңда оның қонақ үй желісі бүкіл әлемде бар. Ол өзінің өткен өмірі туралы былай деп баяндайды:
– Мені кезінде цехтен жұмыстан себепсіз босатқан басшымды көрсем оған шексіз ризалығымды айтар едім. Себебі, соның салдарынан мен бүгін осындай жетістікке жетіп отырмын. Сол уақытта Жаратушы Құдай мен үшін бір жұмыстың есігін жауып екінші қайырлы жұмыстың есігін ашқанын енді ұғынып отырмын.
Жалғас АСХАТҰЛЫ – дінтанушы