Мұхаммед Фатих дәм-тұзы таусылар шақта баласына өсиет айтты. Сұлтан: «Міне, мен өліп барам. Алайда, еш өкінбеймін. Өйткені, сендей ізбасар қалдырдым. Әділ бол, ізгі де, мейірімді бол. Халқыңа ешбір бөліп-жармай қорған бол. Ислам дінін жаю үшін тер төк. Ақиқатында, бұл – жер бетіндегі патшалардың міндеті.
Дін амалына көңіл бөлуді барлық нәрседен ілгері қой. Оны тұрақты орындауда әлсіздік етпе. Дін амалына немқұрайлы, үлкен күнәлардан аулақ емес, азғындыққа салынған және бұзатын бидғаттан қашпайтын тұлғаларды қызметке қойма. Сені осы істерге итермелейтін адамдардан аулақ бол.
Өз иелігіңді кеңейт, байтул-малдың қорын талан-тараж етуден сақта. Өз халқыңның бірінің мал-дүниесіне, Ислам ақысынан (зекеттен) басқа жағдайда, қол созудан сақтан. Кедей-кепшікке қамқор бол, лайықты адамдарға сый-сияпатыңды аяма.
Ғалымдар мемлекеттің күш-қуаты болғандықтан оларды қадірлеп, қолдап отыр. Басқа елде бір ғалым жайлы естісең, өзіңнің құзырыңа алдырып, сый-сияпатыңды жаса.
Сақ бол, мал-дүние мен әскер көзіңді тұмшалап, алданудан сақ бол! Өз есігіңнен шариғат иелерін алыстатудан сақ бол. Шариғат үкіміне қайшы келетін қайсы іске болса да бейім болудан сақ бол! Өйткені, дін – біздің мақсатымыз. Тура жол – біздің бағытымыз. Сонымен біз жеңіске жетудеміз.
Менің мына сөздерімді жадыңда сақта: «Бұл өлкеге кішкентай бір құмырсқа секілді келдім. Сосын Алла Тағала маған мына көптеген нығметтерді берді. Менің жолымды ұста. Бағытыммен жүр. Діннің ұлық болуы, халқының қадірлі болуы үшін еңбек ет. Мемлекет қаржысын ойын-сауыққа жұмсама. Бұл, құрдымға кетудің ең басты себептердің бірі»,-деген екен.
Руслан ҚАМБАРОВ,
исламтанушы