Сұрақ: Балиғат жасына толмай, сәби кезінде қайтыс болған бала қияметте ата-анасына шапағатшы болады деп жатады. Шапағат етуді қалай түсінеміз?
Жауап: Алла Тағала өзінің жәннатқа кіргенін қалаған адамдарын өзіне сүйікті болған адамдар себепті кіргізуін шапағат деп атаймыз. Әһли-сүннә сенімі бойыша мұндай артықшылыққа Алланың разылығына қол жеткізген адамдар ғана ие бола алады. Яғни, Аллаға сенбеген, оның ризашылығына лайық болмаған адамдар шапағатқа да лайық болмайды.
Сонымен бірге Алла Тағала пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) бастап барша пайғамбарларға, Алланың әулие құлдарына тіпті сәбилерге де шапағат ету мүмкіндігін берген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):
«Балиғат шағына жетпей үш баласы өлген мұсылманды Алла, балаларға деген мейірімі себепті жәннатқа кіргізеді» (Бұхари, Жанайз, 6,91; Мүслим, Бирр, 153) дейді.
Екінші бір риуаятта:
«Балиғат жасына толмай қайтыс болған балалар жәннатта балық сияқты қозғалыста болады. Олардың бірі ата-анасын күтіп алады да, киімінен ұстап, Алла оларды өзімен бірге жәннатқа кіргізгенге дейін жібермейді» (Жамус-сағир, ІІІ/2364) делінеді.
Демек, бірнеше жолдармен жеткен хадистерге сүйенсек, шапағат мәселесінде балиғат жасына толмай қайтқан балалардың ата-анасына сүйіншілер бар. Басты себебі, баласынан айырылудың қайғысын арқалап, беруші де, алушы да бір жаратушы Алла екендігіне мойынсұнудың жемісі ретінде оларды қияметте ата-анасына шапағатшы ететіндігі. Сондықтан да, халқымызда балиғат жасына жетпеген балаға көңіл айтқан кезде «Шапағатшы болсын!» деген сөзді қолданады.
Кеңшілік ТЫШХАН,
дінтанушы