Уақытында оқылмаған бес уақыт намаздың парыздары мен уәжіп болып есептелетін үтір намазының қазасы өтеледі.
Оқылмаған сүннеттердің уақыты өтіп кеткеннен кейін қазасы өтелемейді. Алайда уақытында оқылмаған таң намазы сол күні зәуалден бұрын қазасы өтілетін болса сүннетпен берге оқылады. (Фәтәауи Хиндие, 121).
Себебі ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оқи алмай қалған бір таң намазының қазасын бесін намазынан бұрын өтегенде сүннетімен бірге оқыған болатын. (Әбу Дауыт, Салат, 11).
Сонымен бірге бесін намазының уақытында мешіттегі жамағатқа үлгеру үшін сүннетті оқымастан парызға бастап кеткен адам да парыздан соң оқи алмаған алғашқы сүннетінің қазасын оқиды. Мұны соңғы сүннеттің алдында немесе кейін оқыса да болады.
Қаза намазына былай ниет етіледі!
Ең негізгісі қай уақытының қазасы өтілетіндігін нақты білуі тиіс. Өткен намаздардың қазасын өтер кезде, “Уақытында оқи алмаған алғашқы таң намазын/ алғашқы бесін намазын/алғашқы екінті намазын/алғашқы ақшам намазын/ алғашқы құптан намазын оқуға” деп немесе “оқи алмаған соңғы таң/ соңғы бесін/ соңғы екінті/ соңғы ақшам/ соңғы құптан намазын оқуға” деп ниет етуге болады.