Сұрақ: Сүннетті мойындамайтындар туралы не айтасыз?
Жауап: Сүннет пен өзгеде ақылға негізделген діни үкімдерді жоққа шығару үрдісі алғаш рет Имам Шафиғидің өмір сүрген кезеңінде көрініс берді. Шариғатты діни үкімдердің дереккөзі ретінде бағаламау құбылысы хақ сенім үшін аса қауіпті еді. Имам Шафиғи бұл жөнсіздікті көріп, оған бей-жай қарай алмады. Барлық үкімдерді тек Құраннан іздеп табамыз деген сыңарезу топқа шама-шарқынша қарсы күресіп бақты.
Әсілі, Имам Шафиғидің фиқһтық көзқарастары «әл-Умм» атты еңбегінде көрініс берген. Оның фиқһтық мәселелерде ең бірінші сүйенгені Құран мен сүннет еді. Бұл екі қайнар көзді Имам Шафиғи шариғаттың бірден-бір түп негізі деп біледі. Себебі, ақылға негізделген өзге қайнар көздер осы Құран мен сүннеттің негізінде ғана үкім шығара алатын еді.
Имам Шафиғидің өзінен бұрынғы өмір сүрген фақиһтерден ерекшелігі ол фиқһтық мәселелерде Құран мен сүннетті бір қайнар көз деп бағалайтын. Ал, өзге фуқаһалар фиқһтық мәселелерде бірінші Құран, одан кейін барып сүннетті негізге алатын. Имам Шафиғи болса, фиқһтық мәселелерде Құран мен сүннетті бір қайнар көз деп таныды. Оның пікірінше сүннет Құран түсіндірмесі, яғни, Құран сырларын паш етуші илаһи құндылық болғандықтан, фиқһтық мәселелерге үкім берудің дәлелі ретінде Құран мен Сүннетті екі бөліп қарастыруға болмайтын еді.
Әсілі, Имам Шафиғи Құран Алла Тағаланың каламы (сөзі) болғандықтан, сүннетті барлық мәселелерде Құранмен бір деген емес. Себебі, сүннеттің тауатир емес, әлсіз жеткізілгендері де бар. Сондықтан, Имам Шафиғи сүннетті Құранмен бірдей деп таныды деуге болмайды. Себебі, Имам Шафиғи сенімдік мәселелерде әлбетте Құран бірінші тұрады, сондай-ақ, егер, Құранға хадис қайшы келіп жатса, сөзсіз Құран жоғары бағаланады деген болатын.
Жалпы, Имам Шафиғи ой-өрісі тар кейбір мұсылмандардың сүннетке көзқарастарын «Жуммаул-илим» атты шығармасында былайша жіктеген болатын:
Біріншіден, сүннетті мүлде жоққа шығарып, діни мәселеде тек қана Құранға сүйенгендер.
Екіншіден, тек Құран тарапынан мақұлданатын хадистерді ғана мойындап, басқа хадистерді теріске шығарғандар.
Үшіншіден, сүннеттің тек қана тауатирін ғана қабылдап, тауатир емес сүннетті теріске шығаратындар.
Имам Шафиғи бірінші және екінші категориядағыларды сүннеттің дұшпандары, яғни, Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамзат баласына қалдырған өнегесін мүлде жоққа шығарғысы келгендер деп бағалаған. Әсіресе, бірінші категориядағылардың аса қауіпті екенін, олардың ізімен жүрсек, намаз, зекет, қажылық және өзгеде парыз болған амалдардың түпкі сырын ұға алмайтынымызды айтады. Яғни, «бұл жауһар құндылықтарды тек қана сөз күйінде ғана түсіне алатын едік» дейді. «Мәселен, сүннет болмай, әрбір намазды екі рекаттан тұрады десе, оларға амалсыздан иланар едік. Мұндай түсініктегілер зекетті, қажылықты да жоққа шығаруы әбден мүмкін. Осы секілді екінші категориядағылар да сүннетті тек Құран тұрғысынан танығысы келсе, қателесетін еді» дейді.
Үшінші категориядағы тек мутауатир хадистерді ғана қабылдайтындарға қарсы Имам Шафиғи мынадай дәлелдер келтіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейде мутауатир санына жетпейтін сандағы мұсылмандарды өзге өлкелерге исламды насихаттауға аттандыратын. Аса ауыр қылмыс жасағандарға да екі адам куә болмаса, онда оған ауыр жаза қолданбайтын. Сондай-ақ, өзінің хадистерін тек мутауатир жолмен емес, аһад жолымен де насихатталуы туралы былай деген еді: «Алла менің сөзімді тыңдап жаттаған, кейін оны тыңдағаны секілді қаз-қалпында сақтап, басқаларға жеткізген құлдың жүзін жарқын етсін».
VIII ғасырда Имам Шафиғи сүннетті терістеу ағысына қарсы тұрып, оның тегеурінді түрде алдын алғаннан кейін бірнеше ғасыр жуық уақыт бұл топтың тарих сахнасында аты өшкен еді. Бірақ, XVI ғасырда Мысырда сүннетті терістеу идеясы қайта оянды. Осы кезде Имам Суюти олардың жаңсақ көзқарастары мен теріс ақидасына қарсы тұрып, мұсылмандарды сақтандыру шарасын қолға алды. Имам Суюти: «Алла кешірсін сендерді. Қазір дін негіздеріне сай шарттар бойынша риуаят етілген Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисі – сөзі болсын, ісі болсын дәлел бола алмайды деп жоққа шығаратын топ пайда болды. Олар күпірлікке ұрынып, Хақ діннің шеңберінен шықты. Олар қиямет күні яһуди және христиандармен немесе кәпір топтар бірге тіріледі», – деген болатын.
Ибн Халликан де өз еңбегінде олар туралы: «Бидғатшы топтардың бірі – сүннеттен нәпсілеріне жақпаған нәрсені жоққа шығарды. Олар бұл мәселе ақылға қонбайды, дәлелге сәйкес емес, қабылдамау керек деген әр түрлі пікірлерді алға тартады. Келесі біреулері қабір азабын жоққа шығарады, енді бірі сиратты, келісі бірі қиямет күні Алланы көруді жоққа шығарады» деген еді.
Түйін: Сүннетті мойындамау құбылысы хижра жыл санауы бойынша екінші ғасырда пайда болып, ислам ғұламалары тарапынан қатаң сынға ұшырап, бір өліп, бір тіріліп бүгінге күнге дейін жетті. Әсіресе, ХІХ ғасырда ориентализм ғылымының күшеюімен батыс отаршылдары тарапынан қайта дамытылды. Батыс алапауыттары үшін сүннетті терістеу мұсылман үмбетін ыдырату үшін керек болды. Бүгінгі таңда Египет, БАӘ, Үндістан, Пәкістан, Франция, Түркия, Иран, Ресей, Кипр және т.б. елдерде сүннетті жоққа шығарушы топтар әлі де бар. Алла олардың бүлігінен Алаш жұртын аман сақтағай!
Мұхан Исахан