Осы дәстүрді біз қазақ халқының жыраулары мен шешендерінен бастап, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп сияқты ғалымдардың еңбектерін де көреміз. Сонымен қатар, кеңестік кезеңде ғалымдарымыздың шығармалары діни түсініктен ажыратылып, жалаң әдеби-шығармашылық тұрғыдан түсіндірілді. Қазір де өткенімізбен толық сабақтастық орната алдық деп айта алмаймыз. Олай болатын бірнеше себептер бар.
Біріншіден, қазіргі қазақ қоғамы әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде жаһандану үрдісін басынан кешіріп отыр. Бұл үрдістің оң әсерімен қатар, жағымсыз қырлары да тәуелсіздік жолында енді ғана өзін тіктей бастаған Отанымыз бен ондағы азаматтарымызға барынша ықпал етуде. Ол, әсіресе, уақыт тапшылығын тудырды. Қазіргі азаматтардың, әсіресе, жастардың басым бөлігінің уақыты әлеуметтік желілер мен интернет парақшаларында өтетіндігі шындық. Олар болса, азаматтардың санасын әлемге ашылған ортақ көзқарастар мен біз үшін таңсық саналатын жасанды құндылықтар алып отыр.
Екіншіден, басымыздан кешірген тарихи кезеңдер мен өзгерістер сабақтастықтың әлсіреуіне ықпал еткен. Бұл – қазіргі азаматтардың сөздік қоры мен ғалымдарымыздың шығармаларындағы тұшымды ойлар мен пайымдарды түсіне алатындай дәреженің қалмауы. Сол себепті, шығыстың данышпанының дүниеге көзқарастық мәні бар бір еңбегін оқудың орнына, ойға да, тілге де, қабылдауға да салмақ салмайтын жеңіл ақпараттармен толығу жеңіл болып тұр.
Үшіншіден, рухани құндылықтар сабақтастығын орнату үшін елімізде мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан қадамдардың қысқа мерзімді болып, білім беру мекемелері мен жастар арасында толық түрде жеткізілмеуі. Оның үстіне, қазіргі білім бағдарламаларының күрделенгендігі соншалық, оқушылар мен білім алушылардың рухани сабақтастықты қалыптастыратын ғибратты әдеибеттермен шұғылдануына мүлде мүмкіншілік жасалмаған әрі бұл құпталмайды.
Төртіншіден, жастардың рухани бағдарын қалыптастырып, өзінің төл көзқарастарын қалыптастыра алатындай немесе түбегейлі тәлім бере алатын еңбектердің сараланбауы, жарыққа шықпауы. Жаңа мен ескінің арасындағы күресте жеңіліске ұшырауы жатыр.
Бесіншіден, еліміздегі діни мәселелер мен көзқарастарды қалыптастыруда ресми мекемелердің мүддесінің болмауы немесе зайырлылық қағидаттары ретінде діни бейтараптылықты жақтауы, осыған байланысты діни көзқарастар мен рухани тәрбиеге бай мұраларымыздың отандық тәрбие үрдісінде ойып тұрып орын ала алмауы мәселенің жақын арада шешілуіне кедергі келтіруде. Бір жағынан, еліміздің көп ұлттық және көп конфессиялық ұстанымдары мемлекетті құрушы ұлт ретінде де, қазақ халқының да рухани-діни көзқарастарын еркін дәріптеуіне мүмкіншілік бермеуде. Бірақ, бір халық рухани мұрасы мен тарихи жиған-тергендерінен жырақ өзіндік ұстаным қалыптастыра алмайды. Ондай жерде бөгденің құндылығы мен көзқарастары, тіпті, ғалымдарының шығармалары дәріптеле бастайды. Қазіргі қазақ қоғамының діни бағыттағы азаматтарының арасында шетелдік ғалымдардың шығармаларына деген сенімділік, тіпті, негізгі дәйекке айналуы осы олқылықтардың көрінісі деуге болады. Сонымен қатар, қазіргі кезде отандық ғалымдардың ұлағатты ойлары айтылған кезде, олардың діни ұстанымдарына, исламдық дәстүрге онша көңіл бөліне бермейді. Сондықтан, бұл ғалымдарымыздың шығармашылығын қарастырғанда, Құран аяттары мен пайғамбар хадистеріне үндестігіне назар аударуымыз қажет. Бұл ғалымдарымыздың мәртебесін төмендетпейді. Керісінше, діни мәтіндерді терең түсініп, халықтың талабы мен қажеттілігіне сай, тұщымды тілмен жеткізе білгендігінің өзі олардың ерекше тұлға, заманының тілін білген ғалым болғандығын айғақтайды. Бұл – олардың туындыларының негізгі өзегінде діни көзқарас, имандылық, тәрбие, адамгершілік мәселелері жатыр деген сөз.
Халқының қамын ойлап, діні мен сеніміне адалдығын паш еткен, соның нәтижесінде заманының теріс саясатынан соққы жесе де мойымаған, болашақтан үмітін үзбеген, дінді дәріптеу, түсіндіруде, діни мәтіндерге талдау жасауда өзіндік із қалдырған, бірегей тұлға болған ғалымдарымыз бен даналарымыз қаншама. Халқымыздың діни-рухани мұралары, болашақта кең ауқымда зерттеліп, өзіне лайықты орнын аларына күмән жоқ.
Тышхан Кеңшілік,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
Дінтану кафедрасының доценті,
философия ғылымының кандидаты, дінтанушы